Душанбе қаласында тәжік-ауған шекарасындағы әскери борышын орындау кезінде 1995 жылғы 7 сәуірде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Тәжікстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабының басшылығы, Тәжікстан ардагер-интернационалистер одағының, елшіліктердің әскери атташат өкілдері, Шекара қызметінің ардагерлері, жергілікті бұқаралық ақпарат өкілдері, Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.
Өз сөзінде Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов өз өмірлерін қия отырып, қазақстандық жауынгерлер әскери борыштарын батырлықпен орындап, әскери анттарына адал болып қалғандарын атап өтті. Елші құрбандарды есте сақтап отырған тәжік халқына алғысын білдіріп, Қазақстан өз батырларын әрдайым жоғары дәріптейді деп мәлімдеді.
Тәжік тарапынан сөйлеушілер қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер өздері қорғаған тәжік халқының жадында мәңгі сақталатынын атап көрсетті, сондай-ақ Тәжікстандағы қиын жылдары қолдау білдіргені үшін қазақ халқына және оның басшылығына зор ризашылықтарын жеткізді.