Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында «Мен сыйға тартқан домбыра» атты акция аясында мектептерге домбыра сыйлау акциясы жүріп жатыр. Бір апталық акцияның алғашқы үш күнінде 27 мектепке ата-аналар, демеушілер 143 домбыра сыйға тартып үлгерген.
– Бұдан бөлек, кейбір ата-аналар өз балаларына арнап үйге де домбыра сатып алып жатыр екен. Мұның бәрі мектеп оқушыларының домбыраға құмарлығын оятып, ұлттық өнерді меңгеруіне ықпал етері сөзсіз, – дейді Ақжайық аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Ілиясқызы.
Жалпы, батысқазақстандықтар Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Мәмен, Есжан, Қали, Оқап секілді күйші-домбырашылардың өз жерлесі екенін мақтан тұтады. Сондықтан да болар, өңірде күй өнерін, домбыра аспабын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау қолға алынған. Мәселен, 2018 жылдың басынан бері Ақжайық ауданындағы 46 мектепте үзіліс кезінде күй ойнатылып жүр.
– Үзіліс кезінде ойнату үшін 177 күйдің тізімін бердік. Мектептерде күй ойнату үшін қажетті радиоторабы желісі бар. Өзім де тыңдап жүрмін, домбыраның қоңыр даусы құлаққа өте жағымды, керемет әсер етеді екен, – дейді Бақыт Ілиясқызы.
12 сәуірде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргеніне тура бір жыл толады. Дәл осы күні Ақжайық ауданы орталығында «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы қорытындыланып, сыйлыққа жиналған домбыра мектеп ұжымдарына тапсырылатын болады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы