• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Сәуір, 2018

Маңғыстау облысында Сот корпусы тоқсандық жұмысын қорытындылады

367 рет
көрсетілді

Маңғыстау облыстық сотында өткен кеңейтілген кеңес жұмысында 2018 жылғы 3 айда атқарылған соттардың жұмысы талқыланды. Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысы Нұрсерік Шәріпов, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов бастаған судьялар корпусы мен сот қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында өңірдегі сот төрелігін сапалы атқару, заңдылықты сақтау, соттардың жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша алқа төрағалары, арыз-шағымдар бойынша және сот әдебі жөніндегі комиссиялардың төрағалары, БАҚ-пен байланыс жұмысын үйлестіруші судья мен соттар әкімшісінің басшысы, сондай-ақ аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары баяндама жасады.

Кеңесті ашқан Ж.Аланов Елбасы ұсынған бағдарламалардан қолдау тапқан сот жүйесіндегі реформалардың маңыздылығын айтып, істерді қарау сапасын одан әрі арттыру, жергілікті соттардың жұмысындағы кемшіліктердің алдын алып, себептеріне талдау жасау, заңдылықтардағы жаңашылдықтарды барынша қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды.

Н.Шәріпов сот төрелігін жүзеге асырудағы басым бағыттардан құралған стратегиялар портфелін кеңінен таныстырды. Ағымдағы жылдың  наурызынан бастап республика соттары азаматтық істерді оңайлатылған тәртіпте қарау электрондық форматқа көшірілгенін, енді судьялар сот залдарына бармай-ақ, істі қарап шешім шығаратындығын, жаңа стратегиялар бойынша судья көмекшісінің жұмыс механизмі дайындалып жатқанын айтып, кадр тапшылығы мәселесін шешудің оңтайлы тәсілдерімен бөлісті. Бұл күн сайын өскен азаматтық істердің жүктемесін азайтып, әуре-сарсаңның, қағазбастылықтың алдын алып, халық сенімін қалыптастырудың бірден бір жолы екенін түсіндірді.

Одан әрі Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев есепті мерзімде қаралған қылмыстық істердің статистикасы туралы баяндады. Айтуынша, 2018 жылдың I тоқсанында жергілікті соттарда барлығы 461 тұлғаға қатысты 403 қылмыстық іс қаралған, оның ішінде – 354 тұлғаға қатысты айыптау үкімі болса, 2 ақтау үкімі шығарылған. Жалпы облыс бойынша қылмыстық істер саны өткен жылға қарағанда 45 іске кемігенімен, Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы аудандық соттарында былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстық істер көбейген. Алқа төрағасы аудандарда қылмыстық істердің арту себебіне талдау жасау қажеттігіне, медиацияның тиімділігін түсіндіру мен қолдану жұмыстарына басымдық беру керектігіне айрықша тоқталды.

Ал, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев есепті мерзімде азаматтық істердің екі есеге, оның ішінде Ақтау қаласы №2 сотында үш есеге күрт артып, соттардың жүктемесі көбейгенін атап айтты. Соңғы уақытта банктік келісім шарттарға байланысты істер саны 60 пайызға артуына байланысты, бұл мәселені оңтайлы шешу туралы ұсыныстар келтірді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы 3 айда Маңғыстау облысының аудандық және оған теңестірілген соттарына барлығы 8266 (2016 ж. – 4234) істер мен арыздар түскен. Өткен жылмен салыстырғанда аяқталған азаматтық істер саны артқан. 2017 жылы облыс бойынша соттарда барлығы 4452 әкімшілік іс қаралған. Облыс бойынша 41 қылмыстық іс, 227 азаматтық іс медиация рәсімімен аяқталған.Сондай-ақ, кеңес соңында сот жүйесіндегі электронды сервистердің қолданысы, техникалық жабдықтау мәселелері туралы мәліметтер айтылды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы