Соңғы уақытта еліміздің ақыл-ой көшінің шекара асып жатқаны туралы жиі айтылып жүргені жасырын емес. Әсіресе, Ресей Федерациясымен шекаралас өңірлерде мектеп бітірген бозбалалар мен бойжеткендердің көрші елдің субъектілеріндегі білім нысандарына бет бұруы ойландырмай қоймайды.
Өйткені әлемдегі ең ұзын шекаралардың бірі Қазақстан мен Ресей арасында созылып жатыр. Тиісінше, таңдауы көрші елдің жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлер де аз болмайды. Сондай-ақ жалақысы жоғары жұмыс іздеген азаматтардың да жақын және алыс шетелдерге көш түзеу көрінісі байқалады. Адам капиталы – кез келген елдің басты күш-қуаты. Экономикалық ресурстар адам арқылы қалыптасады. Сондықтан бұл тараптағы сараптаулар мен талдаулардың стратегиялық маңызы зор.
Жуырда Білім және ғылым министрлігінің сарапшысы Дархан Жұмашев Қазақстан жастарының эмиграциясы туралы жүргізген зерттеу жұмыстарының қортындысын жариялады. «Қоғамда елден кетушілердің басым бөлігін студент жастар құрайды деген пікір бар. Аталған көзқарас шындыққа сәйкес келетіндігін тексеру мақсатында соңғы үш жылдағы иммиграциялық ағынға талдау жүргіздік», дейді ол. Мәселен, Ресейде 2012-2017 жылдар аралығында жыл сайын орта есеппен 22 мың адам эмиграцияға кеткен. Зерттеу мәліметіне сәйкес, Қазақстанда да келіп жатқандардан гөрі кетіп жатқандардың үлесі жоғары екен.
«Біз Ұлттық экономика министрлігіне миграция деректерін жас бойынша топтастыру туралы өтінім жібердік. Алынған мәліметтер негізінде адамдардың миграциясын келесі жас ерекшеліктері бойынша жіктедік. Яғни, колледжге немесе жоғары оқу орнына түсу жасы (16-20 жас), магистратура және PhD бағдарламасы бойынша оқу жасы (25-29 жас), 1-5 жастағылар мен 30-34 жастағылар (балалы жас отбасылар)», дейді Д.Жұмашев.
Осы жас ерекшеліктері бойынша алынған мәліметтерді салыстыру нәтижесі көрсеткендей, 16-20 жас аралығындағы студенттердің елден шығуы 1-5 жастағы балаларға қарағанда 1,5, ал 30-34 жастағыларға қарағанда 2,5 есе аз екен. Яғни, Қазақстан азаматтарының басым бөлігінің соңғы үш жылдағы елден шығуының негізі оқуға байланысты емес екені анықталды. Елден кетушілердің көпшілігін балалы жас отбасылар құрайды.
Сарапшының айтуынша, сыртқы миграция ағынына жасалған талдау төмендегі трендтерді анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Елден шығып кетушілердің көпшілігі шетелге оқу үшін емес, отбасымен, балаларымен бірге шетелдерде тұрақты түрде тұруды көздейді. Олардың 90 пайызға жуығы өздерінің өмірін тарихи Отандарымен байланыстырады.
Сондай-ақ қазақстандықтар эмиграциясының маңызды себептерінің бірі белсенді жылдарында, яғни шамамен 30-34 жастағы кездерінде жұмыс табу мақсатын көздейді. 2012 жылдан 2017 жылға дейін сыртқы миграцияның теріс сальдосы 5 жылға орта есеппен 10 мың адамнан келді. Әрине, бұл көрсеткіш халықтың азаюына табиғи өсімнің арқасында жол бермейді. Осы мерзім аралығында орта есеппен жыл сайынғы өсім 259 мың адамды құрады. Қарапайым тілмен айтқанда, елден кеткен бір адамның орнын 26 жаңа қазақстандық басады.
Д.Жұмашевтің пікірінше, бұл мәліметтер еліміздегі мектептегі және жоғары оқу орындарындағы білімнің сапасы жақсы екенін көрсетеді. «Оқыған жастар елді тастамайды. Эмиграция көбінесе жасы келген адамдарға тән. Біздің түлектер білім бойынша да, тіл бойынша да елімізде аса қиындыққа кездесе қоймайды. Олар жоғары білімді, зайырлы, құқықтық қоғам ұстанымдарына негізделген кез келген ортаға тез бейімделіп кетеді. Қазақстандағы байланыстары мен бизнестерін де сақтай алады. Бұл көптеген елдерге тән жағдай. Әлбетте, мамандардың бір бөлігінің білім мен мамандық алған соң елді тастап шығуы өте өкінішті. Өйткені мемлекет жастардың білімі мен білігіне қомақты инвестиция салады. Десе де, табиғи өсімді де есепке алған абзал. Сондықтан мамандар кетіп, басқалар келіп жатыр деген пікір орынсыз. Негізінде, оқу орнын тәмамдаған 26 дәрігердің біреуі ғана шетелге кетеді. Немесе аталған кафедраға 26 келешек дәрігер түседі», дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев та адам капиталының сыртқа кетіп жатқанын жоққа шығармайды. Соның ішінде теріскейдегі тұрғындардың бұл «көшке» бейім екенін, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұндай маман ағынының болмай тұрмайтынын, негізгі түйін жұмыс іздеуде екенін тарқатады. Қазір осы тарапта аталған министрлік электронды еңбек биржасы жобасын жасап жатқаны белгілі. Министрлік жұмыс іздеу жолындағы ағынды осы құрал арқылы ішкі еңбек нарығына ауыстыру жолымен реттемек. Бұл елден шығуды түбегейлі тоқтата ма? Оны уақыт көрсетеді.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»