• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Сәуір, 2018

Испаниялықтардың Астанаға деген ықыласы ерекше

405 рет
көрсетілді

Мадрид қаласында (Испания) «Азия үйі» консорциумы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар «Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» атты фотокөрме өтті. 

Меморандумға Қазақстан мен Испания халықтары арасындағы дәс­түрлі достықты, өзара түсіністік пен сенімділікті одан әрі нығайту, достық қатынас орнату және екі ұйымның арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту, жастар алмасуын ілгерілету, әлеуметтік, мәдени, ғылыми, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту, жан-жақты стратегиялық әріптестікті ұлғайту мақсатында қол қойылды.

Меморандумға қол қоюға «Азия үйі» бас директоры Дэвид Наварро Гарсия және Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов қатысты.

Екіжақты ынтымақтастық бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу, Қазақстан мен Испания жастарының достық сапарлары, білім беру, ғылым, мәдениет саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру және университеттер, зерттеу орталықтары және басқа да мекемелермен тікелей ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады.

«Азия үйі» – Азия мен Тынық мұхиты елдерінде мамандандырылған мәдени және білім беру мекемесі. Барселонада орналасқан бұл мәдени орталық көрмелер, конференциялар мен семинарлар ұйымдастырады. Орталық зерттеу-талдау жұмыс­тарымен айналысуға мүмкіндік бе­реді. «Азия үйі» 2001 жылы Ис­па­­ния үкіметінің Сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігі, Ка­талония үкіметі, Барселона мен Мадрид қалалық кеңестерімен бірлесе құрылды.

Бұдан басқа, Елбасы Қоры тарапынан Мадридте «Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» атты фотокөрме ұсы­нылды.

Фотокөрме Испания королі Фи­липп VI 2014 жылы ашқан Карлос де Амберес Қорының (Fundación Carlos de Amberes) ғимаратында өтті.

Фотокөрмені ашу барысында Қазақстанның Испания Король­дігіндегі Төтенше және өкілетті ел­шісі Бақыт Дүй­сен­баев және Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Қоры атқарушы дирек­торының орынбасары Сұлтан Айтжанов құттықтау сөз сөйледі.

Астана құрылыстарының 100-ден астам картиналары және «Беймәлім Қазақстан» фотосуреттер сериясынан тұратын Қазақстанның бірегей табиғаты көрсетілген фотокөрмені тама­шалауға белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, сондай-ақ Испанияның мәдениет және өнер майталмандары келді.

Қонақтар Ұлы даланың, Еу­разия жүрегіндегі ультразаманауи қа­ланың сұлулығы мен бейнесін жар­­қын фотосуреттер арқылы тама­шалады.

Сонымен бірге көрме қо­нақ­тарына Елбасы Қорының тапсырысы бойынша әзірленген «A day in Astana» фотоальбомы сыйға тартылды.

«Егемен-ақпарат»