Өткен аптада АҚШ үкіметі Қытайдан енгізілетін 1333 түрлі тауарға салынатын қосымша салық көлемі 25 пайызға артатынын мәлімдеген болатын. Бұл – Қытайдан тауар әкелушілер Америка қазынасына қосымша 50 млрд доллар төлейді деген сөз.
Осыған байланысты ҚХР үкіметі Американың Дүниежүзілік Сауда Ұйымының талаптарын бұзып отырғанын жариялады, деп жазады Қытайдың бас газеті «Жэньмин жибао». Мәлімдемеде «АҚШ үкіметінің бұл шарасы ҚХР-дың заңды құқықтары мен мүдделеріне қол сұғу болып табылып, Қытайдың дамуына қатер төндіреді» деп жазылғанын хабарлады газет.
Өз тарапынан Қытай да АҚШ-тың өз нарығына кіретін 106 түрлі тауарына 25 пайыз қосымша салық енгізетінін мәлімдеді. Бұл тауарлардың қатарына соя майы, автомобильдер, химия өнеркәсібінің өнімдері және т.б. кіреді. Бірақ бұл шараның енгізілуі америкалықтарға байланысты екенін де Қытайдың Мемкеңесі жариялап, егер олар өздерінің жоғарыда мәлімдеген шараларын енгізетін болса, қарымта ретінде ҚХР Кеден комитеті де жаңа тарифтерді енгізетінін ескертті.
«Жэнмин жибао» «америкалықтардың осындай біржақты, негізсіз істеріне Қытайдың бұлай жедел жауап қайтаруының өзі – Трамп әкімшілігі туғызып отырған саудадағы осындай келеңсіздіктерге ҚХР үкіметі қырағылық танытып, оған бірден жауап беруге төселіп келе жатқанын көрсетеді», деп жазды.
Жайшылықта шешімдерді ұзақ толғанып, әбден сараланған соң ғана іске асыратын Қытайдың бұлай жедел жауап беруінің сырын сұраған америкалық CNN агенттігіне ҚХР Қаржы министрінің орынбасары Чжу Гуанъяо «экономикалық тұрғыдағы барлық қатерлерді саралап, бізге тиісті шаралар қабылдауға тура келіп отыр» деп жауап берді.
Сөйтіп екі елдің арасындағы «сауда соғысы» қазір қыза түсті.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»