• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 11 Сәуір, 2018

Ескерусіз қалған Еңбек Ерлері

1213 рет
көрсетілді

Мұны кездейсоқтық деп ай­туға болар ма екен? Меңдіғара ауда­ны орталығында тұратын Социалистік Еңбек Ері Василий Алексеевич Трояков ақсақалдың хал-жағдайын білейін және ең­бекке деген кеше мен бүгінгі ұр­пақ көзқарасы туралы әңгімесін тың­дайын деп үйіне телефон соққанбыз. Күмілжи жауап берген қызы Ольга Васильевнаның қолынан телефон тұтқасын өзге кісінің алғаны белгілі болды. 

– Сіз қашан келесіз? Міне, түс болып қалды ғой, аудан әкімдігінен әлі бір жан есіктен қараған жоқ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы келем деген екен, күтіп отырмыз, – деп ренжи сөйледі қарт кісінің дауысы.

Мен әуелгіде түсінбей қалдым да, кідірмей «Трояковтың үйі ме?» деп қайта сұрадым. 

– Иә, – деді телефонның ар­ жағындағы дауыс. – Бүгін Васи­лий Алексеевичті жерлей­міз...

Сексеннен асқан қария көп ауырып­ты. Осыдан үш жыл бұ­рын ота да жасалған екен. Қайтыс боларының алдында да ауруханада жатыпты. Телефонда бізбен сөй­лескен кісі онымен өмір бойы астықты алқапта бірге еңбек еткен, сыралғы, сыйласқан досы Семен Павлович Кумар екен. Көрші селода тұратын қария досын соңғы сапарға шығарып салайын деп келіпті. Дауысы діріл қақ­қан ол өкпесін айта бастады. Күйінген кейпі де телефонның аржағынан білініп тұр. 

– Василий Алексеевич өте қара­пайым кісі еді. Социалистік Ең­бек Ерімін деп ешқашан көкі­регін көтермейтін, атағын бұл­дап, аудан басшыларын жағалап, ешнәрсе сұраған емес. Өзінің адал еңбегімен күн көрді. Қызының қо­лында тұрды, қоңырқай тір­шілік кешті. Сол Еңбек Ері атағын не үшін берді екен, ке­рек болмай қалатыны бар? Ауру­ханада жатқанда бір кісі арты­нан барып халін білмеген. Міне, қызы жанымда тұр, соңғы жылдары Қарттар күнінде басшылар құттықтап келмек түгілі, бір жапырақ қатырма қағазын да жібермепті. Аяқасты болатындай ол соншалықты не істеді? Қайтқанына екі күн болған кісі­нің қаралы үйіне келіп, атағы үшін емес, адамгершілікпен көңіл айтуға, соңғы рет құрмет көр­сетуге болмас па еді? Қызым, мен көз жасымды ірке алмай тұр­мын, – деп қарияның дау­сы дірілдеп, сөзінің аяғын жұтқандай болды. 

Досы үшін күйінген Семен Павловичтің сөзінен бүгінгі қо­ғам­дағы ақиқат та атой сала бас­тағандай. «Василий Алек­сеевичтің балалығы соғыс жылдары өтіп, 6-сыныптан бастап жұ­мыс істегенін, әкесі соғыстан жара­қатпен келген, көп балалы үйде ашқұрсақ болып ержетіп, бір күн тыным таппай еңбек еткенін екінің бірі біле ме екен қазір? Бүгінгілер олай жұмыс істемейді». Қарапайым ауыл адамы мұнан артық қалай жеткізіп айтсын? Василий Алексеевич техниканың «пірі» болыпты. Қандай трактор болса да, тіпті зауыттан ақауымен келген К-700 тракторын да өзі жөндеп мініп кете беретін. Ол «Қазақ КСР-інің үздік механизаторы», «Мерекелі жылдағы зябь жыртудың үздігі», «Қазақ КСР ауыл шаруа­­шы­лы­ғы қызметкерлері социа­лис­тік жарысының үздігі» сияқ­ты атақтардың барлығын алған екен. Расында, қаралы митин­гі­ні ұйымдастырып, аудандағы кол­ледждің, мектептің оқушы­ларын, жастарды қатыстырса болмай ма? Онда Василий Троя­ков­тың осындай еңбегі, үлгілі өмірі туралы айтылса, өліге құрмет, тіріге үлгі емес пе? Оның жастарға тәр­бие­лік мәні де зор болар еді. 

Қазір арамызда жүрген Еңбек Ері атағын алғандардың қатары да саусақпен санарлықтай. Олар­дың ең жасының өзі жетпістің әлдеқашан желкесіне мінген жандар. Облыс бойынша барлығы Социалистік Еңбек Ері атағын 155 адам алған екен. Содан ара­мызда жүргендері өткен жы­лы төртеу екен, оның екеуі о дүниелік болды, қазір біздің бі­луі­мізше Кеңес Одағының ең жо­ғары атағының бірін алған екі-үш ардагер ғана қалды. Оларды уа­қы­тында қыр төсінде бірге жүргендер мен сол кезде партия, кеңес қызметінде істеген аға ұрпақ өкілдері ғана білер... Денисов ауданындағы ардагерлер кеңесінде істейтін Валентина Урих солардың бірі. 

– Біздің ауданда 11 Социалис­тік Еңбек Ері, бір Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты болды. Солардан қазір көзі тірісі Социалистік Еңбек Ері Николай Ласица мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Леонид Малей ғана. Уақыт өтті, қазір қартайған, екеуі де бар-жоғы 7 үй ғана қалған Калиновка деген селода тұрады. Механизатор болып істеген, уақытында тас шайнап, тау қопарған кісілер ғой. Олар еңбек еткен «Некрасов» кеңшары шын мағынасында гүлденген жер еді. Топырағының құнары қандай еді, қазір ол жерде ел қалмады десе де болар, – деп аяқтады сөзін Валентина Ивановна. 

– Оларды аудан жұртшылығы ұмы­тып кетті ме? Қоғамға араласа ма? – дейміз. 

– Енді қалай деуге болады? Мерекелерде құттықтаймыз ғой. Бірақ өздері де шақырған жерлерге келе қоймайды, – дейді Ва­лен­тина Ивановна. Калиновка селосына телефон соғып, олардың өзімен тілдес­кіміз келген. Екі үйден телефонды Леонид Малейдің әйелі Гали­на Антоновна алды, қарт кісінің дауысы да шаршаңқы. 

– Ласица мен Малей «Нек­расов» кеңшарында механизатор болып істеген. Леонид Михайлович ауырады, 76 жасқа кел­ді ғой. Өткенде аудандық ауыл шаруашылығы күніне ша­қыр­ған еді, ауырып бара алмады. Сексеннен асса да сүйретіліп Ла­сица барып келді. Бірақ оларды қазір кім біліп жатыр? Әйтеуір ілу­де бір сондай жиындарға ша­қырса сөзін тастамай барады, шақырмаса үйде отырады, – дей­ді қария. 

Бұрынғы «Некрасов» кеңша­рының бөлімшесі болған Ка­линов­ка селосы аудан орталы­ғынан 28 шақырым жерде орна­лас­қан, алыс болмаса да жол нашар. Негізі мұндай санаулы үй қалған елді мекендер облыс кар­тасынан сызылып та тасталады. Калиновка да сол кепті киеді. Қазірдің өзінде ресми құжат­тарда оның аты аталмайды, тек Денисов селолық округі деп­ қана жазылады. Айдалада ақ отау болып қалған. Айналдырған жеті үйге қандай кәсіпкер дүкен ашсын? Тұрғындар азық-түлікті аудан орталығынан тасиды екен.  – Қазір қар ерігелі жол тіпті нашарлап кетті, ауылдан шыға да, кіре алмайсың, – дейді Галина Антоновна.

«Бізге жағдай жасамады, қара­мады, қолпаштамады» деп жат­қан Еңбек Ері де, Мемлекеттік сыйлықтың иегері жоқ. Әу бас­тан қарапайым еңбек адамдары кешегі «бөліс» кезінде де кең­шардың техникаларын, бас­қасын қарпып қалуды ойлаған жоқ. Өзінің маңдай терімен тап­қанын ғана місе тұтып қалып­тас­қан олар, басқаша қимыл жасай алмас та еді. Олардың бар­­­лы­ғы да өз қолымен жаса­ған шаруашылықтардың ыдыраға­нына, елді мекендердің ескі жұрт­қа айналғанына күйзелді де қойды. 

Халқымыз «елу жылда­ ел жа­ңа, жүз жылда қазан» деп уақыт­тың бір орнында тұрмайтынын, ұрпақ алмасуымен бірге заман­ның да өзгеретінін айтқан екен. «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деген Абайдың сөзі де әркім өзі өмір сүрген уақытқа ба­ғынады, қоғам қалай болса, солай өмір кешедіге саяды. Кеңес Одағы кезінде кеудесі орден-медальға толы Социалистік Ең­бек Ерлері келе жатқанда жұрт жа­ры­лып жол берер еді. Олардың басым көпшілігі дерлік өзінің қайратына ғана сенген, маңдайын күн сүйіп, бетін жел қаққан ең­бек адамы болатын. Олар қай­рат-жігерімен, таза еңбегімен ерек­шеленді. Қанша жамандасақ та Кеңес Одағы кезіндегі идеология оларды қолдап, солар арқылы жас ұрпақты еңбекке, патриоттық сезімге тәрбиеледі. Атағы елден асып бүкіл Кеңес Одағына жайылған Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның сол кезде қалай жұмыс істегені бүгінгі жастар үшін ертегі секілді. Өмір­баянын қарап отырсақ, «1975 жылы 37199 га жер жыртып, жылдық міндеттемелерін асы­ра орындаған» деп жазылып­ты. 37 мың гектар қазір бір­неше ауылшаруашылық кә­сіп­орнының егіс алқабы болып саналады. «Балаларға үйде әжем бас-көз болып отырады. Кү­ні бойы қырда жұмыста боламын. Кешке келіп сиырымды сауып, балалардың тамағын беріп болған соң, түнгі айдың жары­ғымен тағы да қырға ке­тіп, 3-4 сағат жер жыртып келе­тінмін. Социалистік жарыс­та көр­­сеткішім жұрттан қалып қой­­са ұят қой», дейтін Кәмшат апа күліп. Жолдасы Темірбек екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Ая­ғы ауыр кезде Кәмшат апа жұ­мыстан бір күн қалмапты. «Қа­шан тракторға мініп-түсе ал­­­май қалғанымша, жұмыстан қал­­­­майтынмын. Босанардан 2-3 ай бұрын демалысқа шығып, үйде отырған әйел емеспін. Бі­рақ Аллаға шүкір, балаларым ауыр­май-сырқамай өсті», дейтін жа­рықтық. 

Олардың ешқайсысы да осындай жоғары атаққа бекер ие бол­ған жоқ. Аты аңызға айнал­ған, рекордтық өнім берген шопан Жазылбек Қуанышбаев, кү­рішші Ыбырай Жақаев, тарышы Шығанақ Берсиевтерді айт­пағанда, Кәмшаттың трактор руліне отыруы 70-80-жылдары жастардың рухын асқақтатып, еңбектің беделін көтерген болатын, оның соңынан қаншама қыздар трактор руліне отырды. Тек ауыл шаруашылығында ғана емес, өмірдің қай саласы болсын жастар кеудесі ор­ден-медальдарға толы еңбек ада­мына еліктейтін.

Еңбекте оза шапқандар туралы ақын-жазу­шылардың қаламынан талай-талай жақсы шығармалар туды. Осының барлығы еңбек адамын құрметтей отырып, еңбекті, еңбекқорлықты насихаттау болатын. Кейінгі жылдары еңбекті құндылық ретінде бағалауды естен шығарғандаймыз. Туған жерді көркейтуге еңбегі сіңген қара­пайым адамдар да уақыт ша­ңының астында қалды. Му­зейден, кітапханалардан сұрас­­тырғанымызда, мектептер мен колледждерден, жалпы оқу орындарынан оқушылар мен студенттерге арналған шаралар өткізу үшін деп Социалистік Еңбек Ерлері туралы материал бірде-бір рет сұралмапты. Сөзіміз құрғақ болмасын, қаладағы жұмысшы мамандықтарын дайындайтын Қостанай құрылыс-техникалық колледжіне бас сұққанбыз. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қапановадан жастармен жүргізетін жұмыстар жөнінде сұрағанымызда оның тізбелеген тақырыптары арасынан Еңбек Ерлері туралы ешнәрсе ести алмадық. 

– Мемлекеттік тіл, мемлекет­тік рәміздер, Ата Заңымыз, ру­ха­ни жаңғыру, өлкетану тақы­рыптарына кештер өткіздік. Кол­ледждегі «Альбатрос» әскери-патриоттық клубының жұмысы жақ­сы, КВН кештері тұрақты өте­ді, «Үздік мамандық иесі» тақы­ры­бында жарыстар болады, – дейді Гүлнар Ыбырайқызы. Ұстаз қамтып отырған тақырып­тардың ешқайсысын да жоққа шығар­маймыз, жас ұрпақ тәрбиесіне бәрі де қажет. Бірақ тарихқа ай­на­лып бара жатқан Еңбек Ер­­лері туралы материалдарды ізденіспен жинап, бір кеш өткізсе, оның болашақ мамандар үшін әсе­рі болмай қалмас еді, әрине. Тіпті жастар санасын рухани жаңғыр­тар еді.

Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жоғары Кеңесі ІХ, Х, ХІ шақырылымдарының депутаты, уақытында жарты дүниені уысында ұстаған Коммунистік партияның ХХV, ХХVІ, ХХII съездерінің делегаты, 1980-1985 жылдары КСРО Жоғары Кеңесі Ұлттар кеңесі төрағасының орын­­басары болған Кәмшат Дөненбаева тек еңбегімен ғана емес, ақыл-парасатымен де қо­ғам қайраткері, халқымыздың ұлт­тық мақтанышы деңгейіне кө­те­рілген адам. Оны өзгелермен салыс­­тыруға болмас. Кәмшат апа көзінің тірісінде құрметтен кенде болған жоқ. Дегенмен, кейінгі жылдары Кәмшат Бай­ғазықызы қоғам назарында болды деп айта алмаймыз. Оған өзі­нің қарапайымдығы, текті әйел­дің алға өзеуремейтін қазақы бия­зылығы да себеп болар. Бірақ жер­гілікті билік тарапынан еңбек адамын құрметтеу, еңбекті наси­хаттауға мән берілмеуі бас­ты себеп болғанын жасыруға болмас.

Бұрынғы шенеуніктің де, ақынның да, Қостанай өңірі­нен шыққан Астанадағы жазушы­ның, ғалымның да мерей жасы театрдың сәулетті залында аталып өтіп, ат мінгізіп, шапан жауып жатады. Оны көпсініп отыр­ған жоқпыз, олар да – мақта­нышымыз, мерейлі кештерден көпшіліктің алатын ғибраты мол.­ Ал 2013 жылы Кәмшат апа­­ның да 70 жасқа толуын дәл осын­дай дәрежеде дүрілдетіп атап өткенде қайтер еді? Өзінің бала-шағасының мейрамханаға дос-жаранын, құда-жекжатын шақырып, анасына көрсеткен құрметінің орны басқа. Оны әркім өткізеді. Кәмшат Дөненбаеваға құрмет өзі еңбек еткен Меңдіғара ауданының Харьков ауылындағы шағын клубта көрсетілді. Оны ауыл аттас бұрынғы кеңшар­дың негізінде «Қарқын» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­­тігінің іргетасын қалаған, өзі де тә­уелсіз Қазақстанның Ең­бек Ері болып отырған Сайран Бұқанов ұйымдастырды.

– Кәмшат Байғазықызымен бірге еңбек еттім. Ол кісі 50-ге, 60-қа толғанда да ауылда өзіміз той­лағанбыз. Шаруашылықтың жұмысшылары бірі қалмай келе­тін. 70 жасын да ауылға апа­рып атап өттік. Сол бұрын­ғы­ш­а жұмысшылардың, ауылдас­тардың тайлы-таяғы қалмай қа­тысты. Ол кісіге қандай деңгей­де де құрмет көптік етпейтін еді, әрине, – дейді Сайран Бұқанов. 

Кәмшат апа өткен жылы күз­де 75 жасқа қараған шағында дүние­ден өтті. Марқұмның қайтыс бол­ғанын бұқаралық ақпарат құрал­дарынан естіп, облыс орта­лығындағы мешіттегі жаназасына жиналған кісінің қарасы тым көп болды. Қаралы жиын әркімге Кәмшатпен бірге тұтас бір дәуір көшіп бара жатқандай әсер қал­дырды. Облыс әкімі Архи­мед Мұхам­бетов ерекше тол­қып сөз сөйледі. Мең­діға­ра ауданындағы кәсіптік-тех­ника­лық колледжге есімі бері­летін болды, қазір осы оқу орнында оның музейі жасақталып жатыр. Облыс орталығында осы жазда Кәмшат Дөненбаева атын­дағы гүлзар салынады. Соны­мен қатар жамағаттың пәтуа­сымен Качар кентіндегі мешіт те Кәмшат қажы атымен аталатын болды. 

Кәмшат апа көзінің тірісін­де: «Нұрсұлтан Әбішұлы «Қа­­зақ­­станның әлеуметтік жаңғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоға­мына қарай 20 қадам» деген мақаласын дер уақытында дұрыс жариялады. Еңбек деген түсініктің құны түсіп кетті ғой»­ дегені бар еді. Елбасы осы мақаласын «Шындықты мо­йын­дайық: болашақта ХХІ ға­сырда тек еңбек қана барлық қазақ­стандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмірдің сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете ала­ды» деген оймен аяқтайды. Ең­бек адамына құрмет ең алдымен еңбекті насихаттау болып табылады. Ендеше заманы бөлек демейік, Еңбек Ерлерін ұмытпайық, олардың өмірі – тамаша тарих беттері, жас ұрпаққа берер тәрбие көзі екені даусыз.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ