Өткен аптада Бакуде Қосылмаған елдер қозғалысына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің аралық конференциясы болып өтті. Оның тақырыбы «Тұрақты даму үшін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау» деп аталды. Әзербайжан Республикасы 2019 жылы осы қозғалыстың жоғары деңгейдегі ХVІІІ саммитін өзінде қабылдайды. Мына конференция сол саммит алдындағы дайындық іспеттес болды.
Бірауыз сөзбен оқырмандарға Қосылмаған елдер қозғалысы ұйымы туралы айта кетейік. Ұйым 1961 жылы Белград қаласында алғаш тұсауын кескен еді. Оның негізгі бастамашылары Иосип Броз Тито, Гамел Әбдел Насыр және Джавахарлал Неру болған.
Бүгінде құрамына әлемнің 120 елін мүшелікке қабылдаған бұл ұйым ешқандай әскери блоктарға енбеуді ұстанған елдердің қозғалысына айналды. Қазақстан да бұл ұйымның белсенді мүшелерінің бірі.
Ұйымның Баку конференциясына Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев бастаған делегация қатысып қайтты. Конференцияға 91 ел мен халықаралық ұйымдардан 800-ден артық өкіл келді. Өз сөзінде Е.Ашықбаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаппай қырып-жою қаруларын шектеу бағытындағы бейбіт бастамалары туралы айтып беріп, халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолындағы оның ниеті Қосылмаған елдер қозғалысының мақсатымен үндес екенін атап көрсетті.
Осы конференцияға Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Ли Ен Хо да қатысып, ғаламдық бейбітшілікті сақтау жолындағы өз елінің ұстанымын білдірді. «Халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға әлем халықаралық құқылық әділеттің арқасында ғана қол жеткізе алады» дей келіп, ол қазір көптеген елдердің аумақтық тұтастығы, теңдігі мен ішкі істеріне араласпау қағидаттары көзге ілінбейтінін алға тартты. «Шағын елдер тәуелсіздігін аяққа басуды ірі мемлекеттер түрлі формаларда жүргізуде», деп атап көрсетті ол.
Сонымен қатар көп жағдайда ірі мемлекеттердің кейбір белден басқан әрекеттері ақпараттық үстемдіктің әсерінен бұрмалана жеткізіліп, шағын елдер құқының аяққа тапталып жатқанына назар аударып, қатысушылар дұрыс пікір қалыптастыратынынан үмітті екенін жеткізді.
Айта кететін жайт, КХДР Сыртқы істер министрінің осы сапардағы делегациясының құрамына кірген ресми өкілінің сөзіне қарағанда, Ли Ен Хон журналистер қойған сұраққа орай берген жауабында Солтүстік Корея түбектегі ядролық қаруды жоюды кезең-кезеңмен жүргізуге келісетінін айтқан. Мұның Пхеньянның ресми позициясы екендігі де белгілі болды. Кейбір сарапшылар Солтүстік Кореяның соңғы уақыттардағы сыртқы саясаттағы белсенділігі осы позиция- ны таратуға бағытталғанын айтады.
Қазір бұл елдің лидері Ким Чен Ын АҚШ көшбасшысы Дональд Трамппен жоғары деңгейде болатын кездесуге қызу дайындық жүргізіп жатыр. Ал Д.Трамптың өзі өткен дүйсенбіде Ақ үйде журналистерге берген шағын сұхбатында кездесудің мамыр айында немесе маусым айының басында болатынын айтты. Кездесу барысында ол Корей түбегін ядролық қарудан тазартуға қол жеткізетініне үміт білдірді. Сұхбатта қазір екі елдің арасындағы қатынастар көптеген жыл бойы қалыптасқан шиеленістен мүлде бөлек арнада дамып келе жатқаны да айтылды. Сонымен бірге Д.Трамп жоғары деңгейде бірінші рет болғалы тұрған тарихи кездесуге дайындық барысында түрлі деңгейдегі делегациялардың алдын ала кездесулері болып, келіссөздер жүргізілетінін де атап өтті.
Корей түбегінің барша халқы бұл кездесуден үлкен үміт күтіп, оқиға барысын жіті қадағалауда. Өткен аптада Пхеньянға барған оңтүстіккореялық өнерпаздар тобы елдеріне оралды. Осы гастрольдің көркемдік жетекшісі Юн Сан журналистерге берген сұхбатында өнерпаздардың үлкен әсермен оралғанын айтты. Ол 13 жылдан бері ат ізін салмаған туысқан өнерпаздарды солтүстіккореялықтар тіл жеткізгісіз қуанышпен қарсы алып, толқумен қабылдағанын жеткізген. Сонымен бірге алғашқы концертке президент Ким Чен Ынның өзі зайыбымен қатынасып, бұрын-соңды болмаған ілтипат көрсеткенін ол ризашылықпен атап өтті.
Жалпы, Пхеньянға оңтүстіккореялықтардың 11 шығармашылық ұжым өнер көрсетуге барған. Сәуірдің алғашқы күні олар «Көктем келеді» деген атпен концерт қойса, келесі күні солтүстіккореялық әріптестерімен бірге «Біз біргеміз» деген тақырыппен өнерлер көрсеткен.
Сеулдік өнерпаздарды таң қалдырған ең басты мәселе – солтүстіккореялықтардың ашықтығы болыпты. Олар осы жолы өздерінің туысқандарымен емен-жарқын араласып, еркін сөйлескендерін, сонымен бірге мобильді байланыс пен Интернетті еркін қолдана алғандығын мақтанышпен жеткізген. Ал концертке келген КХДР көшбасшысы осындай концертті күзде Сеулде жалғастырып, оны «Күз келді» деген атаумен өткізуді ұсынған.
Міне, осылай екіге бөлінген бір халықтың арасындағы халықтық демократия да жанданып, кезінде бір-бірін ата жауындай көріп, кіжініп тұратындар туыстық қатынасқа бет бұра бастады. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, тек арты жақсылыққа ұлассын дейміз. Өйткені, текетірестен түк те өнбейді, жасампаздық тек ізгіліктің төңірегінде, ашықтық пен келісімде екені белгілі.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»