• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Сәуір, 2018

Сенаторлар кинематографистермен «Кинематография туралы» заң жобасын талқылады

340 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Алматы қаласындағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы аясында көшпелі отырыс өткізді. Отырыс барысында еліміздің киноиндустриясы өкілдерінің қатысуымен «Кинематография туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова «кинематограф адамгершілікке тәрбиелеудегі, қоғамдағы идеологиялық құндылықтарды сіңірудегі, зерделік және мәдени дамуды ілгерілетудегі басты құралдардың бірі болып табылады», деп атап өтті. Б. Әйтімова сондай-ақ сенаторлардың отандық кинематографияның қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелерін, келешекте сапасы мен ұлттық фильмдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, тұрғындарға арналған кино көрсету қызметтеріне қол жеткізуді, киноиндустриясының ашықтығы мен тартымдылығын, Қазақстан киносының шетелдердегі беделі мен танылуын  зерделеуге ниеттеніп отырғанын жеткізді.

Режиссерлер, актерлер мен продюсерлер сенаторларға өз жұмыстарының ерекшеліктері туралы айтып, кино туралы арнайы заң қабылдау қажеттігіне қолдау білдірді. Атап айтқанда, режиссер Рүстем Әбдірашов ұлттық киноны қолдау қорын құрудың маңыздылығын атап өтті. Кино прокат саласының маманы Бауыржан Шөкенов кинематография саласын құқықтық реттеу және қалалар мен ауылдық елді мекендерде азаматтардың кино көрсету қызметіне қол жеткізу мүмкіндіктері туралы айтты. Режиссер-аниматор Адай Әбелдинов тәрбие құралы ретінде анимациялық киноны дамыту, ал кинорежиссер, «Дубляж» мекемесінің басшысы Болат Қалымбетов еліміздің кинотеатрларына прокатқа келетін барлық фильмдерді аударудағы «Қазақфильм» киностудиясының дубляж мүмкіндіктері туралы айтты.

– Бүгінгі таңда «Қазақфильм» киностудиясы – ұлттық бренд әрі отандық кино өнімдерді өндірудегі негізгі мекеме. Біз кинематографистерді, кино өндірушілерді, прокатшыларды, дистрибьюторларды біріктіре отырып, киноиндустрияны дамытатын экономикалық тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін, жағымды инвестициялық ахуал жасайтын тиісті заңды бұрыннан күтіп жүрміз, - деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Бақыт Қайырбеков.

Белгілі актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов «Қазақфильм» киностудиясына ұлттық компанияның мәртебесін беруді ұсынды. «Киностудия еліміздің кинематографистері бас қосып, киноны талқылайтын орын болып табылады. Сондықтан киностудия аумағы тек мемлекетте ғана болуы керек, жекешеленбеуі тиіс. Киностудияға ұлттық компания мәртебесін қайтару керек», - деді А. Әшімов.

Пікірсайысты сенатор Б. Әйтімова қорытындылады. Оның айтуынша, айтылған ұсыныстар кинематография және мәдениет пен әлеуметтік саланы реттейтін заңдарды қарау барысында пайдаланылатын болады.

Депутаттар сапар аясында «Қазақфильм» киностудиясын көріп, түсіру алаңдарында болды және техникалық жабдықтармен танысты. Саяхат барысында депутаттарға фильм түсіру үдерістерінің ерекшеліктері және Қазақстан өнерінің алтын қорына енген фильмдердің тарихы туралы ақпарат айтылды.

– Біз киностудияға қазақ киносының мұражайы керектігіне куә болдық, мұнда отандық мәдениеттің жетістіктері сақтаулы тұр. Біз бұл туралы тиісті сауал жолдаймыз, - деді кездесу соңында депутат Бақытжан Жұмағұлов.

Сол күні Сенат депутаттары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер академиялық театрының артистерімен кездесті. Шараға Алматы қаласының алдыңғы қатардағы театр ұжымдарының өкілдері қатысты.

13 сәуірде парламентшілер Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында болады және онда заңнамаға мұрағат ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар талқыланады. Сапар бағдарламасында сондай-ақ Қазақ мемлекеттік циркінің, Ұлттық кітапхананың, және спорт нысандарының («Алматы Арена» кешені мен биік таудағы «Медеу» мұз айдындары) жұмыстарымен танысу бар.