• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2018

Қостанайда әлемдік желідегі қонақ үй мен 20 қабатты үйлер салынады

300 рет
көрсетілді

Қостанай қаласын дамыту мәселелеріне арналған кеңеске қатысқан инвестор "BazisWest" коспаниясының атқарушы директоры Марат Жолмұхамедов  Қостанай қаласында әлемге әйгілі алты қабаттық Ramada Encore желісіндегі қонақ үй салатынын мәлім етті. 

Қонақ үйде 163 бөлме болады.  Алты қабаттық қонақүйде мейрамхана, фитнес-залы болады. Қонақ үйді инвестор жергілікті биліктің көмек-қолдауымен  қаланы тіліп ағатын  Тобыл өзенінің жағажайына салатын болады. Оның құрылысы биыл басталады.

«Ramada Encore қонақ үй желісі әлемге әйгілі. Әлемнің 63 елінде  800 қонақ үйі бар. Біздің компания Қостанайда қонақ үймен шектеліп қалмайды, қаланың орталығынан  заманауи стильдегі, заманауи құрылыс материалдарын қолданып, 20 қабаттық тұрғын үйлер саламыз. Сонымен бірге «Береке» деп аталатын шағын тұрғын ауданнан төрт қабаттық 28 үй салуды да жоспарлап отырмыз»   деді Марат Жолмұхамедов.

Инвестор компания  "BazisWest" Қостанайдағы  Индустриялық аймақтан  силикат кірпіш және темір-бетон бұйымдарын шығыратын зауыт та  салатынын хабардар етті. Осының барлығына  инвестор  10-15 миллиард теңге шамасында инвестиция салатын болады.

«Біз осындай инвесторды күткен едік. Мұндай қонақ үй қаламызға керек-ақ. Бізде қонақ үйлер баршылық. Бірақ туристерге орын жете бермейді. Сондықтан қаланың бет бейнесі болатындай заманауи құрылыстар керек. Ал 20 қабаттық үйлерді неге салмасқа? Қала көлденеңінен емес, тігінен өсуі керек. Жайыла берген қала ауыл болады» деді  облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай