Шығыс Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі «Казцинк» компаниясы жақында өндіріс орнының қайта жарақтандырылып, жаңартылған музейін таныстырды.
Заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған музейден кәсіпорында өндіріліп жатқан алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын (жасанды және табиғи қалпындағы) құймаларын қолға ұстап көріп, нағыз кеннен жасалған тақта алаңқайы алдында металлург каскасын, костюмін киіп естелік суретке түсуге болады.
Бірнеше аумаққа бөлінген музей залына компания кеніштерінен алынып жатқан минералды шикізаттар түрлері қаз-қатар тізіліп, кәсіпорынның өндірістік алаңдары, Ақмола, Қарағанды облыстарындағы металлургиялық бөлімшелерінің панорамалық фотосуреттері қойылыпты.
Мұнда автоматтандырылған заманауи радиогид жүйесі де бар, ол келушілерге бірнеше тілдерді қатар аударып, жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта музейдің интерактивті жүйесі де жасалмақ. «Өткен жылы компания өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
Музейді жаңартып, дизайнын заманауи етіп, өзгертіп, цифрлық жаңа технологиялармен жабдықтау туралы бастама сол кезде ойымызға келген еді. Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа музейдің жобасын толық жүзеге асырып біттік», - дейді «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН