• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Парламент 13 Сәуір, 2018

Қасым-Жомарт Тоқаев: Өзара іс-қимылсыз тиімді жұмыс жүргізу мүмкін емес

400 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаев Санкт-Петер­бургте өтіп жатқан Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассам­блеясы Кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі. 

 

Қазақстан, Армения, Бела­русь, Қырғызстан, Ресей, Тәжік­стан мүше болып табылатын қауіп­сіздік туралы шарт негізінде құрыл­ған халықаралық қауіпсіздік сала­сындағы халықаралық өңірлік ұйым ҰҚШҰ-ның негізгі мақсаты – бей­бітшілік, халықаралық және өңір­лік қауіпсіздік пен тұрақты­лықты нығайту, мүше мемлекет­тердің тәуелсіздігін, аумақтық тұ­тастығы мен егемендігін ұжым­дық негізде қорғау.

Қазақстан биыл жыл басынан осы ұйымға төрағалық етіп, ҰҚШҰ саяси ынтымақтастықты жан-жақты дамыту, әскери құрамды жетілдіру, халықаралық лаңкестік пен экстремизмге, есірткі, қару-жарақтар мен басқа да қатерлердің заңсыз айналымына қарсы тұру, Орталық Азия және Ауғанстан елдерінің аймақтық қауіпсіздігі, суға қатысты сұрақтар бойынша да мәселелер көтерді. Сонымен бірге Қазақстан әлемдегі ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде басқа ядролық арсеналға ие мемлекеттерді жаппай қырып жоятын қарудан бас тартуға шақырды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда АҚШ мемлекет басшысымен кездесуінде, Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеген болатын.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассам­блеясының Санкт-Петербургте өткен отырысында сөйлеген сөзінде Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың Минск саммитінде белгілеген Қазақ­станның ҰҚШҰ-да төра­ғалық етуіндегі басымдықтарды атап өтті.  – Қазақстан биылғы жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етеді, оны ұлттық және ұжымдық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерді жедел түрде қайтара алатын тиімді әскери-саяси ұйым ретінде қарастырады. 

Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Минскіде өткен саммитте алдағы кезеңдегі Ұйым қызметінің бес басымдығын бел­гілеп бергенін еске сала кеткім келеді. 

Біріншісі, мүше мемле­кет­тердің әскери саладағы құрал­дарын кеңейту;

 Екіншісі, әскери-техникалық ынтымақтастықты іс жүзінде ұйымдастыру;

Үшіншісі, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымының жаһандық терроризмге қарсы іс-қимылдың халықаралық жүйесіне қатысуы;

Төртіншісі, киберқауіпсіздік қатерлеріне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің бірлескен әрекет ету әдістері; 

Бесіншісі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру. 

Алғашқы екі басымдыққа қатыс­ты қажетті жедел ден қою күш­терінің құрылымы қазірдің өзінде құрылғанын, Ұйымның бі­тімгерлік әлеуеті айқындалғанын атап өткен дұрыс. Жыл сайынғы «Жауынгерлік бауырластық», «Өзара іс-қимыл», «Шеп» әскери жаттығулары өткізіліп отырады.  Сонымен қатар олардың үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бірлескен шта­бының және Дағдарысқа қарсы әрекет ету орталығының жаңа құры­лымының тиімді жұмыс іс­теуін қамтамасыз ету қажет деп есептейміз. 

Қорғаныс кәсіпорындарының кооперациясына, бір-бірімізден жеңіл бағамен сатып алынатын әскери техникалар мен қару-жарақтарға өңірлік сервистік және техникалық қызмет көрсету орталықтарын құруға, сондай-ақ олардың үйлесімділігін арт­тыруға бағытталған шараларды қабылдаудың маңызы да ерекше. Біздің пікірімізше, бұл тұтастай алғанда барлық Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы елдерінің қорғаныс өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін болады.

Ұйымның қызметіндегі келесі басымдық берілген бағытқа келсек, халықаралық терроризмге және зорлық-зомбылық сипа­тын­дағы экстремизмге қарсы іс-қимыл кең ауқымды халықаралық тұғырнамада жүзеге асуы тиіс екеніне сеніміміз мол. Сондықтан да нақ осы мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қа­зақстанның қызметіндегі ба­сым­дықтардың бірі болып табылады.

Осы басымдықтың аясын­да біздің мемлекетіміз өз қызметін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымы контртеррористік құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасауы форматын кеңей­ту мәселелеріне, сондай-ақ халық­аралық салада терроризмге қар­сы іс-қимыл жөніндегі бірың­ғай әдістерді әзірлеуге және ілге­рі­летуге шоғырландыруды жоспарлап отыр. 

Осыған байланысты Минск сес­сиясы барысында біздің елі­міздің Президенті халықаралық аре­нада терроризмге қарсы іс-қи­мыл жөніндегі бірыңғай тәсіл­дерді бірлесіп ілгерілетуді ұсын­ған болатын. Бұл арада ең алдымен, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер аза­маттарының шетелдерге, тер­ро­ристік белсенділік өршіп тұрған жерлерге шығуына жол бермеу­ге бағытталған бірлескен про­­фи­лактикалық іс-шаралар тура­лы, сондай-ақ қоғамдық сана­­да радикалды саяси және діни кө­­рі­­ністердің кез келген нысан­дарын қабылдамау түсінігін қа­лып­тастыру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы туралы сөз болып отыр. 

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының келесі басымдығы – киберқауіпсіздік қатерлері туралы айтатын болсақ, соңғы кездері елдеріміздің ақ­парат­тық жүйелерінің ұдайы кибер­шабуылдарға жиі ұшырап отыр­ғанын атап көрсету керек, соның нәтижесінде елеулі түрде нұқ­сан келуде. Оның ішінде маңыз­ды құпия деректердің жайы­лып кетуіне байланысты мә­се­лелер де бар. Мұндай технология­ларды бүлдіргіш (деструктивті) күштер де белсенді пайдаланып отыр. 

Осы қауіп-қатердің транс­ұлттық болмысын және ауқымын ескере отырып, біздің еліміз Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің ақ­параттық-коммуникациялық ин­фрақұрылымдары объек­тілеріне бағытталған компью­терлік шабуылдарды бейтарап­тан­дыру жөніндегі шараларды пысықтау, сондай-ақ Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымы­ның келіссөз алаңын ақпараттық-коммуникациялық тех­нологиялар саласындағы дек­ларацияланбаған мүмкіндіктерді зерттеу әдістері бойынша тәжі­рибе алмасу үшін кеңінен пайдалану қажет деп есептейді.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының есірткілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі тиімді шараларды арттыруға бағытталған бе­сінші басымдық берілген қызметін өте маңызды деп санай­мыз. ҰҚШҰ осы мәселені шешу жөнінде әлемдік қоғамдастықты кү­шейтуге елеулі үлес қосуда. Қазақстан БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқар­масы Алматы қаласында құр­ған Есірткі құралдарының, пси­хо­троптық заттар мен олардың пре­курсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үй­лестіру орталығының (ОАӨАҮО) өкілдерін тарта отырып, ҰҚШҰ-ның 2015-2020 жыл­дар­ға арналған есірткіге қарсы стра­тегиясын іс жүзінде іске асы­руға күш салуды ұсынады. Белгіленген бағыттар бойын­ша ҰҚШҰ-дан басқа, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК халықаралық және өңір­­лік құрылымдарымен тығыз өза­ра іс-қимылсыз тиімді жұмыс жүргізу мүмкін емес, – деді Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

ҰҚШҰ Бас хатшысы Юрий Хачатуров өз сөзінде Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың Қа­зақ­станның төрағалығы кезеңіне ар­налған басымдықтарды бел­гілеп, 2018 жылға арналған жос­­­пар­ды бекіткенін атап өтті. «Бұл жоспар ҰҚШҰ-ға мүше ел­дер­­дің қауіпсіздігін, тұрақ­ты­­лы­­­ғын нығайтуға және мүше мем­ле­­кет­тердің тәуелсіздігін, ау­мақ­­тық тұтастығы мен егемен­дігін ұжымдық негізде қорғауға мүм­кіндік береді» , – деді Юрий Хача­ту­ров.

Сондай-ақ аталған ұйымға Қазақстанның төрағалығы кезең­інде атқаратын басымдықтары мен жұмыс жоспары туралы Қ.Тоқаевтың баяндамасына Тә­жікстан Маджлисі төрағасы Шу­курджан Зухуров қолдау білдіріп, ұсыныстарын айтты. Ұсыныстар негізінен шекаралық аймақтарды террористік құрылымдардан қорғауға әскери компоненттің, техниканың қажеттілігі, әсіресе Ауғанстанмен шекараны есірткі тасымалынан, басқа да ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігіне қатар төндіретін сыртқы күш­тер­ден ұжымдық қорғануға қатысты болды. 

Қазақстан Сенатының басшысы, сондай-ақ ТМД ПАА Кеңесінің отырысына да қатысты. Отырыс барысында Кеңес мү­шелері – Ассамблея құрамына ене­тін делегациялардың басшы­лары Ассамблея мен оның Хатшылығының жұмысына қа­тыс­ты бірқатар мәселелерді қара­ды, ТМД ПАА-ның 2017 жылғы жұмысын қорытындылады және алдағы кезеңдегі жұмыс жоспарын талқылады. 

Сенаторлар ТМД ПАА Эко­но­мика және қаржы, Саяси мәсе­лелер және халықаралық ынты­мақ­тастық, Қорғаныс және қауіп­сіздік жөніндегі тұрақты комис­сиялардың отырыстарында үлгі заңдардың жобаларын талқылады. 

Әділбек ҚАБА,

журналист