Осы аптада Әзербайжан Республикасында президенттік сайлау өтіп, сайлаушылардың басым дауысына елдің қазіргі басшысы Ильхам Әлиев ие болды. Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, электораттың 86,09 пайыз дауысын алған И.Әлиев осылайша төртінші рет президент болып сайланды.
Дауыс беруден бір күн бұрын үгіт-насихат науқаны аяқталып, Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панахов саяси науқанға дайындық барысы жөнінде баспасөз жиынын өткізді. Оның айтуынша, сайлауға бақылаушы ретінде әлемнің түкпір-түкпірінен 900-ге жуық бақылаушы келіпті.
«Жалпы, сайлауды бақылау үшін 60 мыңға жуық адам тіркелді. Оның 894-і – халықаралық ұйымдардың өкілдері. Кезектен тыс өткізіліп отырған сайлауға сегіз кандидат қатысады. Олар алты партияның атынан сынға түседі. Қазіргі таңда Әзербайжанда бес миллионға жуық электорат бар», деді М.Панахов.
Бұл елдегі биылғы сайлауда бірқатар ерекшеліктері болды. Біріншіден, тұңғыш рет президент жеті жыл мерзімге сайланды. Бұған дейін бес жылға сайланып келген-тұғын. Мұндай шешім 2016 жылы өткен референдум нәтижесіне сай қабылданған-ды. Екіншіден, дауыс берудің ашықтығын қамтамасыз етудің жан-жақты шаралары қарастырылған. Мәселен, елдегі 5641 сайлау учаскесінің мыңында бақылау камералары қойылған. Кез келген адам оқиғаның барысын бақылай алады. Сондай-ақ әр дауыс берушінің бас бармағына көрінбейтін бояу жағылады. Оны лазер сәулесімен ғана көруге мүмкіндік бар. Бұл бір адамның қайта дауыс беруіне жол бермейді. Үшіншіден, елдегі сайлаудан ақпарат тарату мақсатында 120-ға жуық шетелдік журналист келген. Осы арқылы әлемдік қоғамдастық дауыс берудің қаншалықты әділ өткенін бақылайды.
Әзербайжандағы сайлауды бақылауға Қазақстаннан 49 өкіл қатысты. Дауыс беруден бір күн бұрын еліміздің делегациясын бастап келген Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев әзербайжандық әріптесі М.Панаховпен кездесті. Іс-шара барысында еліміздің делегациясы түгелдей осы саланың маманы саналатынын жеткізіп, Әзербайжандағы сайлауға дайындықты жоғары бағалады.
Тағдыршешті күн келгенде таң қылаң бере сайлау учаскелеріне қарақұрым халық жиналды. Әзербайжан ОСК жергілікті уақыт бойынша 12:00-де дауыс берген халықтың саны 40 пайызға жеткенін мәлімдеді. Яғни екі миллионнан астам халық өз таңдауын жасап үлгерді. Ал кешкі 19:00-ге дейін төрт миллионнан астам адам дауыс берді. Осыдан-ақ елдегі сайлаудың маңызы жоғары болғаны анық аңғарылады.
Тұрғындар күні бойы 5426 тұрақты, 215 уақытша сайлау учаскесі мен 125 сайлау округтерінде дауыс берді. Орталық сайлау комиссиясы ресми сайтында сайлау барысының қалай өтіп жатқанын тікелей эфир арқылы таратты. Оған қоса, 119 сайлау учаскесінде веб-камера орнатылған. Дауыс берудің барысын бақылау үшін қазақстандық журналистер делегациясы бірқатар сайлау учаскелерін араладық. Бірінші барған мекемеде халық үздіксіз келіп, өз таңдауларын жасап кетіп жатты. Әуелі Орталық сайлау комиссиясының өкілі электораттың бас бармағын лазер сәулесі арқылы тексереді. Егер таза болса, ішке кіруіне рұқсат береді. Содан кейін оны тіркеп, саусағына бояу жағады. Осы рәсімнен кейін ғана оған бюллетень беріледі.
Келгендердің бәрі жоғарыда айтылған рәсімді орындап, одан кейін өз таңдауын жасап жатты. Адамдардың бәрі жайдары. Кейбірі отбасымен бірге сайлауға келген екен. Енді бірі кішкентай баласын ертіп алған.
Дауыс берушілер ара-тұра өзара әзілдесіп қояды. Мәселен, үстіне көнерген былғарыдан костюм киген қария: «Біз секілді жас жігіттерге дауыс беруге бола ма?» деп ішке кіріп келді. Ақсақалдың бұл сөзіне учаскедегілердің бәрі күліп жіберді. Іште шетелдіктер бар екенін байқаған ол бізге жақындап, жөн сұрасты. Қазақстаннан екенімізді айтқан соң «О, қардаш. Назарбаев» деп бас бармағын жоғары қарата көрсетіп, елімізді қатты құрметтейтінін жеткізді. Жалпы, Бакуды аралап жүріп байқағанымыз, әзербайжандықтардың көпшілігі Қазақстанды жақсы біледі екен. Әрі қазақ халқын бауырлас ел санайтынын жасырмайды. Қайдан екенімізді айтқан бетте «қардаш» деп арқамыздан қағады.
Адамдардың көбі кімге дауыс бергенін жасырмайды. Бізбен тілдескендердің бәрі мемлекет басшысы Ильхам Әлиевті қолдайтынын ашық айтты. Первана есімді әйел өзінің неліктен қазіргі президентке дауыс бергенін былай түсіндіреді.
«Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жағдай тұрақсыз болды. Құдайға шүкір, қазір қарыштап дамып келе жатыр. Президент жүргізіп отырған саясат Әзербайжанның әл-ауқатын жақсарта түсті. Мұның бәрі, әлбетте, Ильхам Әлиевтің ұстанған бағытының жемісі», деді ол. Мәліметтерге сүйенсек, И.Әлиев ел тізгінін ұстағалы бері өндіріс көлемі 2,5 пайызға ұлғайып, көптеген жаңа жұмыс орны ашылған. Кедейшілік көрсеткіші 49 пайыздан 13,2 пайызға дейін азайған көрінеді.
Cайлаудың қалай өтіп жатқанын сұрау мақсатында шетелдік бақылаушыларды әңгімеге тарттық. Олар шараның халықаралық заң нормаларына сай өтіп жатқанын, ешқандай бұра тартуды байқамағанын жеткізді. Мәселен, Латвиядан келген Наудинс Романс есімді азамат бәрі әділ өтті деп есептейтінін жеткізді.
«Таң атқалы бірнеше сайлау учаскесінде болдым. Мен барған жерлерде заң бұзушылық кездескен жоқ. Жалпы, Әзербайжандағы сайлаудың әділ өтіп жатқанына сенімім мол. Кеше Баку қаласын аралаған едім. Көшелерде ілінген үгіт плакаттарының бәрі бірдей екен. Бұдан кандидаттардың бәрінің мүмкіндігі тең екенін аңғаруға болады», деді Н.Романс.
Жалпы, президенттік сайлауды 894 халықаралық және 58 175 жергілікті бақылаушы қадағалады. Олардың пікірінше, дауыс беру барысында ешқандай заң бұзушылық анықталмаған.
Жергілікті уақыт бойынша 19:00-де бүкіл сайлау учаскелері жабылып, санақ басталды. Түнгі 24:00-де Орталық сайлау комиссиясының төрағасы М.Панахов сайлау қорытындысын жариялады. И.Әлиев 86,09 пайыз дауыс жинап, төртінші мәрте ел тізгінін ұстады.
Нәтиже белгілі болғаннан кейін мемлекет басшысы халыққа үндеу тастап, өзіне білдірген қолдауға зор алғыс білдіретінін жеткізді. Осылайша халық өз таңдауын жасады. Өздері айтқандай, әзербайжан «қардашларды» президентік сайлауын жоғары деңгейде өткізуімен құттықтаймыз!
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
АСТАНА – БАКУ – АСТАНА