Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әріптестік қатынастарды дамыту. Көршілес Ресей Федерациясының Астрахань қаласына ресми сапармен барған Атырау облысының делегациясы кездесу кезінде осы мәселені талқылады.
Делегацияны бастап барған Атырау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешев және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Ринат Құлмағамбетов сапар аясында Қазақстанның Астраханьдағы консулы Қанат Шекқалиевпен кездесті. Кездесу барысында қос тарап Астрахань облысында тұратын қазақ диаспорасына қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Ресей таратқан ресми мәліметтерде бүгінде Астрахань аумағында тұратын қазақтардың саны 149 мыңнан асады. Одан әрі атыраулық делегация Астрахань облысы үкімет төрағасының орынбасары – мәдениет және туризм министрі Галина Зотеевамен жүздесті. Кездесуге консул Қанат Шекқалиев арнайы қатысты. Кездесу барысында 14-15 наурыз аралығында мұнайлы өлкеде болып өткен «Ұлы Даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумына атсалысып, белсенді қатысқаны үшін Астрахань басшылығына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан алғыс білдірілді. Сондай-ақ министрге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы ақпарат берілді. Мәдениет және туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Әдетте туристер Астраханьдағы Құрманғазы атындағы мәдени орталыққа және Сарай – Бату кешеніне қызығушылық танытып жатады. Ал бүгінде Атыраудағы Сарайшық мұрасын сақтап қалу мақсатында визит-орталық салу жоспарланып отырғанын ескерсек, туристер үшін Сарайшықтың ерекше аймаққа айналары анық. Қазақстанның киелі жерлер географиясы қатарын «Махамбет» мавзолейінің, «Ақмешіт» кешенінің толықтырғаны белгілі. Сонау сарматтар дәуірінің ұлы мұрасы – «Иманқара үңгірі», алтын адам табылған «Аралтөбе» қорғаны, «Ұшқан ата», «Құлшан ата» мавзолейлерінде де туристік маршруттарды дамыту мүмкіндіктері жоғары.
Сапар аясында делегация Құрманғазы атындағы мәдени орталықты аралады. Володар ауданындағы Алтынжар ауылында орналасқан орталықта ұлы күйшінің шығармашылығына арналған музей жасақталған. Ресейлік әріптестер туристік маусым кезінде мұнда 25 мың адамға дейін болатынын айтады.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
Атырау – Астрахань – Атырау