Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Ембімұнайгаз» АҚ-да болды, онда өндірістік процестерді визуализациялау орталығының жұмысымен және «Цифрлық кен орны» жобасының жоспарларымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.
«Зияткерлік кен орны» жобасы немесе «Цифрлық кен орны» — мұнай-газ саласының маңызды бағыттарының бірі және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар тізіміне қосылған. Бұл мұнай-газ саласын басқарудың автоматтандырылған жүйесі, ол жекелеген жүйелерді бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйеге біріктіру арқылы максималды тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Ә. Жақсыбеков «Уаз» кен орны базасында 2016 жылы «Цифрлық кен орны» пилоттық жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. Жобаны енгізу электр қуатын тұтынуды 33%-ке қысқартуға, ұңғымаларды жөндеудің үлесті шығындарын 25%-ке азайтуға мүмкіндік берді.
«Ембімұнайгаз» АҚ әзірлеген әдістемелерге сәйкес келесі көрсеткіштердің өңдеу және талдау алгоритмдері автоматтандырылды: сұйықтық және мұнай теңгерімі; мұнайдың жоғалуы; ұңғымалардың жұмыс режимдерін оңтайландыру және т.б.
2017 жылы жоба «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Прорва кен орындарын игеру тобының кен орындарына таратылды.
Бақытжан Сағынтаевқа «Цифрлық кен орны» жобасының жоспарлары туралы баяндалды. 2018 жылы тұжырымдама «Жайықмұнайгаз» МГӨБ «Жаңаталап» кен орнында жүзеге асырылатын болады. 2019–2020 жылдары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқа кен орындарына енгізу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, жобаны іске асыру мұнай өндіру көлемінің 3%-ке дейін өсуіне, мұнай өндіру (экономикалық) коэффициентін 2–5%-ке арттыруға және шығындарды 5–15%-ке азайтуға мүмкіндік береді.