• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Сәуір, 2018

Оралда жалпыхалықтық сенбілік басталды

519 рет
көрсетілді

Орал қаласында 14 сәуірден бастап жалпыхалықтық сенбіліктер басталды. Мұрат Мөңкеұлы атындағы көшеде өткен алғашқы сенбілікке студент жастар, ардагерлер, депутаттармен бірге Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те қатысты.

- Бүгіннен бастап маусым айына шейін әр сенбі сайын қаламызда осындай сенбілік өтетін болады. Мақсатымыз – қаланы алдағы мейрамдарға, жаз айларына дайындау. Бүгін бірінші сенбілік негізінен қаланы санитарлық тазалауға арналған. Сондай-ақ 120 түп шырша отырғызамыз. Ал келесі сенбі, 21 сәуір – бүкіл Қазақстан бойынша терек отырғызу күні болып жарияланды.

Бұйырса бір айдың ішінде Орал қаласында 10 мың түп көшет отырғызамыз. Оның 2 мың түбі – қалалық әкімдік отырғызады. Қалған 8 мыңын – қала тұрғындары, жеке кәсіпкерлер, ПИК мекемелері егеді, - дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Қалаға сән бертін саябақтарға, жол жиектеріне, алаңқайларға отырғызу үшін ағаштың алты түрі – шырша, үйеңкі, акация, сирень, терек, қарағаш көшеттері таңдап алынған.

Қалалық әкімдік өкілінің айтуынша, Орал қаласында көктемгі су тасқыны қаупі сейілген. Бірақ облыс орталығын айналып ағып жатқан Деркүл, Шаған, Жайық өзендерінде енді-енді сең жүріп, су дейгейі көтеріліп жатыр. «Су деңгейі төмендеп, өзендер өз таңғарына түскен соң жағалауларды тазалау жұмысын бастаймыз» Бұл маусым айына жоспарланған» дейді Алтынбек Кеңесұлы.

Белгіленген тәртіп бойынша әрбір мекеме меншік түріне қарамастан өз ғимаратының айналасын 5 метрге дейін таза ұстауы, абаттандыруы, ағаш, гүл отырғызуы, витриналары мен терезелерін жуып, таза ұстауы талап етіледі.

Жаңа шырша көшеттері отырғызылған Мұрат Мөңкеұлы көшесіндегі әдемі мүйіске – «Алаш аллеясы» атауы берілетіндігі жөнінде осыдан бірнеше жыл бұрын хабарланған болатын. «Йә, ондай жоспар болды, бірақ әлі ресми бекітілген жоқ. Қазір бұл мәселе ономастикалық комиссия қарауында» деді Алтынбек Қайсағалиев.

Орал қаласының тазалығын сақтау, көшеттер мен гүлдер отырғызу, абаттандыру жұмыстарына 2018 жылы 140 млн. теңге жоспарланған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ