«Төр» әдеби клубының бұл жолғы отырысында жазушылар Қанат Тілеуханның «Қараша», Жанболат Баймұрыновтың «Құбылыс» әңгімелері талқыланды. Екі жазушының да әңгімелері көлемді. Оқырмандарға түрлі әсер қалдырғандықтан талқылау барысында қаламгерлердің тақырып таңдаулары мен жазушылық қабілеттері туралы әртүрлі пікір айтылды.
Арман ӘЛМЕНБЕТ, жас жазушы:
Жанболат Баймұрыновтың әңгімесі талғампаз оқырмандарға арналған, тілі де, құрылымы да ауыр, әртүрлі эксперименттік қадамдарға барған шығарма болса, Қанат Тілеуханның әңгімесі жалпы оқырманға арналған, натуралистік сипаттары бар, реалистік туынды. «Қараша» әңгімесінің оқыған кезде бірден алып кететін өзіндік тартымдылығы бар. Тоқсаныншы жылдардағы қазақ қоғамын көрген адам бірден тани кететін суреттеу бар. Соңында бір жеңіс бола ма деп күтіп отырып, ұзақ та болса, соңына дейін оқып, ешқандай жеңіс болмағанын көрдік. Бас кейіпкер лирикалық кейіпкердің өзі, я ағасы Ербол деп алатын болсақ, оның да, досы Қайырбектің де образдары жақсы ашылған. Қайырбекті кейіпкер ретінде де сәтті пайдаланған. Басында күресетін жерін айтып, соңында досының үйінде жиналғанда да Қайырбек шығады.
Бас кейіпкер ағасын ұрып жатса да, араласпайды, оның алдында отбасындағы жағдайды да сырттай тамашалаушы. Әңгімедегі оқиғаның бәрі кейіпкердің айналасында жүреді. Бас кейіпкер – ештеңеге ықпал ете алмайтын, шарасыз адам.
Содан кейін Қанат Тілеуханның тілінде әдеби нормаларға сәйкес келмейтін тіркестер көп. «Өзін-өзі өлтіргісі келді» дейді бір жерінде. Негізі «өзіне қол салғысы келді» деп жазу керек еді. Бұл калька. Осындай олқылықтар әңгіме ішінде жиі ұшырасады. Содан кейін тақырыпты «Қараша» деп қойыпты. Бұл суық өмір деп айтуға болады. Бірақ оған ыңғай тынытып, өзі де ештеңе айтпайды. Аяушылығы бар. Ол түсінікті. Бірақ одан басқа қамырықты сезімді келтіретін көңіл күй жоқ. Соны іздеп таппағандай болдым. Кейіпкердің өсуі де болмады. Бәлкім, сол буын сүлесоқ, ештеңеге ықпал ете алмайтын, бәрін іштей қабылдап, шарасыз қалатын буын шығар.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, әдебиет сыншысы:
– Қанат Тілеуханның кейіпкерлері бір әңгімеден екіншісіне көшіп жүреді. Егер бірнеше әңгімесін оқысаңыз, байқар едіңіз. Оған Қараштың бейнесінен арылу керек. Жаңа тақырыпқа қажет. Оның жазуында кемшіліктер бар, шеберлік уақытпен, машықпен келетін нәрсе. Болашақтағы қазақ жазушыларының бел ортасында Қанат Тілеухан болады деп ойлаймын.
Қажығали МҰҚАМБЕТҚАЛИ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы:
– Екі әңгімені де қиналып оқыдым. Жанболат Баймұрыновтың «Құбылысын» оқи алмадым. Артынан неге оқи алмадым деп ойландым. Әңгімені жасай алмаған. Оның тумағаны өз алдына. Тумаған әңгіменің өзін техникамен жасауға болады. Оның үстіне тақырыбының өзі қарапайым емес, адам сенер-сенбес дүние. Мұндай тақырыпқа барғаннан кейін оқырманның көзін еріксіз жеткізетіндей, сендіретіндей жазу керек. Ал олай болмағаннан кейін, көңілде көп күмән қалады. Әңгімесі адамтектес екі құбыжықтың нәрестені өбектеп тұрған жерінен басталып, артынан тастап кете ме, не істейтіндері түсініксіз. Осының оқиғаға не қатысы бар деп отырсаң, әңгіменің соңында көріпкел әйел келіншекті босандырып, соны асырап алған ба деп ойлайсың. Ол қалай тірі қалды? Оның өлі, я тірі туғанының өзі белгісіз. Бұл жерде сюжеттік линия дұрыс қалыпқа келмеген. Оқиға бұлдыр. Басынан аяғына дейін оқырман сенетін оқиға жоқ. Сондықтан мұны өз деңгейінде жазылған әңгіме деп айта алмаймын.
Ең бірінші айтаты нәрсе – Қанат Тілеухан жазушы жігіт. Бірақ көп жас қаламгерлер сияқты қаламы қатаймаған. Әлде біз жастарға қаталмыз ба?! Біз сылап-сипағанменен, әдебиет кешірмейді. Жазуларында үлкен осалдық бар. Ең алдымен сөз қолдануды білмейді. Бір сөздің үстіне бір сөзді қосып, бояуды қалыңдата береді. Одан картина айқын болмайды, керісінше алабажақ боп шығады. Басқасын былай қойып, алғашқы сөйлемдерінен-ақ сүрінеді. Екі әңгіме де солай. Қанаттың әңгімесінің басын оқу қиын. Тыныс белгілері, диалогтар, жаңа ойлар бірінің артына бірі тіркесіп кете берген.
Әңгімеде өмірдің көрінісін детальдар арқылы тап басқан жерлері бар. Әлі де қырнап-жонып, қайта жазуды талап ететін шығарма.
Түйін: Әрбір жас қаламгер оқырман мен уақыттың сыны бар екенін естен шығармауы қажет. Жиында екі жазушының әңгімелері қызу талқыланды. Клуб отырысының толық мәтіні мен бейнетаспасын «Әдебиет порталынан» оқып, көре аласыздар.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»