• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2018

Өңірлік әріптестіктің өрісі кең

331 рет
көрсетілді

Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған­нан бергі 26 жыл ішінде өздерінің басым ба­ғыттарын айқындап үлгерді. Ай­мақта дамуға қатысты түрлі көз­қа­растың болуына қарамастан, өзіндік ерекшелігін айқындайтын оңтайлы жол қалыптасты.

Орталық Азия – құрлықтың ішкі аума­ғын­да орналасқан және жаһандық комму­никацияларға еркін шығуға мұқтаж аймақ. Өңір бірнеше ірі мемлекеттермен шектескен. Сондықтан кейде олардың геосаяси мүдде­лерін ескеру қажеттігі туады. Осы тұрғыдан алғанда еліміз ұстанған саясат өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Қазақстан ортақ мүдделердің ұштасуын анықтауды, ортақ тіл табысуды мақсат етеді. Еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ құру жолында үлкен еңбек атқарғаны баршаға белгілі. Осы Одақ шеңберінде пайда болған түйткілдерді шешудің оңтайлы жолы – Орталық Азия елдерінің кооперациясы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Орталық Азия елдері одағын (ОАЕО) құру идеясын жариялаған болатын. Содан бері бұл идеяға қатысты көптеген пікірталас өрбіді. Әйтсе де 12 жылдан кейін ғана бұл бағытта нақты іс-әрекеттер басталды. Мәселен, Өзбекстан 2017 жылдан бастап прагматизм мен барынша ашық саясат ұстанып, көршілес елдермен қарым-қатынасты жаңғыртты.

Биыл да Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасында ілкімді өзгерістер болып жатыр. Мәселен, 2018 жылғы 15 наурызда Астанада Орталық Азия елдері басшыларының бас­қосуы өтті. Онда өңірдің дамуы, оның қауіп­сіз­дігі мен тұрақтылығына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Жалпы, өңірдің келешегі келіссөздер барысында ұлттық мүддені ұстануға және оны ілгерілетуге мүмкіндік беретін гео­эко­но­микалық жоба алаңдарын көптеп қа­лып­тастыруға байланысты. Сондықтан, Еура­зия­лық экономикалық одақ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, «Бір белдеу – бір жол» жобалары Орталық Азия үшін маңызды саналады. Осындай жобалардың арқасында табиғи бәсекелестік пайда болып, соның негізінде өңір елдерінің әрқайсысы өзіне анағұрлым қолайлы нұсқаларды таңдауға мүмкіндік мол.

Өңір елдері үшін басты міндет – шетелден инвестиция тарту. Ал инвестиция әкелудің негізгі талабы – адами капитал мен инфрақұрылым сапасының жоғары болуы. Елдегі ережелер айқын, заң тұрақты болуы тиіс. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесі де инвесторлар үшін маңызға ие. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның ұпайы түгел. Doing Business рейтингінде еліміз 35-орынға жай­ғас­ты. Қазақстанда инвесторларға жасалған қолайлы жағдайды халықаралық қоғамдастық тарапы жоғары бағалап отыр.

Инвестиция туралы әңгіме қозғалғанда мынаны ескеру қажет. Шетелдік инвестор­ларды не қызықтырады? Халқының саны әр­ алуан дербес мемлекеттер ме, әлде бір­тұ­тас Орталық Азия өңірі ме? Әлбетте 70 мил­лионға жуық халқы бар ортақ нарықтың ау­қымы үлкен екені айтпаса да түсінікті. Өңірге Оңтүстік Шығыс Азия елдері керемет үлгі бола алады.

Әйтсе де Орталық Азия мемлекеттері бірқатар проблемаларды шешуі тиіс. Әлі күнге дейін шекара мәселесі толыққанды реттелген жоқ. Бірақ бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміз көршілес елдермен шекара туралы уағдаластыққа келді. Былтыр Самарқанда өңір үшін маңызды оқиға болды. Онда Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдері шекараларының тоғысу нүктесі туралы келісім жасалды.

Сонымен қатар өңірдегі инфрақұрылымдық теңсіздікті жою да маңызды мәселе. Орталық Азия біртұтас көліктік-логистикалық желіге айналып, сол арқылы жан-жақты пайда қағи­да­тына негізделген тасымал оңтүстіктен сол­түстікке, батыстан шығысқа және кері­сінше бағыттар бойынша ағылуы тиіс. Сондай-ақ инвестициялардың әлеуметтік-экономикалық әсері нығаюы қажет.

Орталық Азия тұрғындарының әлеуеті жоғары. Тек оны тиімді пайдалана білген жөн. Өкі­нішке қарай, аймақта еңбек миграциясына қатысты үлкен проблема бар. Кәсіби кадр­лар шетелдерге ағылып, бірқатар қиындық туын­дады. Соған қарамастан Орталық Азияның өз экономикасын тұрақты ілгерілетіп, әлемдік қауіп­сіздік пен бейбітшілікке өз үлесін қоса­тын аймақ атануына мүмкіндік мол. Бұл Елба­сымыз Н.Назарбаевтың биылғы қаңтарда АҚШ-қа барған тарихи сапары кезінде анық байқалды. Осы сапар еліміз үшін ғана емес, сондай-ақ жалпы аймақ үшін де тиімді болды. Өңірлік мәселені халықаралық аренаға шығаруға мүмкіндік туды.

Осылайша қазіргі таңда Орталық Азия елдерінде болып жатқан оқиғалар заманауи мемлекет қалыптастыруға жасалған қадамдар деп кесіп айтуға толық негіз бар. Азаматтардың көңілінен шығатын құндылықтар жүйесі маман әкелуге, технологияны меңгеруге мол мүмкіндік береді. Ендеше Орталық Азия мемлекеттері Қазақстанды үлгі ете отырып, өз әлеу­етін дамыта алады. Ол үшін оңтайлы ин­вес­­т­ициялық жағдай қалыптастырып, ұлттық стратегия құру қажет.

Халықаралық аренадан алшақтауға ұмты­лып, оқшау саясат жүргізетін мемлекеттердің жаһан­дық даму жолынан шеткері қалатыны бел­гілі. Осы тұрғыда Орталық Азия мем­ле­кет­терінің әлемдік қоғамдастықпен ынты­мақ­та­суға ұмтылуын жоғары бағалауға болады. Осы­лайша қазіргі таңда Орталық Азияда бо­лып жатқан оқиғалар өңірді даму жолына тү­сіреді деген үміт басым.

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық

зерттеулер институтының директоры