Үкіметтің баспасөз орталығында кеше «QazaqGeography» ұлттық географиялық қоғамы РҚБ ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызметі аясында ішкі туризмді дамыту жобалары туралы баспасөз конференциясы өтті.
Брифингке БҒМ Ғылым комитетінің ғылыми жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік мониторинг жүргізу басқармасының басшысы Раушан Мұқышева, «QazaqGeography» басқарушы кеңесінің төрағасы, «Назарбаев Университеті» ААҚ инновациялар жөніндегі вице-президенті Қанат Байғарин, «QazaqGeography» халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов, Назарбаев Университеті National Laboratory Astana биофотоника және имиджинг зертханасының кіші ғылыми қызметкері Вероника Дашкова қатысты. Қатысушылар бірлестіктің ішкі туризмді дамыту бойынша қандай шаралар жоспарлап, нендей жұмыстар атқарғанын баяндады.
Аталған қоғамдық бірлестік 2013 жылы құрылған болатын. Содан бері сан-алуан жобалар қолға алынып, ішкі туризмге өз үлесін қосуда. Бірлестіктің биылғы жылға бағыттаған шаруасы да аз емес екен.
«2018 жылғы маусым «Арал – 2018» ғылыми-танымдық экспедициясынан басталады. Сапардың басты мақсаты – Солтүстік және Оңтүстік Аралдың гидробиологиялық әртүрлілігі туралы деректер жинау», деді Қ.Байғарин.
Екінші экспедиция – «Киелі Қазақстан» жыл сайынғы экспедициялар топтамасы аясындағы Орталық және Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне жасалатын сапар болмақ. «Киелі Қазақстан» экспедициялары рухани мұраның ежелгі тарихи нысандарын жан-жақты зерделеуге бағытталған. Сондай-ақ өткен жылы «Киелі Қазақстан» жобасы аясында киелі орындардың электонды атласын жасау мақсатында «QazaqGeography» тобы Қазақстанның киелі орындарын аралаған. Ал биыл ғалымдар рухани мұраның 6 нысанын зерттемек.
«QazaqGeography» сонымен қатар Тұран жолбарысын, Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру және Ұлытау қорығын құру жобаларына қолдау көрсету бойынша жұмыстарын жалғастырады. Аталған жобалар 2014 жылдан бері іске асырылуда.
Назарбаев Университетінің вице-президенті Қ.Байғариннің айтуынша, бұл Тұран немесе Балқаш жолбарысының қайта туылу мәселесін ғана емес, сондай-ақ табиғат пен экологияның тұтас тізбегін қамтитын көлемді жоба: тізбек үстіндегі жыртқыштың немен қоректенетінінен бастап, оның тіршілік ету ортасының өсімдік жабыны қандай болатынына дейін ескеріледі. Яғни, жоба мәселеге ғылыми тұрғыдан қарау арқылы іске асырылмақ.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»