• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2018

«Қазақ елі» сериалының жалғасы Оңтүстікте түсіріледі

410 рет
көрсетілді

«Қазақ елі» көпсериялы тарихи-драмалық кинотуындының алғашқы 10 сериасы өткен жылдың басында көрермен қауымға ұсынылған болатын. Енді сериалдың ІІ маусымы «Алтын тақ» деген атаумен түсірілмек.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев түсірілім тобымен кездесуінде тарихи сериалдың ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығы мен Оңтүстік өңірінің тарихи мәніне тоқталды. Басқосуға туындының қоюшы-режиссері Рүстем Әбдірашев, бас продюсер Арман Асенов бастаған шығармашылық топ қатысты. Фильмнің қоюшы-режиссері Рүстем Жарасқанұлы кездесу барысында тарихи шығарманың өңірдегі түсіріліміне қолдау көрсету қажеттігін жеткізді. Бұл орайда облыс әкімі киіз үйлер, ат, көне декорациялар, медициналық және қауіпсіздік сынды көмектің барлығы жасалынатынын жеткізді. Тиісті сала, мекеме басшыларына тапсырма берді. 

«Дегенмен кинодан осы өңірдің талантты әртістерін де көргіміз келеді. Мұнда кәсіби деңгейдегі өнер адамдары жеткілікті. Аталған фильмге жергілікті әртістерді қатыстыруды ұсынамын», - деді Ж.Түймебаев.

Туындының Оңтүстіктегі түсірілімі 25 сәуірден 4 шілдеге дейін жалғасады. Түлкібас, Төле би аудандары мен Арыс, Ақсу өзендерінің бойында және Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Керей ханның ауылы», «Хан ордасы» сынды декорациялар жасалынбақ.

Айта кетелік, "Қазақ Елі" көркем сериясының жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қолға алынған болатын. Фильмде қазақ хандығының қазығын қаққан Керей мен Жәнібек тұсындағы XV ғасырдағы көшпенді қазақ мәдениеті сипатталады. Алғашқыда Рүстем Әбдірашев фильмнің 20 сериясын бірден түсіргісі келді. Алайда қаржы жетпеуіне байланысты 10 сериясы кейінге қалдырылған-ды. Дегенмен сол кезде қалған он серияның біразы түсіріліп үлгерілгені де айтылған болатын.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы