• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 17 Сәуір, 2018

Сенатта «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға түзетулер қаралды

423 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2017 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламентінің алтыншы шақырылымы үшінші сессиясының ашылуында берген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әзірленді.

Құжатта Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің, құрылымы мен басқару органдарының құқықтық мәртебесін, мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттарын, негізгі бағыттарын нақтылау көзделіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қайырымдылық пен медиацияны дамытуға ықпал ету түрінде  жаңа бағыт енгізіледі. Жаңа бап Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттерін бөлісетін этномәдени бірлестіктердің қызметтерін реттейді, азаматтардың белсенділігі мен өзіндік әрекетін дамытуға, олардың дәстүрлерді, тілдер мен мәдениетті сақтау және дамыту саласындағы мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған. Заң жобасы дәстүрлерді, тілдер мен мәдениетті сақтау және дамыту саласындағы этномәдени бірлестіктердің қызметіне мемлекеттік қолдауды жүзеге асыруды, мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды көздейді. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер институты одан әрі жетілдіруге бағытталған қоғамдық аккредиттеу рәсімінен өтетін болады.

Заңға сонымен қатар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға арналған ережелер енгізіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс істеуін ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында Ассамблеяның атқарушы органдары айқындалады және олардың қызметінің тәртібі реттеледі.

Заң жобасының қабылдануы Қазақстан қоғамындағы этносаралық келісім мен толеранттықты, елдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.