Адам үшін денсаулықтан артық не бар?! Басың ауырып, балтырың сыздаған күні қу жаның қуырдақ болады. Емханаға барасың. Мөнді-мөнді болып дәрігердің алдында отырасың. Кейде сол дәрігерге жетудің өзі мұң.
Тұрғылықты жеріңе бөлінген емдеуші дәрігерің болмай қалса бір-біріне сілтейді. Қазір шағын отбасылық емханалар шықты. Емханалардың көбінде учаскелік дәрігерден өзге салалық мамандар, құрал-жабдықтар кемшін екенін несін жасырамыз. Алдымен ана жерден, мына жерден аласың деп, өкіртіп дәрі жазып береді. Анализді өткізсең – ол да басқа жақта тексеріледі. Аппаратқа түсу керек болса, қолыңа бір жапырақ қағаз ұстатып, түген емханаға бар дейді. Сонда барасың, қайтып келесің.
Жақында жақынымыздың қан қысымы көтеріліп, отбасылық дәрігерлік амбулаториясына (ЖШС) бардық. Учаскелік дәрігер тексерді. Салалық маман қажет болып, келісім бар өзге емханалармен сөйлесті. Астанадағы №6 көпсалалы емхана кардиологына барып тексерілу үшін қолымызға жолдама ұстатты. Еңселі ғимараттың табалдырығын аттап кардиолог дәрігердің бөлмесіне барсақ, медбике жұмыс уақыты аяқталып, кетіп қалғанын айтты. ЖШС-дағылар тіркеу бөліміне хабарласқанда, жұмыс істеп жатқанын айтқан еді. «Бұл қалай?» дегенімізде, медбике оны тіркеу бөлімінен білуді еске салды. Ондағылар кестеге қарап кардиолог дәрігер 16.30-ға дейін жұмыс істейтінін алға тартты. Осы аралықта ЖШС-ға хабарласқанымызда, олар да осыны қуаттады. Кейін тіркеу бөліміндегі қыз дәрігердің 15.00-ге дейін істейтінін тілге тиек етіп, алғашқы сөзінен жалтарып шыға келді. «Сонда кімге сенеміз?» дейміз. «Немене, шу шығарайын деп тұрсыздар ма?» деп қойып қалды. Қолдағы жолдаманы байқаған соң, «Мұндай қағазбен қабылдау мәселесін дәрігердің өзі шешеді» деді.
Жаны мен тәні ауырған адам емханаға шу шығару үшін емес, шипа алу үшін келетіні белгілі. Несін жасырамыз, соңғы кезде емханалардағы ақ халаттылардың көп жағдайда селқостық танытатыны ойлантады. Учаскелік дәрігер кардиологтың қорытындысынсыз кей дәрілерді бере алмайтынын айтқан еді. Өзге кардиологтың бар-жоғын сұрастырсақ, болмай шықты. Бар кардиологтың өзі талонмен қабылдайтынын естіген соң, талон береді деген есікті қағайық.
Ондағы отырған азаматша иманжүзді болып шықты. Он күнсіз талонның болмайтынын айтып, біраз мәселелермен бөлісті. Айталық, жеке амбулаторияларға да талон бөлінеді екен. Бірақ оны дер кезінде алу жағы кемшін көрінеді. Осыдан сырқаттар зардап шегетінін жасырмады. Бұл «реформаның» жұртты сабылтып қойғанына өкініш білдірді. Емханадағы азаматтарды тұратын жеріндегі жеке амбулаторияға жіберудің арғы жағында үлкен емханалардағы кезекті азайту тұрғанын да бүгіп қалмады. ЖШС-дан бұрын тіркелген іргелі емханаға қайта оралу жайын қозғағанымызда, оның да талабы бар екенін алға тартты.
Жалпы, жеке амбулаториялар қажет шығар. Бірақ мекеменің бәрі салалық мамандармен толық қамтамасыз етілмей отырғаны рас. Ондай маманға қол жеткізгенге дейін сырқат адамның денсаулығы нашарлай берсе, тіпті кейін оның аяғы залалға соқтырса қалай болады деген күдігімізге ақ халатты абзал жандар «Жедел жәрдем бар емес пе?» деп төте жол көрсетті. Сол арқылы жатып ем алуға болады екен. Кейде олардың да қашқақтайтыны бар. Бұл «Көнсең осы, көнбесең ақылыға бар дегенді» меңзеп тұр ма деген ойға батасың. Жаныңа сырқат батқанда дәрігерлермен айтыс-тартысқа түспей қоймайсың. Сондай кезде олардың да жүйкесі жұқарғандықтан шығар, қарсы уәждерін білдіріп, айлықтарының аздығын айтып, мұңдарын шағады. Осы жерге келгенде олармен тіресе берудің жөні жоқ екенін ұғасың.
Қай емханаға барсаң да қабағы түсіп, бұл не сұмдық деп жүрген үлкен-кішіні, бала арқалаған ананы көресің. Тексеріліп, ем алуды әрдайым есіне салып отыратын емханаға тіркелген шенді мен шенеуніктер қарапайым жұрт қаралатын, қарбаласы көп орындарға, алдын ала ескертпей, Аяз би секілді бас сұқса ғой, шіркін. Сонда былайғы халықтың халінен хабардар болар еді. Тіпті жоғарыдан басталған реформалардың «жемісі» осы ма дейтініне иманымыз кәміл.
Дәрі де қымбаттап барады. Ресми дерекке сүйенсек, кейбір созылмалы сырқаттар қолданып жүрген дәрі 20 пайызға өскен. Бір ақиқат, дәріге қатысты даудың арғы жағында – уақтылы өтпейтін тендердің жатқаны дер едік. Мұндай жүйесіздікті дұрыс жолға қоятын уақыт жетті. Енді емхана мен ауруханаға бас дәрігермен қатар, менеджер керек деген мәселе қозғалу үстінде. Бұл құптауға тұрады. Әлемдік үрдіс екені де дау туғызбайды. Бірақ оған жеткенге дейін халық денсаулығын бақылаудағы оралымсыздық, дайындықсыз тұрғындарды жеке амбулаторияларға ысыра салу ертең өкіндіріп жүрмей ме? Иә, жекешелендіру капиталистік қоғамның даму заңы дейік. Бірақ сол қоғамның тұғыры – халық екені ақиқат. Ендеше бұл саладағы сөз бен істің алшақтығын ашық айтып, халықты сабылтпай емдеу ісін бір арнаға салатын кез жеткен тәрізді. Әлде реформа реттелгенше, халыққа ауырмай жүре тұрыңдар дейміз бе? Қалай десек те, жаны ауырған жанның жанын түсінгенге не жетсін. Оны басынан өткендер ғана ұқса керек. Өзгелер де түсініп, түйсінсе, ұрпаққа жасалған жақсылық болар еді.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»