• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Сәуір, 2018

Бір суреттің сыры: Қос таланттың ортасындағы сәби кім?

1531 рет
көрсетілді

Осы бір сурет көзіме оттай басылғаны. Қазақтың екі бірдей талантты тұлғасының ортасында отырған атыраулық Стелла бұл фотода бар болғаны 4 жаста ғана. Батыс өңірінің бір түкпірінде туған әріптесіме сирек сәт қалай бұйырған?!  

Қас-қағым сәт. Бұл да бір дәурен. Дәуір дарындарының тамаша бір сапары сол кездегі Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Октябрь кеңшарында жалғасын табады. Қазір бұл аймақ Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылдық округі деп аталатыны аян. 

– Шынында да бұл сирек сурет. Сонау 1976 жылдың нау­рыз айында Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актрисалары Сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова, жас актриса Нүкетай Мышбаева, атағы енді дүркіреп шығып келе жатқан Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков қосылған жас актерлары бар бригада Нұржау ауылдық округіне келді. Сол кездегі Октябрь кеңшарының басшысы Мұғал Наурызбаев елге беделді, республикаға танымал азамат болатын. Оның сол күні қолы босамай қалып, қонақтардың жартысы – жігіт­тер біздің үйге, қыздар басқа үйге түсетін болды. Мен кең­шардың ветеринарлық дәріге­рімін. Қонақтардың жандарында Қыдырсиық есімді аудан­дық газеттің фототілшісі жүр. Актрисалар аудан мінгізіп жі­бер­ген «Волгада». Асанәлі мен Құ­мандарға «УАЗ» көлігі бұ­йырыпты.

Малдың төлдеп жатқан кезі. Өздері он шақты адам. Олардың Гурьевтен басталған сапары ауданға, одан әрі шопандар ауылына ұласады. Сол заманда танымал өнер ұжымдары егін, төл алу науқаны кезінде елді мекендерді аралап, концерт қойып, халықпен дидарласатын үрдіс бар еді. Алматыдан келген атақты актерлар біздің үйде екі күн қонды. 

КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың әңгімелері керемет қызықты. Ал Асанәлі Әшімов пен Құман Тастанбековтер өте қа­рапайымдылығымен есте қал­ды. Асанәлінің ішігі бар екен. Құманда қара тон болды. Актрисалар құндыз жағалы паль­­то киіп алған. Ол кезде бұл біз­­дің ауылдың әйелдеріне өте қым­­бат киімдер болып көрінетін. Жа­нымыз қалмай барымызды алда­рына тосып, құрметтеп күттік. Бұл күндер бізге мәңгілік есте қал­­ған сый болды. Қазақтың қа­дір­лі өнерпаздары Алматыға қайт­­­қаннан кейін отбасылық аль­­бом құрастырып, бір жасап қал­дық. 

Бұл суретте екі бірдей атақты актердің ортасында отырған тұң­ғышымыз Стелла. Қазақ Ұлттық университетін бітірді. Қа­зір Атырау қаласында тұрады. Өз ма­мандығы бойынша білікті қыз­меткер. Ұлды болды, қызды бол­ды. Бақытты ана! – дейді ел­дің сыйлы азаматы, еңбек ар­дагері Нұрсиық Ақмұрзин ағамыз. 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ