Кеше елордадағы Ұлттық музей мен Қазақстандағы Қытай елінің елшілігі бірлесіп «Таңғажайып Қытай һәм Аспанасты елінің көрікті мекендері» атты фотокөрме ұйымдастырды.
Көрме сөресіне қойылған суреттер бір ғана Цзянсу провинциясының өндірістік қуаты және экономикалық әлеуетіне, сондай-ақ аймақтың табиғи географиялық ландшафты ерекшелігіне арналған екен. Аталмыш провинция Қытай елінің шығысы, яғни теңіздің жылы лебі шайып жатқан көрікті өлке. Өндірісі де дамыған. Аймақтың ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда елдегі ең жоғары көрсеткішке ие. Тұрғындар саны 80 млн. Өткен жылғы ЭКСПО көрмесі аясында Қытай павильонында Цзянсу провинциясының арнайы апталығы өтті. Провинция экономикасы – «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы мен еліміздегі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының басты инвесторы.
Көрменің саяси маңызы жайлы көпшілікті хабардар еткен Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин, екі ел арасында мәдени-гуманитарлық сала бойынша ынтымақтастық қатынастар дамып келе жатқанына тоқталса, өз кезегінде сөз алған ҚХР Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй мырза өз елінде жетекші өңір санатынан орын алып отырған Цзянсу өлкесінің бүгінгі дамуы жалпы Қытай экономикасының бір көрсеткіші екеніне тоқталып, аталмыш көрменің міндеті – екі ел достығын бекемдей түсуге бағытталғанын айтты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»