Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген сөзінде мектеп мұғалімдерінің бүтін бір елдің болашағына жол салар мамандық иесі екенін білдіреді. Қай қоғамда өмір сүрсе де мектеп есігін ашқан жан ұстаз алдынан өтпек.
Байырғы мамандық иесі алдында кісілігін ұмытып кішірейетін, балалық бал дәуренді бастан кешіп қобалжитын, ұстаздың құдіретті күшін, өнегелі ісін көріп, өзін әлі күнге шәкірт санайтын тұлғалар баршылық. Сондай шәкірттері көп мұғалімнің бірі, Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 1953-1974 жылдары жетекшілік етіп, жарты ғасырға жуық ғұмырын ұстаздыққа арнаған, халық ағарту ісінің озық қызметкері Сәндеш Жақашқызы бүгінде құрметті демалыста болса да мектептің тыныс-тіршілігімен әлі біте қайнасып келеді.
Әлбетте адам өмірде әртүрлі тағдырмен тоғысады. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп хәкім Абай айтпақшы, өзінің болмысымен, ерекше қасиетімен санада өшпес із қалдыратын жандармен қатар өмір сүру, әрине, үлкен бақыт. Бұл ретте білім шаңырағында Қарашығанақ газ конденсаты кенін ашқан ғалымдардың бірі, академик Сухан Камалов, қоғам қайраткерлері Қабиболла Жақыпов, Мирболат Жақыпов, ғалым Баян Шынтемірова, Марс Ғаббасов, журналист Темір Құсайын, актриса Гүлнар Жақыпова іспетті белгілі түлектер білім алғанын мақтанышпен айтамыз. Сәндеш апамыздың тағы бір түлегі Тауфиқ Мұқанов мектеп табалдырығын 1955 жылы аттағанын, сол кезде жетіжылдық А.С. Пушкин атындағы орысша мектептегі алғашқы ұстазы Клавдия Ивановна Левецкая болғанын құрметпен еске алады.
«Ол кездегі мұғалімдер бөлек еді ғой. Терең білім беретін. Әсіресе математикаға баулыған Хадиша Құдайбергенованың еңбегі көп еді. «Математика в школе» деген журналға жарияланған тереңдетілген есептерді шығартып, жүйелі дайындайтын. Мұғалімдерден алған білімім қай қызметте жүрсем де өміріме азық болды деп айта аламын», деп еске алады Тауфиқ Уәшұлы. Сол кездегі мектеп директоры С.Жақашқызы Т.Мұқановты «Алтын медальға» ұсынған екен. «Алғашқыда келіспедім. Себебі өзге сыныптастарым, қатар құрдастарымның көңілдеріне қаяу түсіп қала ма деген ой болды», деген ағамыздың сөзінен сол заманның риясыз достық кейпі мен ұстаздың мөлдір тәрбиесін көреміз.
А.Оразбаева атындағы мектептің 1966 жылғы түлегі Баян Ғаббасқызы Батыс Қазақстан өңіріндегі білім саласының дамуына өзіндік сара жолын арнаған жандардың бірі. «Ұстазым» әні шырқалғанда менің де есіме мектебім, сүйікті ұстаздарым түседі. Сол кездегі мектеп басшысы Сәндеш Жақашқызы тарихтан сабақ беретін. Екі дүркін Жоғарғы Кеңес депутаты болған, өте әдемі, сырбаз адам артық-ауыс сөйлемейтін, көп күлмейтін. Тап бір дауысын көтеріп ескерту жасамаса да, қаталдық көрсетпесе де апамыз алыстан көрінгенде көзіне түспеуге тырысатынбыз», деп еске алады ол. Осы толғанысты тыңдай отырып, Баян Ғаббасқызы да әдемілік пен парасаттылықты ұстаздарынан сіңіргеніне шәк келтірмейсіз. Бұл білім ордасында еліміздің Қарулы Күштерінің генералы Хайретдин Рысқалиев, ауыл шаруашылығы ғылымының майталман маманы Лаура Әбділдина, ақпараттандыру мен цифрлы білім беру ісінің үздігі Альмира Рысмағанбетова сияқты республикаға кеңінен танымал талай түлектер ұшып шықты. Олардың барлығы бүгінде ел игілігіне еңбек етуде.
Ұлт ертеңін өсірген қасиетті қара шаңыраққа 150 жыл толып отыр. Мектеп мерейтойының қарсаңында педагогикалық музей, түлектер форумы, ардагер ұстаздарды ұлықтау, мектеп тарихына арналған энциклопедия және облыстық деңгейде конференция, халықаралық турнирлер ұйымдастырылуда. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» дегендей, ұстаз – мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Сондықтан осы шаңырақта еңбек еткен педагогика ардагерлері туралы жинақ шыққан болатын. Әрине қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Осы бағытты берік ұстанған А.Оразбаева атындағы мектеп ұжымы бүгінде де биіктерді бағындырып келеді. Қазір мектепте 83 педагог қызмет етсе, оның ішінде жоғары санатты – 12, І санатты – 23, ІІ санатты – 28, Кембридж бағдарламасы бойынша сертификатталған 16 мұғалім жаңа форматта жұмыс істейді. Сондай-ақ 4 мектеп тренері мұғалімдердің жаңа форматтағы жұмысын бағдарласа, 5 мұғалім құзыреттілікке бағытталған үштілділік курсымен, 38 мұғалім жаңартылған білім беру курсымен қамтылып отыр. Мектеп оқушыларын өмірге бейімдеу, өмірлік құзыреттіліктерін дамыту мақсатында облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға, пән олимпиадаларына дайындауда география пәнінің мұғалімі Г.Ажбаева, саз пәнінің мұғалімі К.Молдағалиева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ф.Оразғалиева, тарих пәнінің мұғалімі С.Сейтжанова, тарих-география пәндерінің мұғалімі М.Төлекенова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Б.Шакуова, физика пәнінің мұғалімі Г.Исмағұлова өзіндік тәжірибелерімен ерекшеленеді.
Бәлкім ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Өйткені бір жарым ғасыр ішінде қаншама шәкірт, қаншама ұстаз, тұтас ұрпақтар буыны алмасты. Бірақ мақсат пен міндет бір – ел ертеңін тәрбиелеу, қоғамның жетілген тұлғасын қалыптастыру. Аға буын қалыптастырған сара жол ұмытылмақ емес, сол сүрлеу, сол бағыт, ел мүддесін ойлар, кетікке кірпіш болып қаланар түлек тәрбиелеу басты бағдар болып қала бермек.
Әлия ҒҰСМАНОВА, Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Казталов ауылы