Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарымыз туралы айтылады. Әр жылдың 18 сәуір күні – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні болып жарияланған. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Дүние жүзінің 122 елінен 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.
Елімізде ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Ал Отырар ауданы бойынша, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің тізімінде 202 тарихи-мәдени ескерткіш тізімге енгізілген, олардың 3-еуі республикалық, 73-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарына жатады.
Бүгінде қазақ халқының орта ғасырлық ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өнерінің кең тараған өлкесі Отырар даласының тарихи жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап, насихаттап келе жатқан Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі. Тарихи-мәдени ескерткіштердің Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері, әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор.
Осы тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми негізде терең әрі дәйекті зерттеу, зерделеу сол арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, сол өткен тұлғалардан үлгі-өнеге беру қазіргі қазақ мемлекетінің алдында тұрған бірден бір маңызды мәселелерінің бірі. Қазіргі таңда Отырар музейінің тізімінде 202 тарихи-мәдени ескерткіш тізімге алынған. Тізімге алынған ескерткіштер өз санаттарына қарай бөлінген. Басым көпшілігі археологиялық ескерткіштер, олардың ішінде республикалық дәрежедегі үш ескерткіш олар; аты әлемге мәшһүр болған ортағасырлық Отырар, сондай-ақ ғұлама ғалым Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келген қаласы Оқсыз қалажұрты және Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстанбабтың кесенесі қазіргі таңда мемлекеттің басты назарында.
Отырар ауданында орналасқан ескерткіштер қатарында ежелгі тұрақтардан бастап, ортағасырлық обалы қорымдар мен қалажұрттар, мекенжұрттар, каналдар мен архитектуралық ескерткіштер жатады. Ескерткіштердің басым бөлігі Отырар қалажұртына жақын Қоғам, Қарғалы және Талапты ауылдық округтерінде орналасқан. Қорық мұражай жыл сайын ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында барлау және бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады, жаңадан табылған археологиялық ескерткіштерді есепке алып, оларды жоюдан, бүлдіруден қорғау мақсатында ауылдық мектеп оқушылары мен тұрғындар арасында іс-шаралар өткізіп отырады.
Қазіргі таңда Отырар музейі қызметкерлері жыл сайын археологиялық зерттеулер арқылы аудандағы ғасырлар куәсі болған қала жұрттар, тұрақтар, арық-каналдар, үңгірлер мен қорған-обаларлың орнын тауып зерттеп, мұражай тізіміне алып, табылған жаңа ескерткіштерге арнайы құжаттар толтырып тізімге алып отырады. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім» деп жазған болатын.
Ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау өткен көне замандарда да өткір мәселенің бірі болып отырған. Ежелгі грек елінің жылнамашысы Полибий: «Болашақтағы жаулап алушылар, өздері бағындырған қалаларды қиратпауды, өз елдерін басқа халықтардың қайғысы мен көз жасымен байытуды үйренбейді деп сенгім келеді» деген екен. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келеді.
Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шертіп, бүгінгі күнге дейін сақталып жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ. Осы тарихи ескерткіштерді көркейте отырып, көне ескерткіштері туристік жерлерге айналдырып, отандық және шетелдік туристерге жағдай жасап, ескерткіштердің ел экономикасының көтерілуіне себебін тигізуіне мүмкіндік туғызуымыз керек. Бұл қазақ елін, жерін, тарихын бүкіл әлемге әйгілей отырып, экономиканың көтерілуіне де өз үлесін қосады және Қазақстанның шетелдермен байланысын нығайта түседі.
Отырар өңірінің тарихи ескерткіштеріне жеке тоқталмай, тек адамзаттың қолымен бүлінуге түскен, бастапқы қалпын жоғалта бастаған бірқатар ескерткішке сипаттама бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Зиратқа айналған ескерткіштер: Жалпақ төбе, Сазан төбе, Жарты төбе, Ескі мола төбе, Жар әулие, Оқсыз, Қауған ата, Қаракөншек, Төлеңгіт, Тоғай төбе, Шөл төбе, Шытты төбелер. Бұл төбелер мемлекет тарапынан көңіл бөлінбей тұрған ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінде мәйіт қойылып, мазаратқа айналдырылған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған ескерткіштердің көпшілігіне адам мүрдесін қою тоқтатылып, әкімшілік тарапынан зиратқа арнап бос жерлер берілген. Отырар қорық-музейі ескерткіштерді сақтау мақсатында ауыл әкімдіктерімен тығыз байланыста болып, бірге жұмыс жасайды. Ескерткіштер маңына жақын орналасқан шаруашылық иелеріне арнайы қорғау міндеттемелері толтырылып беріледі. Осы жұмыстардың өз деңгейінде атқарылуын жергілікті атқарушы орган болып саналатын ауыл әкімшіліктері жүргізіп келеді.
Өткенге ой жіберіп, зерделемей, бүгінгіні тану мүмкін емес. Қай ескерткіш болсын оның мәдени мұра болып қалатынын естен шығармайық, оларды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ескерткіштерді сақтау біздің өткен өмірге деген көзқарасымызды, оның алдындағы жауапкершілікті білдіреді. Мұражайдағы жинақталған дүние – оның жаны саналады. Әр жәдігер адамға желпініс, әсер береді. Сондай-ақ ол өз дәуірінің мәдениеті, өз дәуірінің белгісі, ұрпаққа қалған аманат. Ескерткіштер осынысымен құнды, ескерткіштерді қорғап, сақтау, ата-бабаларымыздың қалдырған мұраларын қастерлеп ұстау келер ұрпаққа жүктелер міндет болмақ.
Қуаныш ШОХАЕВ, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК «Тарихи ескерткіштерді қорғау» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі