• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2018

Мәулен Әшімбаев Павлодар облысының бірқатар әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты

247 рет
көрсетілді

Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бұл күндері партия қызметін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. 

Соның ішінде партияға жүктелген міндеттердің бірі – елді жаңғырту жолындағы маңызды бастамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы іске асырылуына бақылауды, осы бағытта партияның белсенділігін күшейту. Павлодар облысына келген партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың бағыт-бағдарымен танысты.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев алдымен алюминий өндіретін «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамында болды. 2010 жылдың маусым айында Елбасы кәсіпорынның екінші кезеңін іске қосқаны белгілі. Бұл күндері зауыт толық жобалық қуаттылығы бойынша жұмыс жасауда. Сол күннен бас­тап кәсіпорын жылына 250 мың тонна алюминий өндіруде.

Өндірістің еңбек ұжымымен кездескен М.Әшімбаев «Пре­зи­дент­тің бес әлеуметтік бастама­сының» мәні мен маңызына кеңі­нен тоқталып, жұмысшылардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Жалпы, «Нұр Отан» партия­сы қазақстандықтардың еңбек құ­қы­­ғын қорғауға айрықша көңіл бөліп келеді. Осыған байла­нысты партия елі­міздің Кәсіп­одақтар федерация­сымен Өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жө­нінде келісімге келді. Бұл құжатқа «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым қол қойды. Нәтижесінде тараптар қазақстандықтардың мүддесі мен еңбек және әлеуметтік-эко­но­микалық құқықтарын қорғау мақсатында партиялық және қоғамдық бақылауды ұйым­дас­тыру жөнінде өзара келісімге келді. Алдағы уақытта аталған екі қо­ғам­дық институт мемлекеттік орган­дармен бірлесіп алдын алу жұмыстарын одан әрі жетіл­діруді, еңбек дау-дамайлары мен әлеуметтік бағыттағы төтенше жағдайларды шұғыл шешуді, бұл жұмыстарға білікті сарапшылар мен тәжірибелі мамандарды жұмылдыруды және еңбек ұжымдарындағы бастауыш партия және кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейту жөнінде ұсыныстар дайындауды жоспарлап отыр.

Бүгінде партия Төрағасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі күндері халықты алаңдатқан мә­селелерді нақты шешу мақ­сатында 22 жаңа партиялық жо­ба дайындалуда. Соның аясында Павлодар облысында да жаңа қа­натқақты жобалар басталды. Яғни «Нұр Отан» мен жергілікті мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастық арасында бірқатар меморандумға қол қойылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ар­қылы балаларға арналған тегін IT сыныптар ашуға, арнайы IT мамандарды даярлап, ха­лық­тың цифрлы сауаттылығын арт­тыруға, өңірлік кітапханалар жүйесін трансформациялауға және кітапханаларды қазіргі за­ман­ғы білім орталығы ретінде қай­та құруға жол ашылады.

– Жаңа жобалар партия жұ­мы­сының тиімділігін одан әрі арт­тыруға бағытталған. Біздің әрбір бастамамыз бен ұйымдас­тыр­ған іс-шараларымыз нақты нәтиже беріп, халыққа өз пайдасын тигізуі керек. Көздеген мақ­сатымызға қол жеткізу үшін біз үкіметтік емес ұйымдармен, биз­нес қауымдастықпен және мем­лекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Партия Төрағасының бірінші орын­басарының айтуынша, елімізде 1000 ІТ-сынып ашылмақ. Оны үш жылдың ішінде жүзеге асыру жоспарланған. Әр жылда тегін курстар арқылы 150 мың бала және 35 мың ересек адам бағдарламалау негіздерін үйренеді. Сонымен қатар сапар барысында Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастарымен және «Жас Отан» жастар қанатының IV съезіне қатысқан делегаттармен кездесті. Облыс орталығындағы IT орталық пен «Жастар бастамаларын дамыту» орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталықтарда жас­тар мобильді қосымша, веб-сайт сияқты IT-индустрияға қатысты жобаларын ұсынып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ орталыққа келушілер әр салада жаңа ақпараттық технологиялар мен бағдарламалар дайындап, оларды қолданысқа енгізу мақсатында жұмыс істейді.

Ал «Жастар бастамаларын да­мыту» орталығында орналасқан IT орталық елімізде алғаш болып жас­тарға «бір терезе» қағидасы бо­йынша қызмет көрсетуде. Онда жастарға жұмысқа орналасу, мемлекеттік бағдарламалар ар­қылы баспаналы болу, жастар ара­сында кәсіпкерлікті дамыту, заңдық және психологиялық қол­дау көрсету және кәсіби бағдарлау жұмысы сияқты қызметтер көр­сетіледі.

Өңірде цифрландыру бағы­тын­да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыс орталығындағы жаңадан ашылған №37 орта мектепте цифр­лы технологиялар мек­теп­тің күнделікті тыныс-тірші­лігі­не енген. Оқушылар мек­тепке арнайы карта немесе саусақ таңбасы арқылы кіріп-шы­ға­ды. Ата-аналарға арнайы хабарла­ма жолданады. Бұл ата-аналардың балаларын бақылап отыруына мүмкіндік беріп отыр. Мектепке арнайы келген Мәулен Әшімбаев мұғалімдермен және оқушылармен кездесіп, заманауи білім беру жүйесін дамыту жайында пікір алмасты.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынба­сары қарттар мен мүмкіндігі шек­теулі жандарға арнайы әлеу­меттік қызмет көрсететін «Ар­дагерлер үйі» оңалту орталы­ғын­да болды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы

Суретті түсірген Валерий Бугаев