Еліміздің бас басылымы жанындағы жас журналистерге арналған «Егемен академиясының» кезекті отырысына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, «Цифрлық дәуірге қадам» тақырыбымен дәріс оқыды. Жиынға Астанадағы жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.
Дәріс барысында министр жастарға мемлекеттің ақпарат саласындағы саясаты туралы жан-жақты әңгімеледі. Атап айтқанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаты мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің маңызын тарқатып айтты. Сонымен қатар бүгінгі журналистиканың жай-күйі, осы саладағы сапалы білім және бәсеке, отандық БАҚ-ты дамытуға қатысты шаралар, ақпарат алу мен тарату, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты айтылды.
Дәріс соңында Министр Дәурен Абаев жас журналистерге бәсекеге қабілетті болып, қазақ журналистикасының деңгейін арттыру үшін жүйелі білім алудың маңыздылығын айта отырып, оларды жаңа технологияларды үйренуге және сол технологиялардың тілі саналатын ағылшын тілін меңгеруге, жан-жақты болуға шақырды. Сонымен қатар министр «Егемен Академиясы» жобасының артықшылықтары жайлы, оның журналистерді даярлауда алатын орны туралы пікірін білдірді.
Іс-шараға жиналған жастар да белсенділік танытып, спикерге өз сауалдарын қойып, пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, «Егемен Қазақстан» газетінің жанынан ашылған жобада әр курс үш ай уақытты қамтиды. Аптасына бір рет болатын дәрісті басылым қызметкерлерінен бөлек арнайы спикерлер де жүргізеді. Жас журналистер білікті мамандардың дәрісін тыңдай отырып, мақала жазу, хат қорытудан бастап, басылымның баспаханадан шығуына дейінгі процесімен жан-жақты танысады.
Сонымен қатар, дәрістер бойынша танымдық мақала, эссе және сараптамалық мақала жазған белсенді қатысушыларға курс аяқталған кезде арнайы сертификаттар табысталады. Академияның алғашқы маусымда тақырып таңдау, тақырып қою, зерттеу мақаласын жазу, сараптамалық мақала жазу, мәтінді өңдеу, сұхбат алу, фотожурналистика, беттеу секілді тақырыптар қамтылады.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»