Жер бетінде сонау да сонау көз жеткісіз, көңіл сенгісіз небір ықылымдардан бері жасап келе жатқан заты адам баласының ең зарлы мақсаты не десе, ол – адам болу дер едік. Түр-сипатыңмен, тәніңмен ғана емес, жаныңмен, алпыс екі тамырыңдағы қаныңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен.
Хайуани шартты түйсіктері барынша аласталған адами асыл қасиеттермен. Абай хакім айтатын нағыз кемел адам болудың ілім-өнері тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта ешқашан, ешбір түгесілмек емес. Жалпы, адамзаттан үшін ол мәңгіліктің жолымен тең ұлы мұратқа саймақ.
«Адам қайткенде адам болып қалады?» деген сауалға бұл дүниенің кемеңгер ойшылдары әр кезде жауап іздемей тұра алмаған. Аристотель мен әл-Фараби бабамыздан бастап Шекспирлер, Толстойлар тоғыз ойланып, тоқсан толғанған адам болудың ілімін індетіп, адамзаттың келер ұрпағына аңдатпалық қаншама толағай еңбектер қалдырған. Қазақтың өндір жастары адам болуын көксеген Бұқар жырау Алладан екі қолындағы саусақтары жеткенше санамалап, тіпті одан да асырып әзиз тілектерін тілеген. Қазақтың адам боламын деген әрбір адамына арғы-бері данышпандардың барлығымен терезесі кәміл тең Абайымыз еттен өткізе, сүйекке жеткізе айтып кетті. Ой көзімен зерделеп, тәмсілін танып, көкейге түйе білген пендеге одан кейінгі Алаш арыстарының да әрбір сөзі адамшылық ғибратына шақырады. Әттең дүние, елдің бәрі осынау асыл мұраларға мо- йын бұрса, көңіл қойса, қане?!
Біз айтар едік, қазіргі қазақ үшін, үлкені мен кішісіне бірдей, адамшылықтың әліпті таяқ деп білгізерлік, темірқазық жұлдызындай адастырмас, ең ғажап әліппесі халқымыздың ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай қалыптасып сақталған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында, неше мың жылдық өмір-тіршілік тәжірибесімен қордаланып жинақталған қазыналы да қормал даналығында жатыр. Сонымен бірге мың жылдан бергі хақ мұсылман қазақтың имани ізгілігі де халықтың өзі қалыптап жасаған осынау адамшылық әліппесінің алтын арқаулы өзегіне айналды деп айта аламыз. Бұған қоса, түп байтағымыз Өтікеннен темір балқытып басталған түркілік терең тамырлы, тылсым сырлы көкбөрілік рухымыз адамшылықтың, адамгершіліктің асқақ мұраттарын шырқау биіктерде самғатып, «ежелден еркіндік көксеген» Қайым Мұхаметханов ар-намыстың туын желбіретеді. Құдайға шүкір, тексіз емеспіз, тамырсыз емеспіз, бүгінгі ұрпақтың адамшылық ілімінен құмарын қандыра сусындатар өзіміздің тұнық тұмалы бастау-бұлағымыз да, телегей дариямыз да бар екен.
Айтты-айтпады, адамшылық негізі имандылық пен ата дінімізде, әдет-салтымызда жатқандығы күмәнсіз. Тәуелсіздікпен бірге қайта оралған асыл дініміз, алпыс екі жылдан бері көзайым болып көріскен әз Наурызымыз ізгілік, мейірім, қайырым, дарқандық, кешірімділік, жан тазалығы сынды қаншама адамдық сапаларды түптен қозғап жаңғыртты. Қазақ ауылындағы ешқашан желісі үзілмеген ағайын-абысынның татулығы, үлкенді сыйлау, кішіні ілтипаттау, келіннің сәлем салуы, өскелең ұл мен қызға жан-жақты жанашырлықпен жасалатын тыйымдар адами тәрбиенің пәрменді тетігі болып келеді әмбе келешекте де солай бола бермек. Мұның өзі ата-баба дәстүріне қылау түсірмеген қазақы орта адамшылықтың мүлтіксіз мектебі екендігін айғақтай түседі.
Қазақтың ертедегі ауыз әдебиетінен, ертегі-жырларынан, мақал-мәтел, нақыл мен қанатты ой орамдарынан түзілген бабалар сөзінің байыпты даналығы адамшылықтың ең басты әліппелерінің бірі десек, артық айтпаспыз. «Аяз би» ертегісі тәмсілінің, жақсылық пен жамандық күресі ғибраттарының кім-кімге де үйретер тектілік пен адалдық өнегесі мол. Қазақтың мақал-мәтелдерінің араласпайтын жері, айшықтап бейнелемейтін мінезі, шашбауын көтермейтін жақсылық үрдісі, түйреп шанышпайтын жаман ғадеттер жоқ десе де болғандай. Осы тұрғыдан келгенде халқымыздың даналығы, бабалардың байтақ ақыл кеніндей бахадүр де байсал сөзінің телегей-теңіз мұрасы талай замандар бойы бүтін қазақ жұртының, оның елдігінің еңселі конституциясы болып келгенін де ешкім жоққа шығара алмаса керек. Олай болса, бостан еліміздің болашақ ұрпағын адамшылыққа баулимын деген мекеме-институттарымыз, мектептеріміз, білім ордаларымыз өзгенің қаңсығына бас ұрып жүгіне бермей, баз-базында өз жұртымыздың даналығын, бабалар сөздерін басшылыққа алғаны ғанибет емес пе деп ойлаймыз.
«Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» деген Абай шығармалары, ғақлия сөздері мен өлеңдері, поэмалары адамтанудың тұтас ілімі, адам болудың маңызын күні бүгінге дейін жоғалтпаған оқулығы деген тұжырымға көпшілік қауым келісіп, қол қоятын шығар. Дүниеде адамдық хикметінің алуан қырларын анықтап, керемет сырларын аша білген Абайдай данышпан кемде-кем. Профессор Мекемтас Мырзахметов үнемі ізерлеп айтып жүргеніндей, толық адам, кемел адам дәрежесіне көтерілу орайындағы қазақ хакімінің хадистей қағидат толғамдары, ақылман ғақлиялары бүгінгі таңдағы рухани жаңғыруымызға да септігін тигізер бас ақылшы болары айдай ақиқат.
Кемел келешегіміздің атпал азаматтарын, көненің көмбесін де, жаңаның жасынын да жан-жүрегіне бірдей дарытқан асқақ рухты, азат ойлы ұрпақты баулу қиын да абыройлы міндет. Осы ретте халқымыздың, Абай сынды ұлыларымыздың, Алаш арыстарының толғап кеткен адамшылық әліппесін қаперден шығармай, тәрбиенің мықты құрал-қаруына айналдыра білейік, ағайын.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»