Махаббат мен парасатты қос өрімді бұрымдай қатар жырға қосқан ақын Ханбибі Есенқарақызының есімі қазақ еліне етене таныс. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен ақын Ханбибі Жайық жағасына келіп, жыр кешін өткізді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек жүргізген шығармашылық кеш мәнді де мағыналы болды.
Қазыналы Атырау туралы өлеңін оқып бастаған кеште Ханбибі Есенқарақызы өмір туралы толғаныстарын да көрерменмен бөлісіп отырды. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, белгілі әншілер Ұлықпан Жолдасов, Хадиша Шалабаева, Медет Қарамырза мен «Самал» тобы орындаған әндер де Атырау аспанында әуеледі.
– Мұнайлы өлке, шырайлы өлке туралы өлеңдерім аз емес. Соны ата жұртымның алдында оқып берер бір күн болса игі еді деп көптен бері ойлап жүрген арманым орындалды, – дейді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы.
Ақын кешіне Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен де қатысып, ақ тілегін арнады.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ