Жастардың білім мен ғылымға талпынысын қолдау мақсатында өткен жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Ақмола облыстық әкімдігі арасында серіктестік туралы меморандум жасалып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру сәтімен жүргізіліп келеді.
Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасы Мемлекеттік тілді дамыту қорымен бірлесіп «Латын әріпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғырту жолы» атты семинар өткізуі соның дәлелі.
Шараның бірінші кезеңінде өңір студенттері мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, аудармашылар мен ғалымдар бас қосты. Ал мектеп ұстаздары мен 9-11- сынып оқушыларын қамтыған семинардың екінші кезеңі № 3 Красный-Яр көп салалы орта мектеп-гимназиясы қабырғасында жүргізілді. Іс-шара барысында смартфон және планшеттерге (Android және ІOS платформалары үшін) арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard» жаңа жобасының тұсаукесері жасалды.
Шараны Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова жүргізіп отырды. Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевтің орынды ескертпелері мен ұтымды ұсыныстары ыждағаттылықпен тыңдалды. Бұдан кейін сөз алған Қазақстан жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры, «Мәдениет» порталының бас редакторы Бауыржан Қарағызұлының, қор жобаларының үйлестірушісі Әсет Оспановтың және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Лайс Мусиннің баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ қатысушылар үшін Ақмола облысы архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Қазақ латын әліпбиі тарихының архив құжаттары» тақырыбында және Ақмола облысының білім және мәдениет басқармасының «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбындағы көрмелері ұйымдастырылды. Аталған көрмеге латын графикасы жөнінде мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар, зиялы қауым ой-пікірлері, 1929-1940 жылдар аралығындағы қазақ жазуының латын графикасында кеңінен қолданылғанын растайтын мұрағаттық құжаттары, білім саласындағы соңғы инновациялар қойылды. Іс-шара соңында облыстық тілдерді дамыту басқармасы дайындаған өңірдегі жас ақындардың өнерін көрсететін үш бейнероликтің тұсаукесері өткізілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы