• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Сәуір, 2018

Мүгедектер мүддесін қорғаған «ELAMAN» әлеу­мет­тік инновациялық жобалар қоры

535 рет
көрсетілді

Мына жалғанда қанша адам жер басып жүрсе соншалық тағдыр бар. Біреудің басына денсаулықты зар етсе, енді біреуді перзенттен қинайды, үшінші біреудің талайлы тағдыры басын тауға да, тасқа да ұрғызады. Сырттай бүтін көрінген жанның да арғы жағын қозғап қалсаң, ішінде жатқан жан жарасы, мұң-наласы бар. «Мына жалғанда дүниең тегіс болса, басыңда бір іс болады» дегендей, түгенделген өмірдің де өтеуі бар, Алла берген жақсылық та, бақыт та, байлық та сын, оны да дұрыс көтере алмасаң зары болар тартатын», деп үлкендер бала кезімізден жыр ететін.

Алмаз Ержанның мүмкіндігі шектеулі, арбасыз бір қадам баса алмайтын жан. Бірақ тәнінің кемтарлығы болғанымен, жаны бай Алмаз өзгелер үшін пайдалы іс жасауды бастаған. Сөй­тіп ол алдымен «ELAMAN» әлеу­мет­тік инновациялық жобалар қорын ашады. Арбаға та­ңы­лған жандардың басындағы бар­лық проблемаларды түбірінен танитын Алмазға мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік ортаға бейімдеп, олардың биз­нес­терін ашып, қоғамдағы бар­лық мәселелерді шешуге үн қосатындай толыққанды аза­маттық сезімді қалыптастыру қажет деген ой ұялайды. Осы­лайша талай есікті қағып, жақ­сы іске мұрындық болды. Оның қуанышына орай Ас­тана қалалық әкімдігі қолдау көр­сетіп, қаланың орталық көшесінің біріндегі жаңа үйдің бірінші қабатынан арбамен кіріп-шығуға қолайлы кеңсе берді. «Beeline Қазақстан» Ал­маздың өтінішін жерге тас­тамай, «Шексіз мүкіндіктер» республикалық қайырымдылық жобасы шеңберінде Инклюзивті дизайн орталығын ашып, арбаға таңылған жандарды еңбекпен қамтуға және әлеуметтік ортаға бейімдеуге арналған ұйымды компьютерлермен және тегін ұш­қыр интернетпен жабдықтады. Жаңа кеңседе оқу орталығы, шы­ғар­машылық бейімдеу клубы және психологиялық қолдау көр­сетуге және мүгедектердің құқығы туралы ақпарат беруге арналған call-орталық бар екен. Ұйымның өзінің ақпараттық арнасы – www.inva.kz сайты мен «Инклюзия» YouTube-арнасын ашуға да қолұшын созыпты.

«ELAMAN» әлеуметтік ин­но­вациялық жобалар» ҚҚ төрағасы Алмаз Ержанмен осы бір қуанышты сәт­те кездестім. Мүмкіндігі шектеулі адамдар кездесетін кедергілер өте көп. Қарапайым көпшілік оған тіпті мән де беріп жатпайды. Олар үшін еш проблемасы жоқ нәрселер, мысалы, қоғамдық көлікке отыру, әлдебір кеңсеге жұмысың бойынша кіріп-шығу, тағы да басқа толып жатқан елеусіз дү­ние­лер арбасыз қозғала алмайтындар үшін үлкен қиындықпен келеді. Сондықтан біздің орталық осындай адамдар үшін жұмыс ат­қарады. Қанша мүгедек десе­ңіз де мүмкіндігі шектеулі адам­дардың жақындарына масыл бол­­ғысы келмейді, әрі өзде­рі­не жәрдемақы, зейнетақы бе­ріп отырған қоғамға да пайдасын тигізгілері келеді. Бірақ көп­шілігі не істеу керек, неден бастау керек дегеннен бейхабар. Мә­се­лен, «Beeline Қазақстан» кө­мегі біз үшін нағыз таптырмай­тын олжа болды. Енді біз YouTube-арнасы арқылы эфирге шығып, бір Астанадағы ғана емес басқа өңір­лердегі осындай жандарға керек кеңесті, үлгі болатын істерді насихаттап отыр­мақшымыз.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі миллионға жуық адам бар, біз солар кезігетін шектеулерді азай­туға үлес қоссақ дейміз, өйткені ол проблемаларды дәл біздей ұғынып, шешуге мүдделі болып ұмтылатындар аз. Қазірдің өзінде осы орталыққа мүмкіндігі шек­теулі 6 адам жұмысқа алынды.

Мен өзім тәрізді адамдарға былай дегім келеді. Үйде жатып айғайлай беретін уақыт өт­кен, сөзден іске көшетін мезгіл әбден пісіп жетті. Барлық күш-жі­герімізді, ақылымызды салып, ру­хымызды жанып, өзіміздің өмі­рімізді өзгертуге тиіспіз. Бұл орталық соның тек басы. Ор­та­лықтың «инклюзивті дизайн» атауы – Астанадағы мүм­кіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта құрсақ деген мақ­сатымыздан туындады. Біз команданы жинап, кеңсені жал­ға алдық, арбаға таңылған жан­дардың қажеттіліктерін ескере оты­рып, оны жөндедік, бұған да біраз жанашыр жандар табылып, жөндеу жұмыстарын атқарып берді. Бұл ұзақ мерзімді жоба, алға қойған жоспарларымыз өте көп. Соның ішінде біз сарапшыларды, еріктілерді дайындау курстарын ашамыз, әлеуметтік кәсіпкерлікпен ай­налысқысы келгендерді тағы­лым­дамадан өткіземіз, мүм­кін­дігі шектеулі жандарға тегін заңгерлік кеңес береміз. Beeline бізді технологиялық базамен қамтамасыз етті және бұл бізге тиімді жұмыс істеу үшін онлайн-курстарды, бейне-конференция­ларды толыққанды жүргізуге, портал мен YouTube арнасын және басқа да ресурстарды дамытуға мүмкіндік беруде, сондықтан бір игі істің жақсы бастамасына қуанып тұрған жай бар, дейді.

Арбаға таңылған жандарға арналған жаңа ресурс орталығы­ның бағдарламаға қосылуы туралы Beeline Қазақстанның корпоративті коммуникация жөніндегі директоры Алексей Бензді сөзге тартқанда: «Біздің компания үшін әлеуметтік тұр­ғыда әлсіз жандарға көмек беруде белгілі бір тәртіп бар. Біз ауру баланың операциясы­на қа­жет қаржыны аударып бере алмаймыз, ал мынадай жобаларға қолдау көрсетуге қуана келісеміз. Осыған дейін еліміздің барлық қалаларында балаларға арналған тегін интернетпен жабдықталған 25 орталық ашқан болатынбыз. Ал «ELAMAN» бойынша жағ­дай өзгеше. Жалпы, қайда да мүм­кіндігі шектеулі жандардың проб­лемаларына қолұшын бере­тіндер аз. Алмаз жасап жүр­ген істі қол-аяғы балғадай, дені сау адам атқармайды. Мұндай жан­­­дар көпке үлгі. Қолым жоқ­ демей аяғымен сурет салып,­ ас ішіп, компьютер басып ең­бек­ еткен жандарды көр­д­ім. Аяғым жүрмейді деп оты­рып қал­май көп үшін көп есік­ті ашып, жағдай жасаған Ал­маз­дың еңбегі зор десе осы ком­панияның корпоративтік әлеу­меттік жауапкершілік жөнін­дегі менеджері Анар Жұма­ғұлова: «Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі туралы биік мін­бер­лерден жиі мәселе көте­ріледі. Оны Елбасы да айтты. Ал біздің компания бұл бағыт­та жүйелі жұмыс атқаруда. Не­гізі адамгершілік тұрғысынан ал­ғанда да мүмкіндігі шектелген адамға жәрдем берген дұрыс. Сондықтан оны жабдықтағанда қолайлы болуы басты назарда ұсталды», дейді.

Шынында үстелдердің түрлі деңгейге көтеріліп, түсуі, жылжуы, арбаның айналып кіріп-шығуына ыңғайлылығының бәрі қарастырылған екен. Осылайша «ELAMAN» инклю­зив­ті дизайн орталығының игілігі мүмкіндігі шектеулі жан­дарға есігін айқара ашты.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»