«Астана» Президенттік клубының құрамына енетін «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров 4-мамыр күні басталатын «Джиро д'Италия» жарысына команда қандай дайындықпен келгені жайлы әңгімеледі.
- Бірнеше күн бұрын «Джиро д'Италия» велододасының алдындағы негізгі дайындық болып саналатын «Альпі туры» аяқталды. Біздің басты қарсыластарымыздың барлығы сол жарыста болды. Бес кезеңнің үшеуінде жеңіске жеткен команда өз-өзін тамаша көрсетті. Пельо Бильбао мен Луис Леон Санческе өздерін көрсетуге мүмкіндік бердік. Ол команда ішіндегі климатты нығайтып және шабандоздарды жігерлендіру үшін аса маңызды қадам еді. Біздің көшбасшымыз Мигель Анхель Лопес корольдік кезеңде жеңіске жетті. Жиі шабуылдап, қорытынды классификация нәтижесі бойынша 3-орынды иемденді. Жалпы, команда бұл жарысты өте белсенді өткізді. Нәтижесінде басты есепте 10 мықтының қатарына бірден «Астананың» 3 шабандозы - Лопес, Луис Леон Санчес және Ян Хирт енді. Қазақстандық шабандоз Андрей Зейц үздіктер қатарынан алыс болмады. Ол 11-орынды иемденді. Сәйкесінше, қорытынды есеп бойынша «Астана» «Үздік команда» атанды. Бұл команданың жақсы дәрежедегі дайындығының көрсеткіші. Оқу-жаттығу жиындарын жақсы өткізіп, дұрыс бағытта келеміз. Бірақ, жігіттер өз қалыптарының шырқау шыңына әлі жете қоймады. Олар «Джиро» барысында әлеуеттерін одан әрі жақсартады. Сондықтан тартыс өте қызықты болмақ. «Астана» өз жанкүйерлерін тосынсыймен қуантады деген сенімдемін. Оған қоса ол құрамға қазір экстрималды таулы аймақта белсенді дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан біздің Алексей Луценко да енеді.
Сонымен қатар, Олимпиада чемпионы спринтер Риккардо Миналиден басқа толықтай қазақстандық жігіттер қатысқан «Хорватия Турындағы» команданың нәтижесі жайлы айтып берді.
- «Хорватия Турында» команда өз-өзін тамаша көрсетті. Жігіттер тек алдыңғы шепте болып, лайықты жұмыс атқарды. Біздің қазақстандық жас шабандоз Евгений Гидич «Хорватия Турының» корольдік таулы кезеңін қалай жүріп өткенін барлығы көрген шығар. Ол тәжірибелі, әрі мықты кәсіби тау велесебедшілермен бірге финишке үздік үштік қатарында келді. Оның бәсекелестері 35-37 жастағы шабандоздар. Олар Әлемдік Тур санатына жататын командалар сапында орасан зор тәжірибе жинағандар. Сонымен қатар, тау жолы қиын әрі тік болып келді. Шынымды айтсам, Женя бізді қатты таңқалдырды. Ол күш-қуаты зор талантты шабандоз. Өте жылдам дамып келе жатқанын байқадық. Сондай-ақ, мәреде жақсы әрекет етіп, спринтер ретінде де жұмыс жасай алады. «Хорватия Турының» бас классификациясының нәтижесі бойынша үздік үштік қатарында болған Евгений «Үздік жас шабандоз» ретінде ақ жейде иегері атанды. Бұл жарыс алдында Бақтияр Қожатаевтың сырқаттанып, нашар қалыпта болғаны өкінішті. Бақтияр бас классификацияда жоғарғы орындарға таласа алар еді. Айтпақшы, жарысқа алғашқы рет спорттық директор ретінде біздің қазақстандық, Асан Базаев қатысты. Ол үшін де жарыс жақсы аяқталды.