• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2018

Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды

380 рет
көрсетілді

Білім саласындағы жаһандық бәсекеге бейімделген озық мамандарды даярлау – еліміздің болашаққа жасап жатқан ең басты бағдары. Бұл тұрғыда әлемнің ең таңдаулы 100 оқулығын қазақ тілінде сөйлету «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең ұтымды тұсы деуімізге болады.

Бүгінге дейін қазақша тәржімаланған 18 оқулықтың өзі қазақстандық студенттерге әлемнің үздік үлгілері бойынша білім алуына көмектесіп, сондай-ақ философия, саясаттану, әлеуметтану және басқа салаларда өз білімін кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Астанадағы «Президент орталығында» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті  – Елбасы қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшылары да осы тақырыптың төңірегінде ой қорытып,  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аралық нәтижесін сараптауға арналған эксперттік кездесу өткізді.

Жаңа оқулықтар жайын сөз еткен сарапшылар қатарында Мемлекет тарихы институты, Ұлттық аударма бюросы, Тұңғыш Президент кітапханасының талдау орталығы, Еуразиялық интеграция институты, «Нұр Отан» партиясының талдау, болжау және стратегиялық бастамалар институтының жетекші мамандары мен ғалымдар сөз алып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Жалпы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы кітаптарды түпнұсқадан тікелей аудару жұмысы арқылы қазақстандық аудармашылар мен редакторлар мектебін қалыптастыруға оң әсер еткенін айта кеткен жөн. Дөңгелек үстелге қатысушылар да жобаның маңыздылығы мен болашағына қатысты атап өтті. Олардың айтуынша, әлемдегі ең көп сатылатын кітаптардың қазақ тіліне аударылуы қазақ тілін жүйелі түрде байытуға және оны дамытуға үлес қоспақ. Айталық,  ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев келтірген дерек бойынша, бүгінге дейін 18 оқулық аударылып, Елбасының назарына ұсынылған.

 – Жылдың соңына қарай тағы 30 кітапты аудару жоспарлануда. Аталған оқулықтарды аудару барысында қазақ тіліне 3 мыңнан астам жаңа ғылыми термин мен ұғым енгізілді. Тақырып төңірегінде барлық сарапшылардың пікірі бір жерден шығады деуге болады. Негізінен аталған жоба әлемдік жоғары оқу орындарының  білім бағдарламаларына енетін әмбебап оқулықтарды аудару арқылы Қазақстандағы гуманитарлық ғылымның даму деңгейін айтарлықтай арттырып, отандық жоғары оқу орындарында білім беру сапасын көтеруді мақсат тұтады. Сонымен қатар «100 жаңа оқулық» жобасы Қазақстандағы ғылыми аударма жұмысының да жаңа белесін айқындап бергенін айта кетуіміз керек. Басқосуда Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы Әлібек Қисыбай осы жайттарға кеңінен тоқталды. «Оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы ЖОО-лардағы білім беру орындары, ғылыми орталықтар мен оқулықтар шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ. Қазірдің өзінде біз әлемнің 15-ке жуық баспа үйімен тікелей әріптестік орнаттық», – дейді ол.

Оның айтуынша, кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми-зерттеу және баяндау әдістерін меңгеруге зор мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асыру бірқатар маңызды және айтарлықтай  жүйелі мәселелерді шешуге жол ашады.

Бұл мәселеге қатысты Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсенбаев та қазақ тіліне аударылатын 100 оқулық – ұлттық аударманың метедологиялық тұрғыдан негізін қалап жатқандығын айтады.

«Қазіргі Қазақстан дамуының негізгі алғышарты – интеллектуалдық әлеуетімізді арттыру. Осы мақсатқа жету үшін ең алдымен гуманитарлық саладағы әлемдік білімге қол жеткізуіміз керек. Бұл бағытта сапалы түрде қазақ тіліне аударылған оқулықтар үлкен маңызды рөл атқарады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл сала жеткілікті деңгейде дамымаған болатын. Әзірге 18 оқулық шықты. Бұл оқулықтар әлемдегі алдыңғы қатарлы ғалымдардың жазған еңбектері. Осы оқулықтардың нәтижесінде біздің қазақ тілді студенттер өзінің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндігі бар», дейді ол. С. Бейсенбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы тағы бір басты жетістік – ұлттық аударма бағытының метедологиялық тұрғыдан негізі қаланып жатыр.

Аталған жиында аударылған 18 кітаптың  университеттер мен институттарға жеткізілу мерзімі, аударылған кітаптарды таңдау туралы да сөз болды. «Бүгінде Қазақстанға инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық саланың мамандары да аса қажет. Сананың жаңғыруы гуманитарлық білімге тікелей байланысты. Осы орайда тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, антропология, мәдениеттану, филология және педагогика ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беру үшін жағдай жасау міндеті тұр», дейді Ә. Қисыбай. «Аударылған кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныстар жиналып, біздің қорға барлығы 800-ден астам оқулықтың тізімі келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі үш жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылы 18 оқулық таңдалды. Сонымен қатар бұл оқулықтар дүние жүзіндегі үздік 100  университеттің, мысалы Гарвард, Стэнфорд, Оксфорд, Колумбия университеттері секілді оқу бағдарламасында болуы тиіс еді»,  дейді Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы.

Басқосуда белгілі болғандай, іріктелген оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 200-ге тарта маман қатысқан. Аудармаға тек аудармашылар ғана емес, осы саланың білікті ғалымдары, академиктері мен профессорлары да атсалысқан. «Жоспарға сай, бұл оқулықтар мамыр айының соңына дейін ЖОО-ларға жеткізіледі. 2018-2019 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне енеді. Бұл оқулықтармен Қазақстанның барлық ЖОО-ларындағы студенттер оқытыла бастайды»,  дейді Ә.Қисыбай.

Сарапшылардың сөздерін саралар болсақ, бұл аударылған оқулықтар жалпы аударманың сапалық тұрғыда белгілі бір стандарттарын анықтайды. Демек, кейінгі аударылған оқулықтар мемлекет тарапынан болсын, мемлекеттік емес ұйымдардан болсын, дәл осы 100 оқулықтың сапасын ескере отырып, тәржімаланатын болады. Сондықтан бұл алдағы әлі де жасалатын жұмыстың негізін қалап берді деп айтуға болады.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»