Жақында отандық телеарналардың бірінен, шамасы бұл Парламенттегі Үкімет сағаты болса керек, еліміздің Ұлттық ғарыш агенттігінің жерді қашықтықтан зондтауға (байқауға) қатысты түсірілімдерінің сапасы туралы әңгіме болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі өздері пайдаланатын суреттер сапасын әлі де болса жақсарта түсу қажеттігін айтып жатты. Ал агенттік басшысы суреттер сапасын жақсартуға уәде берді.
Ойлап қарасаңыз, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық ғарыш агенттігінің жерді қашықтықтан зондтауға қызмет ететін компаниялары бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі тиіс. Өйткені ғарыш саласы болса, жылдан жылға дамып келе жатқан сала. Оның ауыл шаруашылығына беретін пайдасы өте көп. Тіпті бұл мәселенің мәнісін жақсы білетін сарапшылар болашақта ауыл шаруашылығы ғарыш қызметінің көмегінсіз жұмыс істей алмайтындығын кесіп айтып отыр. Өкінішке орай, біздің елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық ғарыш агенттігінің тиісті құрылымдары арасындағы байланыс әлі толық бекіп үлгермеген де секілді. Әйтпесе жоғарыдағы әңгіме Парламент деңгейінде айтылмаса керек еді. Ол мәселе екіжақты қарым-қатынастың жұмыс тәртібімен баяғыда шешімін тапқан болар еді.
КСРО ұшқыш-ғарышкері В. И. Севастьянов өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында былай деп жазады: «Алғашқы ғарышкерлер Ю.А.Гагарин мен Г.С.Титов ғарыштан Жердің өте айқын көрінетіндігін куәландырған болатын. Бүгінгі күні космостық түсірілімдер мен спектрограммалар мұнай мен газды, басқа да пайдалы қазбаларды іздестіруге жақсы жәрдемін тигізіп жүр. Бұл құралдарды пайдалана отырып біздің планетамыздың өсімдіктер әлемін зерттеп, орман ресурстарының есебін жүргізуге, егістіктер мен жайылымдықтардың жағдайын біліп отыруға болады. Ғарыштан түсірілген көпаймақтық түсірілімдер игеруге жарамды жаңа аумақтарды іздестіруде құнды деректер бере алады».
Міне, бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын айтылған сөз. Содан бері әлемдік ғарыш саласының қарқынды дами түскендігі анық. Оған сала бойынша ашылып жатқан жаңалықтар жақсы дәлел бола алады. Ғалымдар болашақта ғарыш саласы экономиканың көптеген салаларын соңына тіркеп алып, локомотив секілді алға сүйреп отыратындығын айтады. Тек оның жетістіктері мен игіліктерін пайдалана білу керек.
Әрине, Қазақстанның ғарыш саласы – әлі жас сала. Бірақ оның экономикамызға беретін пайдасы мен әлеуетінің зор екендігін қазірдің өзінде байқауға болады. Соған мысал ретінде интернеттен алынған мына хабарды келтіргенді жөн көріп отырмыз.
«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-тың Геоақпараттық технологиялар орталығы 2015 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің тапсырысы бойынша солтүстіктегі астықты өңірлерге космостық мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Мониторинг жұмыстарын жүргізуге отандық KazEOSat-2 спутнигінің түсірілімдері және қызметі жалпы пайдаланымдағы Landsat-8 спутнигінің деректері пайдаланылады. Осылар арқылы жинақталған деректер нәтижесінде өңірде жүргізілген агротехнологиялық операциялардың мониторингі жасалады. Ол егіс жұмыстарының мерзімділігін бағалауға, ауыл шаруашылығы егістіктерінің жағдайларын айқындауға, егістіктердің шығымдылығына болжам жасауға және ауылшаруашылық дақылдарын жинаудың қарқындылығын бағалауға мүмкіндік береді.
Міне, осы жұмыстардың нәтижесі Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласында болған бір қылмыстың бетін ашып, бұлтартпай дәлелдеу мүмкіндігін береді. Сөйтіп атқарылмаған жұмысты атқардық деп мемлекеттің 34 490 500 теңге субсидиясын жымқырмақ болған кінәлі адамдар оны қайта қайтаруға мәжбүр болады. Осы жағдайға байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қостанай облысы бойынша департаментінің басшылығы «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-тың басшылығына хат жолдап алғыстарын білдіреді.
Ұлан-ғайыр жері бар біздің Қазақстанның жағдайында отандық спутниктерімізді «сол ұлан-байтақ даламызға ғарыштан қарап тұрған көз» деп атасақ, ешбір артықшылығы болмас. Өйткені біздің аз халқымыз осыншама алып даламызға ғарыштық спутниктерсіз бақылау орната алмайтыны анық. Ендеше еліміздің жаңадан дамып келе жатқан ғарыш қызметін, оның мүмкіндіктерін тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, басқа да экономикалық салалар өз мүдделері үшін орынды пайдалана білсе, жөн болар еді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»