Премьер-министр Олжас Бектенов лауазымдық міндеттерін атқаруға биылғы ақпан айында кіріскен Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Ларешпен кездесу өткізді.
Онда ХВҚ сарапшылар тобының ел экономикасының кейінгі үрдістерін, жүргізіліп жатқан реформалардың басымдықтарын, одан әрі даму перспективаларын зерделеу жөніндегі қызметінің алдын ала қорытындылары қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов серіктестіктің маңыздылығына тоқтала отырып, еліміздің экономикалық сая-сатын жетілдірудегі сараптамалық сүйемелдеудің рөлін атап өтті. Елімізде қабылданған жаңа Конституция әртараптандырылған орнықты экономиканы дамытуға институционалдық негіз қалайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес экономикалық жаңғыртудың кешенді күн тәртібі жүзеге асырылып жатыр.
«Біз Қазақстанның экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын Халықаралық валюта қорымен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Бұл диалог ХВҚ-ның тұрақты миссиялары, мақсатты кеңестері және мемлекеттік органдарға көрсетілетін техникалық көмегі аясында жалғасып отыр. Ағымдағы миссияның қорытындылары бойынша ұсынымдар еліміздің макроэкономикалық және макропруденциалдық саясатын одан әрі жетілдіру үшін құнды бағдар болады деп сенемін», деді Үкімет басшысы.
ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Лареш макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен инфляциялық қысымды төмендетуде мемлекет қабылдап жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Үкіметтің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің үйлестірілген жұмысы қаржы секторындағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі екені айтылды.
«Бүгінде Қазақстан экономикасы дамуының оң динамикасын атап өтуге болады. Мұнай жеткізіліміне байланысты сыртқы факторлардың тиімді өтемақысы нәтижесінде төлем балансының жағдайы жақсарып, экономика тұрақтылықты көрсетіп келеді. Сондай-ақ экономикалық саясат пен қабылданып жатқан шешімдер жүйелі түрде жетілдіріліп келе жатыр. Макроэкономикалық тұрақтандыруға ықпал ететін жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатын оң бағалаймыз. Экономикалық өсудің жоғары қарқынын сақтай отырып, инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі байқалады. Біз Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттіктің бірлескен іс-қимыл жос-парын қабылдауын құптаймыз және экономикалық саясатты жүзеге асыруға үйлестірілген көзқарас макроэкономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайтуға, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз», деді А.Лареш.
Қор сарапшылары экономикалық өсімнің тұрақты екенін атап өтті. Өңдеу өнеркәсібін, қызмет көрсету салаларын, көлік пен құрылыс секторларын дамытуға бағытталған жүйелі шаралар мұнай өндіру көлемінің қысқаруының орнын толтырып отыр. Инфляция қарқынын бәсеңдету, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, фискалдық саясатты жетілдіру бағыттарында ілгерілеу байқалады. Бұл бағытта инфляциялық тәуекелдерді одан әрі төмендету мен квазифискалдық саясатты жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды.
Талқылауға Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қатысты.
Кездесу қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов Амина Лареш пен ХВҚ командасына реформаларды жүзеге асыруда қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ел Үкіметі өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған сындарлы диалогке ашық. Сапар нәтижесінде Халықаралық валюта қорының ұсыныстары салалық мемлекеттік органдар тарапынан қаралады.