Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Атамекен ауылдық округінің диқандары қырыққабаттың алғашқы өнімінің 20 тоннасын Атырау қаласына жіберсе, сарыағаштық шаруалар 15 тоннадан астам өнімді Алматы қаласы мен солтүстік өңірлерге жөнелтті.
Ақпанның басында егіліп, бүгінде өнім беріп жатқан қырыққабат Мақтааралда 892,5 гектар жерге егілген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 112,8 гектарға артық. Ал жылына қырыққабаттан үш рет өнім алатын сарыағаштық диқандар 1,5 мың гектар жерге ерте көктемгі қырыққабат, жаз және күз айларында осы көкөністердің бірнеше сортын 5500 гектарға аталған көкөністер егеді.
Алғашқы өнімдерін өздері үшін тиімді бағамен тұтынушыға жөнелткен диқандар бүгінде қырыққабаттың арзандап бара жатқанына алаңдаулы. Ал бағаның төмендеуіне көрші елдің, яғни Өзбекстанның өнімдері әсер етіп отыр екен. Көкөністің арзандауы қарапайым халыққа жақсы, әрине. Мақтаарал ауданындағы «Ынтымақ» шаруа қожалығы 4 гектар жерге қырыққабат еккен. Өнімнің 2-3 пайызын ғана жинаған. Қалған өнімнің пісіп-жетілуіне екі аптадай уақыт бар. «Қырыққабаттың аз ғана бөлігін килосын 90 теңгеден өткіздік. Апта өтпей жатып-ақ бұл баға төмендеді. Себебі Өзбекстанның өнімдері арзан саудалануда. «Атамекен» ауылдық округінде 370 гектарға қырыққабат егілген. Егер баға осылай төмендей берсе, онда диқандардың жұмсаған шығыны өтелмейді. Яғни шаруаға тиімсіз, еңбегі ақталмайды. Өткен жылы қырыққабат бағасы соңында 30 теңгеге дейін түскен болатын. Өнімнің бұл түріне субсидия берілмейді. Диқандарға қиын болуда, сондықтан мемлекеттік қолдау көрсетілсе дұрыс болар еді», дейді «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Мүтәшов.
Халқының саны жағынан да, экономикасы жағынан да Орталық Азиядағы үлкен мемлекет Өзбекстанмен байланыс Қазақстан үшін өте тиімді. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа белеске көтеріліп, сауда-саттық екі есеге өсті. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Өз кезегінде өзбекстандық тауар өндірушілермен экономикалық бәсекелестік те жоғарылады. Мұны алдымен жоғарыда айтып өткеніміздей, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері анық сезініп отыр. Көрші ел тауарлары бірінші келетін аймақ диқандары үшін бұл күрделі мәселеге айналуда. Ал ауыл шаруашылығы саласы мамандарының пікірінше, көрші ел өнімінің көптеп саудалануына берілген мүмкіндік оңтүстік диқандарын ширата түседі. Яғни көктем мен жаз айларында кетпен-күрек ұстағандардың ерте тұрып, кеш жатуына тура келеді. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану, өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау мәселелеріне назар аударуды қажет етеді.
Импортта Оңтүстіктің үлесі 50,3 пайызӨткен жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысымен Өзбекстанның тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,7%-ға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымында ОҚО-ның үлесі – 31,3%. Ал Қазақстанның Өзбекстанға экспортындағы ОҚО үлесі – 20,2%. Негізінен мұнай өнімдері, металл бұйымдар, цемент, ұн, бидай, картоп, өсімдік майы, трансформатор экспортталады. Алайда өткен жылы ұн (7,2%-ға) мен бидай (13%-ға) экспорты төмендеген. Осы арада айта кетелік, Өзбекстан ұн өндірісін соңғы 4-5 жылда қарқынды дамытқан. Соның арқасында олар негізгі тұтынушы елдер нарығын жаулай бастады. Одан кейін ала шапанды ағайындар өздерінде жаппай диірмен кешендерін салып алды, оларға үкіметтен қолдау көрсетілуде. Мысалы, салық салымын бір тонна ұнға 30 долларға азайтқан. Осындай себептерге де байланысты оңтүстіктегі ұн экспорты төмендесе керек. Тек оңтүстік емес, бұл өзгеріс астықты өңірдің кәсіпкерлеріне де әсерін тигізуде. Елімізде 250-ден астам ұн өндіретін кәсіпорын бар екен. Кәсіпкерлер ұн өндірушілерге қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыру қажеттігін айтуда.
Өзбекстаннан келетін тауарлар үлесі де алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға, 369,8 млн АҚШ долларына көбейген. Өзбекстанның Қазақстанға импортында ОҚО-ның үлесі 50,3 пайыз. Негізінен көрші елден ауылшаруашылық өнімдері әкелінеді. Әсіресе көкөніс, жеміс-жидек, шырын, тыңайтқыш, тоқыма заттары мен автокөлік көбірек жеткізіледі. Сарапшылар Өзбекстанда сауда кедергілерін қысқарту бағытында қыруар шара атқарылғанын айтуда. Сондай-ақ акциз салығының ставкалары 15 тауарға, оның ішінде ұнға 11-ден 0%-ға дейін, өсімдік майы 20-дан 5%-ға дейін, ет өнімдеріне 30-дан 0%-ға дейін төмендетілген. Экспортты ынталандыру және өзбек тауарларының сыртқы саудадағы бәсекелестігін қамтамасыз ету үшін Өзбекстан үкіметі экспорттық кеден бажын жойды.
Бұдан бөлек, өз өнімін экспорттаушы кәсіпорындарға шетелдерде сауда үйлерін ашуға және өнімін жарнамалауға, сыртқы сауданы маркетингтік зерттеу үшін өкілдіктерін ашуға рұқсат етілген. Мысалы, Шымкентте 10-нан астам өзбекстандық сауда үйі тіркелген. Коммуналдық қызметтер де көрші елде арзан. ОҚО кәсіпкерлер палатасының деректеріне қарағанда, заңды тұлғалар үшін судың бағасы Шымкентте текше метріне 31,6 теңге болса, Ташкентте – 18,05 теңге. Ал электр қуатының квт/сағаты Шымкентте 24,8 теңге тұрса, Ташкентте – 8,07 теңге, табиғи газдың текше метрі оңтүстікте – 31,6 теңге, ал көрші ел астанасында – 7,68 теңге. Оңтүстіктіктегі кәсіпкерлер бағадағы бұл айырмашылық өнімнің өзіндік құнына әсер етіп жатқанын айтып, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінде мәселе де көтерген болатын.
Бәсекелестік бәсі жоғары бес айӨзбекстанмен қарым-қатынастың жақсарып, барыс-келістің көбейгені, шекара бекеттерінің ашылғанына қарапайым халық қуанып отыр. Алайда диқандар алаңдаулы, ұсақ шаруа қожалықтары бәсекелестікке төтеп бере алатынына сенімсіз. Бұл орайда ауыл шаруашылығы саласының мамандары Өзбекстан біздегі бағаға мамырдан қазанға дейін ықпал ететінін, ал бұл айларда жылыжайлар жұмысы саябырлайтынын айтады. Яғни жылыжайлардың көбінің топырағы жаңартылады, қысқа дайындалады. «Өзбекстанда жылыжай көлемі 1,5 мың гектар болады. Оңтүстік өңір де осы көлемге жақындады. Облыс бойынша жылыжай көлемі 1325 гектар болса, оның басым бөлігі – 633 гектары Сарыағаш ауданында. Көршілеріміздегі жылыжайлардың басым бөлігі аскөк, гүл, лимон, көшет өсірумен айналысса, 30 пайыздайы қияр мен қызанақ егеді.
Ал біздегі 1325 гектар жылыжайдың көп болса 100 гектарында ғана көшет, гүл өсіріледі, яғни негізгі егетініміз қияр мен қызанақ. Өзбекстан жылыжайда газ қолданбайды, себебі «көгілдір отынмен» халықты қамтамасыз ету керек. Ал көмір қымбат. Сондықтан өзбек диқандары қызанақ пен қиярды мамыр айынан бастап 5 ай ашық топырақта өсіреді. Ашық топырақта өскен өнім арзан болады. Осы 5 айда Өзбекстан өнімдері біздегі бағаға әсер етуі әбден мүмкін. Ал басқа 7 айда ықпал ете алмайды. Ертең олар ашық топырақтағы өнімін төмен бағамен әкеледі, онымен тұрмай валюта бағамы арқылы да ұтады. Ал қыс айларында жылыжайлары жұмыс істейтін болса, өнімдері өздерінен де артылмайды. Оңтүстікте жылыжайлардың жұмысы, өнімдерін тасымалдау, өткізу мәселесі бір жүйеге қойылған. Әр жылыжайдың өз аларманы бар, алдын ала тапсырыс берушілер де аз емес. Түсетін табысы да қомақты. Мысалы, фермерлік жылыжайда 1 гектар қияр егуге кететін шығын 2016 жылғы есеп бойынша 28,0 млн теңге. Бір гектардан 150 тонна өнім алғанда, өзіндік құны 186 теңге болады. Кәсіпкер көтерме бағамен 220 теңгеден бергеннің өзінде 36 млн теңге табыс түседі. Оған 2 айналым берілетін 3 млн теңге субсидияны қосыңыз, сонда жылыжай иесінің таза табысы 8 млн теңгеге жетеді. Жылыжай өзін 5 жылда ақтайды деп есептелген, бірақ 2,5-3 жылда ақтайды.
Ал гектарынан 450 тонна өнім алып, 51,2 млн теңге табыс түсіретін өндірістік жылыжай өзін екі жылда ақтайды. Қызанақ пен қиярдың тұтынушы үшін қымбат болуының бір себебі – ортадағы сатушылар үстеме бағаны көп қояды. Жалпы, өнімін өткізе алмай қалған кәсіпкерді таба алмайсыз. Ал субсидияның берілуі де кәсіпкерге үлкен қолдау, дегенмен екінші жағынан жалқаулыққа жетелейді. Бір гектар жылыжайдан біздің кәсіпкер, мысалы, 100 тонна өнім алса, көршілеріміз 180 тонна алуы мүмкін. Ол енді өзбек диқандарының кәсібі, өнері. Жылыжайға коммуналдық қызметтер бағасының ықпалы жоқ», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, инновациялық жетістіктерді қолдау және мақта саласын дамыту бөлімінің бас маманы Тайжан Мырзазия.
Көрші елдің Сурхандария, Қашқадария облыстарында жылына бір ай ғана жылыжайда отын жағылады екен. Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, оңтүстікте жылыжайға кемінде 4 айға табиғи газ немесе қатты отын сатып алынады. Оған жұмсалатын қаржы – 7 200 000 теңге (табиғи газ) немесе 8 640 000 теңге (көмір). Сарыағаш ауданында көкөніс дақылын көп өндіретін Қабланбек ауылдық округінде жылыжайдың 1 гектарынан орташа есеппен 120 тонна өнім алынады. Орта есеппен тоннасын 220 000 теңгеден сатқанда 6,2 млн теңге таза табыс түседі екен. Өзбекстан шекарасынан көкөніс дақылдарын өткізу жеңілдетілгенге дейін «Жабай ата» шаруа қожалығы өткен жылы көкөністі 100-300 теңгеге өткізген. Мамандардың айтуынша, көрші ел көкөнісінің оңтүстік нарығында көбеюі жылыжайлар тіршілігіне кері әсер ете алмайды.
Алайда кәсіпкерлердің пікірі басқа. соңғы жылдары өзбек диқандары әкелетін көкөніс үлесі көбейгендіктен табыстары 50 пайызға азайған. Бұл орайда олар үкіметтен субсидияның сақталуын немесе көрші елден келетін тауарға шектеу қойылуын сұрап отыр. Жылыжайлардың жайы осылай. Бәсекелестік бақша өнімдерін өсіріп, отбасын асырап отырған диқандар үшін қиын болғалы тұр. Өйткені көрші елдің өнімі ерте піседі және бағасы төмен. Облыс бойынша бақша өнімдерінің көлемі 57,6 мың гектар. Дегенмен, бау-бақшасы, тасымалдайтын көлігі, сақтайтын қоймасы бар, алма, жүзім өсірумен айналысатын ірі «Dala-fruit.kz», «Амангелді» секілді серіктестіктер бәсекелестікке қабілетті. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, субсидияға сенім артқан ұсақ шаруа қожалықтар жұмсалған шығынды өтей алмаймыз деп қауіптеніп отыр. Не істемек керек?
Агроаймақ – бәсекеге қабілеттілікті арттырады«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ОҚО бойынша халқы тығыз орналасқан, туу көрсеткіші ең жоғары, тұрғындары кәсіпкерлікке белсенді Сарыағаш ауданында зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Аудандағы 327 мыңнан астам тұрғынның 158 мыңы (48%) – экономикалық белсенді. Сарыағашта жұмыс істеп тұрған 20 300 бизнес субъектісі бар, 78 800 адам өзін өзі жұмыспен қамтыған. 45 347 мың жеке шаруашылықтың жартысы нәтижелі жұмыспен қамтылған. Дегенмен, ауданда жұмыс орнымен қамту өзекті мәселе болып отыр. Әр үйді аралап, аудан тұрғындары мен кәсіпкерлеріне жүргізілген сауалнама ресми статистика мен скрининг нәтижесі арасында бес есе ауытқу барын көрсеткен. Осы ретте жұмыссыздардың 89%-ы жасырын табыс табады, екі мыңнан астам кәсіпкер ресми тіркелмеген.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің мәлімдеуінше, Сарыағашта көкөніс пен жеміс өсірудің әлеуеті зор. Аудан бүкіл Қазақстанды жеміс және көкөніспен қамтамасыз ете алады. Бірақ талдау нәтижесінде ауданда 30 мың гектар жерде бидай өсірілетіні анықталған. Өнімділігі гектарына 1 тоннадан аспайды. Яғни жер тиімділігі 1 гектар үшін 150 АҚШ долларынан аспай отыр. Ал интенсивтілігі жоғары бақтардағы тиімділік 20 мың АҚШ долларын құрайды. Яғни Сарыағашта бидай өсіруден гөрі басымдықты қарқынды бақтар шаруашылығына беру керек.
«Ауданда бәсекелестікті арттырып, жергілікті өнім өндірісін өсіру үшін заманауи жылыжай кешені және қарқынды бақтар, тазалау, өңдеу, уақытша сақтау аймақтары, сертификаттау, қаптау және брендтеу бөлімдері бар бірнеше аграрлық-индустриялық аймақ (агроаймақ) құру қажет. Агроаймақ әр қатысушы үшін жекелеген жер учаскелерінен тұруы керек (2, 4, 8 га бойынша). Бұл учаскелерде су үнемдейтін технологиялар және қарқынды инновациялық әдістер қолданылады. Ал инфрақұрылымды тарту – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. «Атамекен» бұл тізбекке технологиялар, ұйымдастыру жұмыстарын қамтитын зәкірлік инвесторды қосуды міндетіне алады. Біз агроаймақтарға қатысушыларды тұрақты негізде оқыту мен біліктілікті арттыру, технологиялар бойынша кеңес беру, заңгерлік сүйемелдеу қызметімен қамтамасыз етеміз», дейді Э.Жұмағазиев. Кәсіпкерлік палата мамандарының есебінше, ауданда 1 500 гектар жерде, оның ішінде 500 гектар – жылыжай, 1000 гектар – бақтар агроаймақтарын құру көкөніс өндірісін 1,5-2 есе, жеміс өндірісін 2 есе арттыруға, көкөніс пен жеміс экспортын 9 мыңнан 50 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді екен.
Көрші елден келетін көкөніс ағыны біздің диқандарды ауылшаруашылық өнімін өндірудің тиімді жолдарын қарастыруға, еңбек өнімділігін жоғарылатуға ынталандырып отыр. Әйтпесе екі елдің экономикасы бәсекелес емес, бірін-бірі толықтыратын серіктес. Олай дейтініміз, экономикалық байланысты одан әрі нығайту мақсатында жасалған жол картасы негізінде бауырлас елдер келешекте тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына жеткізбек.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы