Қазақстан футбол федерациясы «Футбол күнін» атап өтті. 25 сәуір – ел футболының тарихында алтын әріппен жазылған күн. Тура осы күні 2002 жылы Қазақстан футболы Еуропаға бет бұрған болатын. Осыған орай футбол төңірегінде жүрген атқамінерлер тегіс жиылып, алқалы отырыс өткізді. Сол басқосудан алған әсеріміз бен түйгендерімізді теріп шығайық.
«Alga Qazaqstan!» деп аталатын бағдарлама ұсынылып, оған комиссия мүшелері бірауыздан дауыс берді. Енді еліміздегі футболдың дамуы басқаша сипат алады. Яғни балалар мен жасөспірімдер футболы қолға алынбақ. Футбол федерациясы халық жаппай футболмен айналыспаса, таланттарды табуы ұзаққа созылатынын байқапты. Сан болмай сапа да болмайды деген тоқтамға келіпті. Кең байтақ аумағы бар еліміздің түкпір-түкпіріне футбол ойынын апару үшін 2022 жылға дейін елімізде 6175 футбол орталықтары мен академиялары салынады. Олардың біршамасы осы күні салынып жатқанын, алды пайдалануға берілгенін ҚФФ Бас хатшысы Азамат Айтхожин мәлімдеді.
Ал федерация президенті Әділбек Жақсыбеков балалар футболын дамыту үшін арнайы Құрбан Бердыев пен оның көмекшісі Иван Данилянцты аттай қалап алдыртыпты. Қазан қаласының «Рубин» командасын дамытып, күллі Татарстан футболына бағдарлама жасап берген Құрбан Бердыевтің елімізге келуі бұрын болмаған оқиға еді. Қазақстан футболынан түлеп шығып, өзге елде қызмет етіп жүргендерді қайта шақырып, олардың басын қосу бұрын-соңды тәжірибеде болмаған жағдай екені рас. ҚФФ-ның кезекті XVII конференциясы шынын айтуымыз керек, көңілге жылу сыйлады. Бұрындары өткен басқосуларда таптаурын тақырыптарды қайталап, тұрған жерін қаза берген тауықтай мардымды ештеңе өнбей аяқталатын. Ал бұл жолы Құралбек Ордабаев, Евстафий Пехлеваниди, Сейілдә Байшақов секілді ел футболына еңбегі сіңген белгілі адамдар бірауыздан жаңа бағдарламаны қолдап, батасын берді. «Баталы істе береке бар» демеуші ме еді, көрелік.
Қазір еліміздің әртүрлі аудандарындағы 208 мектепте футбол сабағы өтіп жатыр. 2022 жылға дейін бұл жоба күллі республиканы қамтуы тиіс. Бұл жерде Білім және ғылым министрлігінің серіктестігі қажет. Футбол федерациясындағылардың айтуынша, осы күні жария болып отырған мына дерек ойлануға мәжбүрлейді. Қазақстанда футбол үйірмесіне барғысы келетін 200 мыңға жуық бала арнайы тіркеуде тұр. Халық арасында футболға деген қызығушылықтың күрт өскенін біздің пайымымыз «Астана» мен «Қайраттың» еурокубоктағы жетістіктерімен жорамалдайды. 2008 жылы тура осындай оқиға Ресейде де тіркелген. Роман Павлюченко мен Андрей Аршавиннің ерлігінен кейін, Ресей құрамасы Нидерландыны жеңіп, Еуропа чемпионатының жартылай финалына шыққан күннің ертесіне футбол үйірмесіне қатысқым келеді деген 300 мың өтініш түскен. Бұл бір күннің ғана нәтижесі. Гус Хиддинктің баптауымен өнер көрсеткен Ресей ұлттық құрамасы елдегі футбол «бумына» бастау беріп еді.
Қазаннан келген қонақ Иван Данилянц қызықты мысал келтірді. Әлгі, мұзда жүзіп жүретін айсбергтің тек 10 пайызы ғана көрінетін болса, қалған негізгі бөлігі көрінбей су астында тұрады дейді. Сол секілді ел футболының тірегі әрі негізі балалар футболы болуы тиіс екен. Және соның ішіндегі мықты деген 10 пайызы ғана ұлттық құрамаға алынып, көзге көрініп тұрады-мыс. Сондықтан да, кезекте тұрған 200 мың баланың футболшы боламын деген үмітін үзсек, онда құрамаға алынатын 20 мықты футболшыдан айрылғанымыз. Демек, футбол академиялары мен үйірмелерінің салынуы кезек күттірмейтін шаруа болып тұр. «Бұл мәселелер шешілгенше, әрбір шағын ауданның ішіндегі алаңқайларға жасанды жасыл алаңдар төсеу керек. Бұл футболға бұқаралық сипат алып келетін маңызды тұс», дейді Әділбек Жақсыбеков.
Келелі кеңестен соң жиында болған игі жақсылар іргетасы енді қаланған «Футбол үйі» кешенінің жасыл алаңында жолдастық кездесу өткізді. Олардың қатарында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов секілді лауазымды тұлғалар болды.
Осындай жұртқа сыйлы, көпке сөзі өтетін мемлекеттік биліктің басы-қасында жүрген саясаткерлердің де аталмыш шарада ұсыныстарын айтып, жұмыла жұдырық болуының өзі ел футболының болашағы жарқын болатынына сендіреді. Ел футболының дамуына байланысты әркім өз ойын айта алатыны бесенеден белгілі. Ол қазір ерінбегеннің ермегіне айналған. Тек қабылданған дұрыс бағдарлама іске асса екен деп тілейсің. Әйтпесе сөз сөз күйінде қала берген кездер аз емес еді-ау...
Ермұхамед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»