Кеше орталық коммуникациялар қызметінде «Алтын қалам» әдеби жүлдесі жаңа маусымының ашылуына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бейжай қарамайтын азаматтар бастап ұйымдастырған «Алтын қалам» әдеби бәйгесі 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның бірден-бір ерекшелігі, авторы көрсетілмей сайтқа салынған шығарма оқырман талқысына түсіп, оқылым, дауыс жинауына байланысты іріктеліп, жүлдегер анықталады.
Конференция аясында былтыр «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Мақсат Қарғабайдың «Өмірдің өзі» атты кітабының және «Алашораданың 100 жылдығы» аталымы бойынша жүлделі болған Әміржан Әлпейісовтің «Ана жүрегі» мен Ақылбек Шаяхметтің «Суық жел» атты еңбектері біріктірілген «Алашорда» атты кітаптың беташары болды.
«Байқауды биыл жетінші рет ұйымдастырып отырмыз. «Алтын қалам-2018» жүлдесі талантты жас қаламгерлерге өзін танытуға жол ашады деп ойлаймыз. Жыл өткен сайын қатысушылар қатары көбейіп келеді, бұған әрине қуанамыз. Бұл бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетінің дамып келе жатқанын, өз қолтаңбасы қалыптасқан жаңа қазақстандық авторлардың таныла бастағанын аңғартады», деді байқауды ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.
Аталған бәйгеде оқырмандар биыл төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді:
1. Жылдың үздік поэзиясы.
2. Жылдың үздік прозасы.
3. Дарабоз. Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер шығармасы.
4. Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы.
5. Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы.
6. Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы.
7. Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін.
8. Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық.
Есенқұл Маманұлы атындағы бас жүлде – 1 000 000 теңге қазақ тілінде жазылған үздік романның авторына беріледі. Сонымен қатар балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» байқауының жеңімпазына 1 000 000 теңге беріледі. Өзге аталым жеңімпаздарына да ақшалай сыйлық табысталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаржылай сыйлықтарды «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының жетекшісі Бауыржан Оспанов тағайындап отыр екен.
«Алтын қалам-2018» әдеби жүлдесіне шығармалар қыркүйектің 15-іне дейін қабылданады. Оқырмандар қазан айының 1-іне дейін дауыс бере алады. Жеңімпаздардың есімдері күзде өтетін марапаттау шарасында жарияланады. Конкурс жайлы толық мәліметті www.akalam.kz ресми сайтынан білуге болады.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»