Өткен жексенбіде Ресейде Федералдық Жиналыстың Мемлекеттік думасының (Мемдума) кезекті сайлауы болып өтті. Бұл жолы депутаттар Мемдумаға бірінші рет бес жыл мерзімге сайланды. Сайлау тәртібі бойынша, Мемдумаға 7 пайыздық өтім бөгеуін еңсерген партиялар ғана іліне алады. Сонымен бірге, 5 пайыздан 6 пайызға дейінгі шамада дауыс жинаған партияға бір орын бұйыратыны, ал 6 пайыздан 7 пайызға дейін дауыс алған партияға екі орын берілетіні ескерілген. Ресейде келесі 2016 жылғы сайлаудан бастап қана аталмыш өтім бөгеуі 5 пайызға түсіріледі.
Биылғы сайлауға үстіміздегі жылғы қыркүйек айына дейін тіркеуден өткен, толық мәнді жеті партия қатысты. Олар, әліпбилік ретіне қарай «Единая Россия», Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы (РФКП), Ресейдің либерал-демократиялық партиясы (РЛДП), «Патриоты России», «Правое дело», «Справедливая Россия» және Ресейдің біріккен демократиялық «Яблоко» партиясы. Сонымен бірге, бұлардың құрамында сайлауға байланысты біріккен басқа партиялардың өкілдері де бар. Мәселен, «Аграрная Россия» осы қарсаңда «Единая Россияға», Әлеуметтік әділет пен жасылдар «Справедливая Россияға», қайта өрлеушілер «Патриоты России» партиясына қосылды.
Ресейдегі парламенттік партиялар, олардың бұрыннан таныс басшылары бұл жолы да сайлау тізімін бастады. Өзгешелік «Единая Россия» партиясында, бұл сайлауға ол ел президенті Дмитрий Медведевтің бастауымен келді, кандидаттар тізімінің басында мемлекет басшысының өзі тұрды.
Дауыс берушілер тізіміне 110 миллионнан астам сайлаушы тіркелген, дауыс беру 94 мыңнан астам сайлау учаскесінде өтті. Ел астанасында ғана 3,5 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеді. Тұтастай Ресей бойынша 12 сағатқа дейін сайлаушылардың 40 пайыздан астамы, 18 сағатқа дейін 50 пайыздың үстінде дауыс бергені белгілі болды. Ал кейбір өңірлерде аталған уақытқа дейін сайлаушылардың 90 пайыздан артығы дауыс берді.
Биылғы сайлауда электронды урналар да пайдаланылды. Мұның ерекшелігі – дәстүрлі урналарға қарағанда жұмыстың біршама жеңілдейтіні. Яғни, дауыс санау және басқа да бюллетеньді есептеу, өңдеу рәсімдері өздігінен жүреді, дауыс берудің барлық нәтижесі жеті минуттың ішінде электронды жүйе арқылы түсіп тұрады. Сондай-ақ бірқатар сайлау учаскелерінде жүріс-тұрысы шектеулі, қол арбамен жүретін адамдардың тікелей өздері келіп дауыс беруі үшін жабдықталған арнайы кабиналар ұйымдастырылды.
Сайлау қарсаңында жарияланған әлеуметтік сауалдамалар барысын бағдарлап және сайлау күні кешке қарай белгілі болған алғашқы экзит-пол деректеріне сүйеніп, ақпарат құралдары ең көп дауыс «Единая Россия» еншісінде, одан кейін Ресей комммунистері, «Справедливая Россия» және РЛДП тұр деп алдын ала хабарлаған-тын.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Чуров 4 желтоқсан күні кешкісін журналистер алдына бірінші рет шыққанында, дауыс берудің әзірге ресімделген 15-17 пайыз шамасындағы хаттамаларына сүйеніп, осы хаттамалар негізінде «Единая Россия» – 46, Ресей коммунистері – 20, либерал-демократтар – 14, «Справедливая Россия» – 13, «Яблоко» – 2,5, «Ресей патриоттары» 1,03, «Правое дело» 0,5 пайыз дауыс жинағанын жеткізді. Сонымен бірге, ол дауыс берудің алдын ала қорытындылары хаттамалардың 99 пайызы ресімделгеннен кейін анықталатынын айтты.
Кеше таңертеңгі сағат 10.00-де Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы сайлауға сайлаушылардың 60 пайыздан астамы қатысқанын, хаттамалардың 96 пайызы ресімделіп, өңделгенін, соның негізінде бұрыннан белгілі парламенттік партиялар – «Единая Россия» – 49,54 пайыз, Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы – 19,16, «Справедливая Россия» – 13,22, Ресейдің либерал-демократиялық партиясы 11,66 пайыз дауыс жинап, алдыңғы төрттікке шыққанын хабарлады. Тиісінше болашақ Думада «Единая Россияның» – 238, Коммунистік партияның – 92, «Справедливая Россияның» – 64, либерал-демократиялық партияның 56 мандаты болады. Өтім бөгеуін еңсере алмаған қалған үш партия парламентке өте алмады. Хаттамалар әлі де өңделуде, соған орай бұл цифрлардың ішінара өзгеруі мүмкін. Алайда талдаушылар, жалпы алғанда, аталған көрсеткіштің елеулі түрде өзгермейтінін, ол бүгінгі Ресей сайлаушысының нақты таңдауы екенін атап көрсетуде.
Дума сайлауының барысын, дауыс беруді, дауыстарды санауды қадағалауға көптеген халықаралық байқаушылар қатысты. Мысалы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) атынан Парламенттік Ассамблея төрағасы Петрос Эфтимиудің (Грекиядан сайланған депутат) басқаруымен 100-ге жуық байқаушы келді. Бұл байқаушылардың ішінде біздің де екі отандасымыз бар. Олар – Мәскеу қаласында Мемлекеттік дума сайлауына ЕҚЫҰ ПА атынан байқаушы болып қатысқан белгілі қайраткер-саясаткерлер, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары Оралбай Әбдікәрімов пен Әділ Ахметов. Сондай-ақ басқа да қазақстандықтар ШЫҰ, ҰҚШҰ және басқа халықаралық ұйымдар атынан сайлауға байқаушы болып қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, халықаралық байқаушылар Ресейдегі биылғы сайлауды ұйымшылдықпен өткізілді деп есептейді.
Сайлау барысын түйіндей келгенде, ең көп дауыс алғанына қарамастан, елдің жетекші саяси күші болып саналатын «Единая Россия» партиясы бұл жолы конституциялық көпшілік дауысына жете алмай қалуы мүмкін. Қазір Ресейде осы жайында көбірек айтылуда. Оның есесіне бұрын төртінші орында жүретін, оппозициялық деп есептелетін «Справедливая Россия» партиясы осы сайлауда біршама алға шықты. Сарапшылар бұл партияның Владимир Жириновский басқаратын либерал-демократтарды өзінен соң қалдыруы оның «Единая Россиядан» және Коммунистік партиядан кейін Мемдумадағы үшінші саяси күш бола алатынын көрсетеді деп бағалауда. 2007 жылғы сайлаумен салыстырғанда, жалпы парламенттік партиялардың дауыс жинау деңгейі өскені атап көрсетілуде.
Серікқали БАЙМЕНШЕ.
Мәскеу.