Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының аясында Қазақстанда туып-өскен белгілі жазушы Сергей Лукьяненкомен (Ресей Федерациясы) шығармашылық кездесу өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті жиынына қатысу үшін елордаға арнайы келген қаламгер оқырмандармен өзінің өмір жолы, шығармашылық ізденістеріне қатысты сүбелі сұхбат жүргізіп, туған жеріне деген жүрекжарды сағынышын жеткізді.
«Бүгін, міне, туған өлкем – Қазақстан жеріне келіп, сіздермен кездесіп, пікірлесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Мен Қаратау қаласында туғаныммен, негізгі жұмысым Мәскеуде болғандықтан, қазір сол жақтамын. Бірақ туған еліммен арадағы байланысты ешқашан үзген емеспін. Үнемі рухани шығармашылық байланыстамыз. Бүгінгі кездесу де осы ойымның айқын айғағы. Жалпы, фантастика жанрындағы әдебиет оқырман үшін өте қызықты деп санаймын. Сондықтан да бұл жанр болашаққа өзгеше ой жүгіртіп, басқа әлемге көз тіккісі келетін жастарды үнемі өзіне үйіріп әкетеріне сенемін», дейді жазушының өзі.
Жамбыл облысында өмірге келіп, шығармашылық жолын Алматы қаласынан бастаған Сергей Лукьяненконың кітаптары 1980-1990 жылдары аралығында шыға бастады. «Нарушение» атты алғашқы ғылыми-фантастикалық хикаясы «Заря» журналында жарияланып, сол кезде-ақ оқырманның үлкен қызығушылығын оятқан болатын. Бүгінде «Аэлита», «Звёздный мост», «EuroCon», «Платиновый Тарлан», «Corine» премияларының лауреаты атанып үлгерген фантаст қаламгердің қиялы әлемді шарлап кеткені қашан. Оның кітап беттеріндегі терең ойы мен ұшқыр қиялы оқушысын ешқашан бейжай қалдырмайды. Керісінше, тек қана қиял қармайтын ғажайып әлемнің тылсымына жетелеп, әрдайым оқырманына ғаламат әсер сыйлау мұратынан бір сәт те айныған емес.
Жазушы еңбегі тек кітапхана сөрелерінде ғана емес, бүгінде кинотеатрлар экранына шығып, қым-қуыт сюжетке құрылған шытырманға толы оқиғалар көрушісін де ұмытылмас әсерге бөлеп жүр. Әйгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтің шығармашылық жұмысына арқау болған Сергей Лукьяненконың «Дозор» туындысы сондай шығармалар қатарынан.
Қазіргі таңда есімі Ресей шекарасы емес, әлемдік оқырмандарға жақсы таныс шығармашылық иесінің тағылымды әңгімесін тыңдауға жиналған меймандар арасында елімізге белгілі жазушылар, журналистер, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымының өкілдері, студенттер және тағы басқа қонақтар бар.
Кездесуде жазу өнеріндегі ізденістері жайлы жан-жақты сыр қозғаған қаламгер өзінің «Черновик» атты әңгімесі бойынша түсірілген осы аттас көркем фильмінің премьераалды трейлерімен көпшілік қауымды таныстырып, жақында әлемдік кинопрокатка шығуы жоспарланған көркем шығарма жайлы әсерімен бөлісіп, фильмнің түсірілу барысындағы қызықты жайттарын да әңгімеледі. Сондай-ақ жазушы шығармашылық жүздесуде өзінің кәсіптік қызметі мен шығармашылық ізденістеріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»