• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Сәуір, 2018

Суретшілер одағының кезекті ХVІІІ құрылтайы өтті

1014 рет
көрсетілді

Алматыда еліміздегі ең байырғы шығармашылық одақтардың бірі – 85 жылдық тарихы бар Қазақстан Суретшілер одағының кезекті ХVІІІ құрылтайы өтті. Қазақстандағы суретшілер мен өнертанушылардың басын біріктіретін одақтың 1100 мүшесі бар және облыс­тарда 17 бөлімшесі жұмыс істейді. Құрылтайдың ашылуына Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әділ Жоламанов қатысып, төрт жылда бір рет өтетін өнер шеберлерінің маңызды шарасының жұмысына сәттілік тіледі. 

Құрылтайда төрағаның есеп беруінен бастап, сурет­шілердің көрмесін ұйым­дастыру, одақтың қар­жы­лық жүйесіне есеп беру, бух­галтерлік аудит мә­се­лесі, жаңа секрета­риат құра­мын сайлау, одақ­тың жаңа басқарма төр­аға­сын сайлауға дейінгі се­гіз мәселе күн тәртібіне қо­йы­л­ды. Суретшілер ода­ғы төрағасының міндетін атқарушы Өмірбек Жұба­ния­зовтың жарты сағатқа жоспарланған есепті баяндамасында бүгінгі Одақтың жай-күйі мен тыныс-тіршілігі егжей-тегжейлі баяндалды.

Бүгінде Суретшілер ода­ғы атынан Мәдениет және спорт министрлігіне «Өнер сұхбаты – диалог өнері» атты халықаралық бейнелеу өнерінің фестивалі» жобасы, 85 жылдық мерейтойға байланысты іс-шаралар жобасы жолданған. Алматы қаласының әкімдігіне алты жоба, оның ең бастысы, шаһардың 15 саябағында сәндік-саябақтық мүсіндерді орналастырудың дизайн-жобасы, одақ ауласында Көр­ме залын салу, Астана қаласының 20 жылдығына орай кескіндеме өнері бойын­ша симпозиум өткізу жобасы қарауға жіберілген. Сондай-ақ одақ жанынан Жастар бірлестігі құрылған. Мәскеудің Халықаралық конфедерация баспасынан «Қазақстанның бейнелеу өнері», «Еркін Мергенов» және «Дулат Әлиев» атты үш иллюстрациялық альбом басылып шықты. Суретші үшін маңызды саналатын мұндай альбом мен каталогтің 19-ы өз еліміздегі баспалардан да жарық көр­ген. Су­рет­шілер одағы ғылы­ми-рухани орталыққа ай­нал­­дыру мақсатында ұйым­дастырылған Аста­надағы Ұлттық музей қорын жасақ­тауға да көп жәрдем беріп, қазақ халқының тарихы мен танымын ай­шық­тайтын туындыларды тарту етті. Ә.Қастеев атын­дағы Мемлекеттік өнер мұра­жайымен, Астанадағы Қа­рулы Күштер музейімен, Алматыдағы Қарулы Күштер музейімен, Оқушылар сарайымен және тәуелсіз мәртебесі бар барлық заң­ды тұлғалармен бірлесіп жұмыс істеу туралы шарт­тар жасалған. Бір­қа­тар су­ретшілер та­рапы­нан дау туғызған Қабан­бай батыр көшесіндегі шебер­хана­лар­дың техникалық паспорты мен пайдалануға енгізу ак­тісі бүгінде толықтай дайын­далған.

Басынан дау-дамай, талас-тартыс арылмай­тын шырғалаңы мол шығарма­шылық одақтардың арасынан Суретшілер одағының да төбесінің «шоқтана» көрі­нетіні бәріне белгілі шындық. Төрағаны сайлау төңірегінен туындайтын тартыс та көп жағдайда дәл осы одаққа тән. Сондықтан алтыбақан алауыздыққа емес, бірлікке, татулыққа шақыр­ған сөз бұл жиында да айтылды. Құрылтайға жиылған өнер қайраткерлері, енді қалыптасып келе жат­қан еркін ой иелері осы қағидамен келіскені болар, ұсынылған үш үміт­кер­дің ішінен бір жылдан аса «одақ төрағасының мін­детін атқарушы» болып келе жатқан Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязовті Қазақ­стан Суретшілер ода­ғы­ның басқарма төрағасы етіп сайлауға бір ауыздан пәтуаласты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ