• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бокс 30 Сәуір, 2018

Елеусіновтің екпінді жеңісі

348 рет
көрсетілді

Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы тұңғыш жекпе-жегін сәтті бастады. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан «Барклайс» аренасында өткен кездесуде отандасымыз америкалық боксшы Ноа Киддті үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Жартылай орта салмақта жұ­­ды­рық­тасқан Данияр Елеу­сінов­тің жекпе-жегі Геннадий Головкиннің экс-қарсыласы Дэниель Джейкобстың қатысуы­мен болған бокс кешінде өтті. Алдын ала мәлімет бойынша Елеусінов-Кидд айқасы 6 раунд­қа жоспарланған-ды.

Жекпе-жектің бірінші раундында екі боксшы бір-бірін барлаумен өткізді. Десе де Елеусінов реті келгенде қарсыласын соқ­қының астына алып, біраз тық­сырып бақты. Екінші раундта қандасымыз басымдықты өз қолына алды. Қарсыласына мүл­дем соққы жасауға мүмкіндік бер­мей, ринг үстінде өз билігін жүр­гізді. Ал үшінші раундқа келген­де Елеусінов айқасты ұзаққа соз­бай, осы ранудта-ақ аяқтап тастауға бел буды. Америкалық боксшы соққы жасамақшы болып, қолын алға созғанда қорғанысы ашық қалғанын байқаған Данияр, сол қолының ауыр соққысымен қарсыласын есеңгіретіп тас­тады. 10 секундтан соң Кидд кез­­­­десуді жалғастыра алатынын айтып, орнынан тұрғанымен, қандасымыз оны қайта соққының астына алды. Алайда америкалық боксшының жұдырықтасуға қауқары қалмағанын байқап, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша Данияр Елеусінов кәсіпқой бокс­тағы мансабын жарқын жеңіспен бастады.

Кездесуден соң Ноа Кидд жер­гілікті БАҚ өкілдеріне жеңілісінің себебін айтып берді. «Білесіздер ме, менің қар­сыла­сым екі Олим­пия ойындарына қатысып, бір рет чемпион болған. Ол өте мықты және тә­жі­рибелі боксшы. Жалпы жекпе-жекке дайындығым өте аз болды. Тағы үш аптаға жуық дайын­далғанымда бүгін басқа ай­қасты көретін едіңіздер. Менің жаттығуымның көп бөлігі салмақ қуу­мен өтті. Сондықтан күшімнің бі­разын сарқып алдым десем де болады. Бұл – ақталғаным емес. Жеңілісімді мойындаймын. Карьерамда бірінші рет үшінші раунд­та жеңіліп қалдым. Енді жат­тығу залына тезірек оралып, дайындығымды екі есе арттыратын боламын», деді америкалық бокс­шы.

Ол бүгінге дейін төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түскен. 23 жастағы Кидд кәсіпқой бокстың әліппесін осыдан екі жыл бұрын бастаған. Соңғы айқасын өткен жылдың желтоқсан айында өткізіп, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген.

Сонымен қатар RingTV ба­сылы­мының журналисі Райан Сонгалия Данияр Елеусінов жекпе-жегін осылай жалғастыра берсе, аз уақыттың ішінде ТОП боксшылардың қатарына ене­тінін айтты. «Ол кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастады. Мен осы күннен бастап оның әр қадамын бақылап отырамын. Ол тез арада үздік боксшылардың қатарына енетініне сенімдімін. Оның жылдамдығы мен рингте еркін қимылдауы мені қатты риза етті», деді ол.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»