«Мен бала кезімнен өзімнің жеке көрмемді өткізуді армандадым. Міне, енді сол арманыма жеттім. Мені әрдайым қолдап жүретін анама алғысымды білдіргім келеді. Мұражай әкімшілігіне және келген қонақтардың барлығына рақмет айтамын», деді суретші Еркебұлан Молдабеков.
Таяуда Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында жас суретшінің жеке көрмесі өткен болатын. Көрмеде түрлі жанрларда орындалған 30 туынды көрермен назарына ұсынылды. Келушілер мұнда дизайнерлік панно, акварельді портреттер, табиғат тақырыбында салынған көркем туындылар сериясын, сондай-ақ авторлық карикатураларды тамашалай алды.
– «Ояну» деген лирикалық атауы бар көрме – біздің «Жаңа есімдер» жобамыздағы төртінші көрме, – дейді шара жетекшісі, облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Виктория Храпко. – Автор суреттерін алдын ала қарындашпен сызып алмастан, бірден салады. Ол дегеніміз, суретшінің көру қабілеті тамаша және график ретінде мықты маман екенін көрсетеді.
Еркебұлан – «Арт хелп» жастар шығармашылық бірлестігінің мүшесі. Бұл қайырымдылық ұйымының құрамында Қазақстанның 16 қаласының 30-дан астам жас суретшісі бар. Бірлестік мүшелері өз картиналарын сатып, тапқан қаражатты ауыр дертке шалдыққан балалар қорына аударады.
Еркебұлан Молдабековтің бұл алғашқы жеке көрмесін қайырымдылық сауда-көрмесі деп те атауға болады. Суретшінің картиналары 1500 теңгеден 50 000 теңге аралығында бағаланды. Ең қымбат туынды – боксшы Геннадий Головкиннің қолы қойылған портрет болды. Суреттерді сатудан түскен қаражатты автор Аружан Саинның қайырымдылық қорына аударуды жоспарлап отыр.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ