Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым МҰТАНОВ:
ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫНА ТАРТУЫМЫЗ – 20 ИННОВАЦИЯ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығы тұсында қара шаңыраққа арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сондағы интерактивті дәрісінде бүгінгі таңдағы Қазақстан инновациялық «сілкіністі» талап етіп отырғандығына тоқтала келе, инновациялық идея жаршылары, инновация жасаушылар замананың дәріпті ерлері болуы тиістігін атап көрсеткен-ді. Мемлекет басшысының Қазақстанда интеллектуалды ұлт құру туралы салиқалы ойы алғаш нақ осы арада жария етілуі де тегін емес еді. Себебі, елдің жоғары біліміндегі көшбасшы университет барлық уақыттарда, әсіресе Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында өзекті ғылыми-технологиялық бағыттарды зерттеудің, инновациялық жобаларды іске қосудың және ұлттың интеллектуалды әлеуетін жоғары сападағы адам капиталымен толықтырудың алғы шебінде келеді. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар, білім ордасының бүгінгі уақыт талабына үндескен тыныс-тіршілігі хақында айтып беруді біз университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер, Ғалым Мұтановтан өтінген едік. – Ғалым Мұтанұлы, еліміздің жоғары оқу орындары тәуелсіздік жылдарында қалай дамып келеді? Қандай сатылардан өтті, қандай биіктерге жетті? Жалпы бағыт-бағдар қандай? – Тәуелсіздіктің 20 жылында еліміздің жоғары білімі жаңа биіктерге көтерілді. Еліміздің жоғары мектептері әлемдік трендтерді, дүниенің төрт тарабында болып жатқан оң нышанды өзгерістерді жатсынбай, өз тіршілігінің қантамырына дұрыс қабылдап, сіңіріп жатыр. ТМД елдері арасында бірінші болып Болон үдерісіне кіргенімізді негізгі жетістіктердің бірі ретінде бағалар едім. Ол дегеніміз – әлемдік білім берудегі жаңа деңгейдің, жаңашыл өзгерістердің көрінісі. Мысалы, Еуропа мен АҚШ, дүниенің көптеген оза дамыған өркениетті елдері білім берудің үш сатылы жүйесінде. Бұл жүйе бойынша бакалавр, магистр, PhD докторы даярланады. Қазақстан осы озық жүйені де ТМД елдері арасында бірінші болып енгізген ел. Осы айтылған жетістіктер арқылы біз әлемдік интеграцияға кіріге қосылып жатырмыз. Экономикаңызды, саясатыңызды жасайтын да, бір-бірімен үйлестіретін де адамдар, оның ішінде жоғары білікті мамандар. Әр елдің осындай мамандары бір-бірімен селбесіп үлкен жобалар жасаған кезде сәйкестік болмаса түсініспеушілік орын алар еді. Қазіргі жаһандану кезінде біз осындай сәйкестікке, интеграция үдерісіне табиғи түрде қосылуға дайын болуымыз керек. Істеп жатқан ісіміз, дайындап жатқан мамандарымыз, алып жатқан білім-білік пен мәртебеміз сол әлемдік деңгейдегі талап биігінен табылуы тиіс. Міне, нақ осы тұрғыдан алғанда жетістіктеріміз күмәнсіз. Кредиттік оқыту жүйесіне көшу өз деңгейінде өтіп жатыр. Ол не үшін десеңіз, шетелде қалыптасқан дәстүр бойынша студенттер өзіне, болашағына қажет деп білген пәндерді таңдап, соны оқиды. Төлемақысы да сол таңдаған пәндеріне, алған білімдеріне сәйкес төленеді. Кредиттік жүйе студенттердің өзіне нақты керегін таңдап алғанға таптырмайтын қажеттілік. – Сонда студент: «Мен мына пәнді таңдаймын, ақшаны соған ғана төлеймін, ал ана пәннің керегі жоқ» дей ме? – Ол қай бағыттағы маман болып шыққысы келсе, соған орайлас сабақты таңдайды. Студенттердің өздерінің жеке жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігі де арттады. Олардың өздеріне керекті пәндерді таңдауына еркіндік беріледі. Бірақ мұның белгілі бір жиынтық нормасы белгіленген. Ол норматив орындалмаса, яғни студент талапқа сәйкес қажетті кредитті жинай алмаса, келесі курсқа өте алмайды. Мұны да біз ТМД-да бірінші болып енгіздік. – Демек, студенттердің шектен шығып кетуіне жол берілмейді дейсіз ғой. – Ол жағы да бар. Негізгі талаптардың бірі сол, біздегі кредиттер шетелдегі кредиттермен сәйкес болуы керек. Себебі, қазір біздің экономикамыз ашық. Елімізде қаншама шетелдік компаниялар жұмыс істеп жатыр. Өздеріне жұмысқа орналасушы жастардан олар: «Сен қандай пәндерді оқыдың? Мынадай пәндер болды ма?» деп сұрайды. Сол кезде біздің берген біліміміз, студенттеріміздің алған білігі әлемдік оқу жүйесімен сәйкес келмесе бәрі еш болады. Міне, осы жағынан Қазақстан әлемдік стандарттар деңгейіне жақсы көтерілу үстінде. Бұл да бір Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болуына ақ жол ашатын тетік. – Енді тәуелсіздік жылдарындағы ҚазҰУ-дың алған асу-белестеріне, қазіргі хал-ахуалына тоқталсаңыз. – Әлбетте, әлемге танылып отырған тәуелсіз еліміздің өмірінде ҚазҰУ-дың алар орны ерекше. Қазірде ат үстінде жүрген азаматтардың дені кезінде осы университеттен қанат қаққандар. Білім ордасының өркендеп, дамуына кеңес заманында да мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінгенін білесіз. Мына үлкен ҚазҰУ қалашығы соның бір дәлелі десем, қасиетті қара шаңырақ тәуелсіздігіміз тұсында одан әрі зорайып тұлғалана түсті. Иә, жетпіс бес жылдық тарих жолынан абыроймен өткен білім ордасына ең бірінші кезекте уақыт талабына сай, заман ағымына сәйкес білікті мамандар даярлау жүктелген. Елбасы экономиканы әртараптандыру, минералды ресурстарға тәуелділікті азайту, жаңа бағыттағы инновациялық экономика құру міндетін алға тартып отыр. Сонымен бірге, осы орайдағы қандай да бір мүмкіншіліктердің бәрін пайдалану керектігін жалықпай айтуда. Міне, осы үдерістің бір субъектісі болу – біздің университеттің айқын мақсаты. Өйткені, инновациялық экономика – ол білімге, жоғары технологияға бағытталған. Қазіргі заманда ондай экономиканы жасайтын – негізінен алғанда, университеттер. Шетелдегі өркениетті елдердің тәжірибесіне қарайықшы. Америка неге керемет алға кетті десеңіз, ол ғаламат табыстарына негізінен өзінің университеттерімен қол жеткізіп отыр. Дамыған елдердің бәрі солай. Оксфорд, Гарвард, Кембридж, Массачутет, тағы басқалары өз елдерінің зор қарқынмен қарыштап алға басуына негізгі ықпал етіп отырған университеттер. – Адам капиталын жасау арқылы ма? – Ең алдымен адам капиталын қалыптастыру арқылы. Сонымен қатар жаңа технология, жаңа білім, жаңа ғылымды тікелей өздері кәдеге жарату арқылы. Ендігі университеттер студенттерді оқытумен бірге зерттеушілік бағытқа бет бұрып, ғылым жетістіктерін жасауға өздері тікелей қатысатын болды. Сондықтан университеттің мәртебесіне, олардың қоғамдағы орнына басқаша көзбен, неғұрлым жоғары өреден қарауымыз керек. Университеттер, білім-ғылым ордалары мемлекетті дамытушы күшке айналғанын мойындайтын кез жетті. Осы жағдайларды пайымдай келе, «Университет және қоғамның дамуы» деп аталатын жаңа жоба әзірлеудеміз. Неге десеңіз, университет әсіресе, адам капиталы арқылы қоғамның дамуына барлық жағынан ықпал етеді. Ертеңіміз қалай болады десек, ол келешекте билік басына келетін адамдарға, адам капиталына байланысты. Қара шаңырақтан болашақ мамандар қандай қасиет, қандай біліктілік, өркениетке сай қандай құндылық алып шығады? Мұнда кім қалыптасады? Мәселе, сайып келгенде, осыған тіреледі. Тағы бір жәйтті зерделесек, ең маңыздысы экономика, нақты көрсеткіш деп жатамыз. Ғалымдар ежелден ғылыммен айналысады. Ал оның пайдасы, нақты көрсеткіші қайда? Халыққа, қоғамға содан келіп жатқан қандай пайда бар? Яғни, қазіргі талап басқаша қойылады. Осы орайда әсіресе гуманитарлық салада жаңа менталитет орнықтырып, жаңа құндылықтар қалыптастыруға күш салғанымыз абзал. Сондай жағдайдың негізгі генераторы, идеялардың қайнайтын қара қазаны осы біздің университеттер болуы керек. Қазіргі әлемдік үрдіс осылай. Біз соған ұмтылуымыз керек, содан қалып қоймауымыз керек. – Ғалеке, сіздің сөзіңізден есіме түсіп отыр. Нарықтың алғашқы жылдарында ғой деймін, «Троллейбус жүргізушісінің жалақысы академиктің жалақысынан жоғары екен. Бұл қалай?» деп біреуге сұрақ қойса, ол: «Себебі, троллейбус жүргізушісінің еңбегінен нақты пайда бар», – деп жауап берген көрінеді. Сол кезде бұған баспасөзде «Ал, троллейбусты кім ойлап тапты екен?..» деген уәж айтылып еді. – Ғылым мен техника дамиды, троллейбус жаңарады. Қазір сағатына 500 шақырым жылдамдықпен зымырайтын жүрдек пойыздар шығып жатыр. Метро және бар. Осының бәрін ғалымдар ойлап табады. Ғалымның еңбегін елемеуге, рөлін төмендетуге болмайды. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп арғы ғасырда Абай да айтқан. Ендеше, бізге күнделікті тіршіліктің бір көрінісі болатын ғана емес, болашаққа бағыт жасайтын, ертеңіміздің өрлеуіне септігін тигізетін ғылым керек. Болашақтың ғылымы даму үшін университеттерге, онда оқитын жастарға білім-ғылым меңгеретін инвестицияны қазір салуымыз керек. Біздің елімізде солай жасалып та отыр. – Осы жылдың басында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобасын жария еткен едіңіздер. Міне, жыл аяқталып келеді. Тәуелсіздік тойының қорытындылануына да аз уақыт қалды. Осы жоба жайында кеңірек айтып берсеңіз. – Бұл жобаға Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қозғау салды. Жолдаумен танысқаннан кейін «Университет қоғамға не берді?..», «Ғылым, білім, жаңа технологиялар шығаратын орын ретінде біз не бітірдік, елге не бердік?..» деп өзімізге сұрақ қойдық. Тәуелсіздіктің нығаюына септігін тигізу, тәуелсіздіктің тірегі болу университеттің бір миссиясы. Олай болса, жаңағыдай сұрақ қоюымыз заңды еді. Ғылыммен қанша жыл айналысып келе жатқанда еліміз содан пайда көруі, одан нәтиже күтуі де заңды емес пе?! Содан жасалып жатқан екі жүздей ғылыми жұмысты сараптай отырып, соның ішіндегі ең бірегей деген жиырмасын таңдап алдық. Осынау инновациялық жобалар нано және биотехнология, дәстүрлі және баламалы энергетика, қоршаған ортаны қорғау, медицина, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік сияқты салаларда жаңа ғылыми-технологиялық бағыттарды игеріп, осы орайдағы жаңашыл идеяларды әзірлеп, өндіріске енгізуге бағытталды. Мұндағы басты мақсат – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін ғылымды көбірек қажет ететін технологияларға, одан әрі өндіріске конвертациялау болғаны сөзсіз. Міне, мұның өзі еліміздің индустриалдық-инновациялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылар елеулі үлесі болып табылмақ. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобасы аясындағы кейбір жобаларға тоқтала кетсек, мәселен, Алматы қаласы ЖЭС алауында тозаң көмірдің жануын тұрақтандыру және ұстап қалу, қазанды мазутсыз жағуға арналған отынды плазмалық жағу жүйесін енгізу жобасы. Ол қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және экономикалық тиімділікті арттыруға демеу болады. Бұл жүйенің жалпы Қазақстан бойынша экономикалық тиімділігі жылына қомақты қаржымен бағаланып отыр. Жаңа жобалардың қатарында мұнаймен ластанған топырақты және жасанды топырақты биоремедиациялауға арналған микробты препарат өндіру, микробалдырларды пайдаланып, ағынсуды биологиялық тазалау технологиясын өңдеу жобаларын ерекше атауға болады. Тәуелсіздікке арналған жобалардың біршамасын қолданысқа енгізіп те үлгердік. Ендеше, 20 жылдыққа тарту етілер 20 инновациямыздың әлеумет үшін кәдеге асар пайдасы да, экономикалық тиімділігі де өте зор. – Ұлық мереке қарсаңында білім ордасының ұжымының көңіл күйі қалай? – Осында басшылыққа келгеннен бергі алға қойған мақсатым – бір тілекке жұмылған ұжым жасау, ынтымақты қарым-қатынас қалыптастыру, бірлікті орта ұйыстыру болды. Әр факультетте, әр кафедрада, әр корпуста бірге жұмыс істейтін адамдардың жәй жиынтығы емес, бір-біріне тілекші ұжым жасау. Шетелде мұны «корпорация» дейді. Корпорация дегеніміз, бір бағытта жүретін, бір мақсатқа жұмылған ұжым. Ол мақсатқа жетудің жоғары көрінісі. Сондықтан, «ҚазҰУ-дың корпоративті кодексін» қабылдадық. Сонымен бірге, студенттердің «Ар-ождан кодексі» қабылданды. Студенттерге «өздерің үшін оқисыңдар, көшіру, плагиат болмасын, аға-көкені шақырмаңдар, ақша ұсынбаңдар» деп жиі айтамыз. Оқытушылардың да белгілі бір тобына домалақ арыз жазуды қойдырдық. Өкпе-наз болса, Әдеп комиссиясына айтыңдар дедік. Жүйелі басқарудың жоғары деңгейі – ұжымның өзін-өзі реттеуі, үйлестірілуі. Біз өз жұмысымызды сол бағытта жүргізудеміз. – Олай болса, еңбекақы сол талапты орындау деңгейіне қарай берілетін болар? – Еңбекке ақы төлеу түпкі нәтижеге бағдарланады. Әр қызметкердің еңбегі рейтингтік жүйемен бағалануда. Оны бағалаудың нақты өлшемдері бар. Соған қарап, мысалы, рейтингі жоғары оқытушы жалақысына қоса ай сайын 50 мың теңгеге дейін үстеме қаражат алады. Еңбекақы жөнінен жоо-лар ішінде ең алдыңғы қатардамыз. Оқу орны үшін бұл да бедел, абырой. Талапқа ілесе алмағандармен келесі жылдарда қош айтысамыз. Қазір осы жүйені кіргіздік. Бұл да үлкен пайдалы жаңалық саналады. – Тәуелсіз мемлекетіміз нығайып, экономикасы өскен сайын ҚазҰУ-дың, басқа жоғары оқу орындарының жағдайы жақсарып жатқаны да шындық. Мемлекет тарапынан, Елбасы тарапынан қасиетті қара шаңыраққа қандай қамқорлықтар, қандай жақсылықтар жасалуда? – Біріншіден айтарым, Елбасының бастамасымен «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды. Жақында ғана Мемлекет басшысы «Білім туралы» Заңға қол қойды. Оң нышанды өзгерістер екеуінде де мол. Айталық, ғылымды қаржыландыру ілкімділік деңгейіне көтерілуде. Соның нәтижеге бастар жаңа нобайы қолданылуда. Мұны гранттық, базалық, мақсатты-бағдарламалық деп жіліктейміз. Бұлар ғалымдардың қай-қайсысына болсын қолжетімді. «Білім туралы» Заң орайында айтсақ, мұнда ұлттық зерттеу университеттерін қалыптастыру мүмкіншілігі кеңінен қарастырылған. Осы ретте «Назарбаев университеті» үлгісінің бағытында үлкен дайындықтар жасап, сондай мәртебе алу үшін жұмыла іске кірісудеміз. Зерттеу университеті мәртебесін иеленсек, көп мәселелерді өзіміз дербес билігімізбен шешіп отырар едік. Мұның жақсы жақтары көп. Жаңа көкжиектер, үлкен мүмкіндіктер ашылады. Соңғы кезде мемлекеттің тарапынан жеткілікті қаржының бөлінуінің арқасында көбіне-көп магистранттар мен докторанттар даярлауды қолға алудамыз. Шетелден дәріс оқуға профессор, ғалымдарды шақыруға да аса зор мән беріліп, оған да қомақты қаржы бөлінуде. Бұл мүмкіндікті тәуір пайдаланып жатырмыз. Сонымен қатар студенттерге, магистранттар мен докторанттарға бір ай, бір семестр, бір жыл шетелге барып оқып келуге мүмкіндіктер туғызылуда. Осының бәрі түгелдей әрі тікелей Елбасының ғылым мен білімге жасап жатқан ұшан-теңіз қамқорлығы. – Зерттеу университетіне айналғанда құрылымдық, кадр даярлау бағдарында өзгерістер болатын шығар? – Қазірдің өзінде миссиямызбен сәйкеспейтін, керек емес мамандықтардан іргемізді ажыратып жатырмыз. Өйткені, мұғалімдерді, педагогика мамандықтарын әр өңірдегі педагогикалық институттар даярлайды. ҚазҰУ-дың олармен жарысып несі бар? Оның орнына экономиканың дамуына байланысты жаңа мамандықтар ашып, магистрлер мен докторанттардың үлесін арттырудамыз. Сонымен, қазір университетте жалпы саны 180, негізгісі жүзге тарта мамандық меңгерілуде. – Әлеуметтік, қоғамдық, мәдени-тұрмыстық өмірі, спорты, басқасы бар, бұрқ-сарқ қайнап жатқан сол тыныс-тіршілік жайында бір ауыз айтып өтсеңіз. – Әрі білім, әрі тәрбие ордасы болғандықтан, біз мұнда өркениеттік құндылықтарды насихаттауымыз керек. Біріншіден, саламатты өмір салты, екіншіден, ұлттық, патриоттық тәрбиенің назардан қағыс қалмағаны абзал. Ұлтым деп соққан жүрегі бар, халқым деп ойлауға қабілетті жас ешқашан ешкімнен кем болмайды. Бізде адами дамудың клубтық жүйесі құрылған. Ол жүйе бойынша қабілет-дарынды көтеруге барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Талантың тасып жатса, ән мен күй клубтарына барып танытуға болады. Спорт түрлері бойынша отыз шақты секция бар. Олар өз жұмыстарын түске дейін де, түстен кейін де студенттердің уақытына бейімдеп құрады. Осы жүйеге көшкеннен бері біздің спорттық көрсеткіштеріміз де бұрынғыдан әлдеқайда көтерілді. Республика универсиадасында қатарынан екінші рет жеңіс тұғырынан көріндік. Одан қала берді, студенттік радио торабымыз, өзіміздің жергілікті телехабар тарататын орталығымыз бар. Оның желісі барлық корпустарға қосылған. Студенттердің өздері бағдарламаларын жасап, күнделікті университеттің тыныс-тіршілігінен телехабарлар көрсетеді. Университет газеті аптасына бір рет шығады. Мысалы, ректоратта қандай мәселелер талқыланды, оның шешімі қандай болды? Аптаның айшықты оқиғалары қандай? Өз телеарнамыз бен газетімізден мұны ұжымның әрбір мүшесі көріп, біліп, хабардар болып отырады. – Жиырма мыңға тарта студентті тәрбиелеп, мамандандырып отырған қара шаңырақта болашақ кадрларды рухани байыту жайы қалай өрбіп отыр? – Көшбасшы білім ордасының ғалымдары мен оқытушылары студенттерді кәсіби маман ретінде даярлап қана қоймай, рухани бай, көзі ашық, көкірегі ояу жастарды дамытуды өз міндеттеріне алған десек болады. Осы орайда біз оларға бағыт-бағдар болсын деп ақылдаса келе, оқылуға тиіс кітаптардың тізімін жасадық. Толстой, Достоевский, өз Абайымыз, Әуезовіміз бар. Махамбет, Дулат, Ақтамберділер. Сондай-ақ Мағауин, Кекілбаев сияқты бүгінгі көзі тірі классиктеріміз. Оның ар жағында Алаш арыстарын түгел оқып шықса, содан кем болмайды. Мағжандар империяның түбінде құлайтынын да білді, айтып та кетті. Төрт жылда осы құндылықтарды оқып шығуға міндеттейміз. Көркем әдебиет оқыған рухани бай адам мүлдем басқа өреде сөйлеседі, оның жан дүниесінің парасаты да мол болады. Жастарға тәрбиелік зор мәні бар жоба ретінде биыл «Өнегелі өмір» атты кітаптар сериясы шыға бастады. Бұл кітаптардың негізгі кейіпкерлері біздің университетке қатысы бар тұлғалар. – ҚазҰУ халықаралық байланысы сан-салалы университет. Енді осы турасында айтып өтсеңіз. – ҚазҰУ бүгінде 400-ден аса әлемдегі ірі университетпен тығыз байланыс орнатқан. Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдеріндегі жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық келісім-шарттарына қол қойған. Жақында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» тақырыбында өткен халықаралық форум университет беделін жоғары дәрежеге көтерді. Әлемнің 30 елінен келген жүзге тарта университеттің профессорлары мен ғалымдарына елімізді дәріптедік, тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктерімізді мерейлене айттық, Қазақстандағы ғылым-білімнің дамуын көрсеттік. Сонымен бірге, шетелдіктер пікіріне құлақ түріп, ғылымдағы инновациялық-технологиялық жобаларымыздың жайын кеңінен талқылап, ақылдастық. Осындай байланыс негізінде жақында ҚазҰУ делегациясы АҚШ-та болып, осы елдің Колумбия, Стэнфорд, Мерилэнд, Калифорния университеттерімен және де «Силикон алқабындағы» жоғары технологиялық компаниялармен білім, ғылым, инновация бағыттарында бірлесе отырып, жұмыс жасауға қол жеткізіп қайтты. Олардан үйренеріміз көп, шетелдік әріптестеріміздің озық тәжірибелерін пайдалану бізді жаңа, жоғары деңгейлерге жеткізетіні анық. – Осының өзі тәуелсіз ел өміріндегі университет тұғырнамасының белсенділігін танытпай ма? – Әрине, көшбасшы университет болғаннан кейін бізге жүктелген жауапкершілік те жоғары. Сол орайда, қоғамдық-саяси, мәдени мәселелерде де басқа әріптестерімізге үнемі үлгі, өнеге болуымыз керек-ақ. Жаңағы форумды өткізуіміздің бір себебі де содан туындайды. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 инновация» жобасын қалай аяқтағанымыз – елімізге беретін есебіміз болмақ. Соңғы айлардың бір қуанышты хабары сол, ҚазҰУ QS рейтингісінде де үздік секіріс жасап, әлемдік топ-университеттер сапында бірден 200 орынға жоғарылап, биыл 401-450 дәрежеге кірді. Бұл ретте біздің қара шаңырағымыз әлемдік үздік университеттердің бел ортасынан ойып орын алған Орталық Азиядағы тұңғыш университет. Классикалық университеттен зерттеу университетіне айналу жолындағы ұжымның тынымсыз еңбегі алғашқы нәтижелерін беріп жатыр. Бүгінде жаңашылдық университеттің барлық құрылымына тың серпін берген. Факультеттер кластерлік негізде қайта жасақталып, кафедралар іріленді. Тиімді менеджмент, әр қызметкер еңбегінің рейтингтік жүйемен бағалануы, инновациялық инфрақұрылымдардың заманауи тұрғыдан жетілуі, әлеуметтік серіктестік, корпоративті мәдениеттің жақсаруы және білім ордасының тұтастай келбетінің жаңғыру-жаңаруы бүгінгі негізгі бағыт-бағдарымызды айқындайды. Осының бәрі, бұрынғы кеңес кезінде болмаған жағдайлар, тек Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктер. Бас хатшы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына біздің университет еліміз бойынша мүше болып қабылданды. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Мұны да университеттің ел Тәуелсіздігін нығайтуға қосқан бір үлесі деп орынды бағалауға болады. Соған шүкіршілік етіп, ел игілігі жолындағы еселі еңбегімізді жалғастыра бермекпіз. Сондықтан, егемендігіміздің мерейлі тойы тек жеткен жетістігімізді мақтана көрсететін шара емес, өткенімізді саралайтын әрі алдағы жиырма жылдыққа кең бағыт-бағдар беретін меже болсын деген тілек айтамын. – Әңгімеңізге рахмет!Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.