Кеше Қазақстан Республикасының Елшісі Әлімхан Есенгелдиев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниге сенім грамоталарын табыс етті.
Кездесу барысында Ауғанстан басшысы қазақстандық тарапқа және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзіне Ауғанстанды қайта қалпына келтіруге, елде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға бағытталған барлық халықаралық және өңірлік бастамаларға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғысын білдірді. Ол Қабыл үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі әріптесі ретінде ерекше маңыздылығын атап өтті. Бұған оның тек 2017 жылы Астанаға барған екі сапары және Қазақстан Президентімен келіссөздері дәлел болып отыр.
Ауғанстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің қажеттігін басып айтты. Қазақстандық іскерлерді ауған нарығында, атап айтқанда бидай жеткізу, Ауғанстан аумағында қазақстандық компаниялардың диірмен салуы, тау-кен өнеркәсібінің объектілері, электроэнергия салаларында, теміржол жобаларындағы жұмысының белсенділігін арттыруға шақырды. Өз кезегінде ауғандық тарап қазақстандық нарыққа жеміс-жидек пен жаңғақтардың түр-түрін жеткізудің көлемін ұлғайтуға әзір.
Ә. Есенгелдиев Ауғанстан Президентіне көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Президентінің Ауғанстанға, оның ішінде ҚР-ның БҰҰ Қауіпсіздк Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігі шеңберіндегі бөліп отырған ерекше маңыздылығын атап айтты. Мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі кеңейтуге барын салатындағына дайындығын жеткізіп, сондай-ақ елді қысқа мерзімде қалпына келтіру ісінде Астананың Қабылды толықтай қолдайтындығы бойынша ұстанымы туралы мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан елшісі сол күні Сыртқы істер министрі Салахуддин Раббанимен жеке кездесу өткізіп, тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты.