Турнирдің алғашқы іріктеу кезеңіне 30-ға жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Атырауда алғаш рет Street Workout-тан қалалық турнирдің алғашқы кезеңі өтті.
Қ.Смағұлов алаңында басталған іріктеу кезеңінде 30-ға жуық қатысушы ниет білдірді. Сайыс белтемірге қосымша салмақты беліне байлап алып тартылу, белтемірден кеудені асыра тартылу және сырықтағы жаттығу кезеңдерінен тұрды.
- Алғашқы кезеңде жарысты қызығып көрушілер саны көп болды. Бұның өзі Street Workout-тың жастар арасында сұранысқа ие әрі қолжетімді спорт екенінің дәлелі. Осы спорт түрін дамыту мақсатында қаламызда төрт Street Workout алаңдары ашылған болатын. Болашақта халық сұранысы көбейіп жатса, аталған спорт алаңдарын көбейтеміз, - дейді қалалық спорт бөлімінің басшысы Ринат Ибрагимов.
Сайыстың ең жас қатысушысы – 12 жасар Арман Ыбырай. Ол барлық жаттығу бойынша 31 ұпай жинап, ересектермен бірдей дәрежеде сынға түсті. Ұйымдастырушылар Арманды «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы дипломмен марапаттады. Өзге де жарыс жеңімпаздарына арнайы диплом, медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Айта кету керек, қалалық турнирге іріктеудің екінші кезеңі 7 мамыр күні Вокзал маңы 5-і мөлтек ауданында өтеді. Үздік шыққан 5 қатысушы 1 маусым күні өтетін ақтық сайысқа жолдама алады.