• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Мамыр, 2018

Ресейдің Троицк қаласында «Айқап» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі құрылды

415 рет
көрсетілді

Қостанай облысымен шекаралас Челябі облысының Троицк қаласында  «Айқап» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің тұсаукесері өтті. Бұл жаңа қоғамдық бірлестік жақында ғана ресми тіркелген болатын.

Осындағы қазақ диаспорасының өкілдері ұлттық құндылықтарды жоғалпай, жас ұрпақтың халқымыз дәстүрлері мен тілімізді ұмытпауы үшін жаңа серпіліспен жұмыс істеуге талаптанып отыр.  Тұсаукесерде осы жаңа қоғамдық ұйымның жетекшісі Өмірғали Өтәлиев қай ұлттың да тарихты білмей болашағы бұлыңғыр деп біледі.

«Айқапты» құрғандағы басты мақсатымыз жас ұрпақ өз ұлтының, халқының тілін, дәстүрін ұмытпаса екен дейміз. Сол үшін жұмыс істейтін боламыз» дейді Өмірғали Өтәлиев.

Челябі облысында 40 мыңға жуық қандастарымыз тұрады. Бүгінде солардың арасында ана тілін білетіндердің қатары тым селдіреп кеткен. Бірақ соңғы жылдары жастардың ұлттық құндылықтарға деген ынтасы ерекше. «Айқап» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігін құрған ынталы топ оның жұмысына жастарды тартуды ойластырып отыр. Қандасымыз, Троицк қаласындағы №9 орта мектептің  мұғалімі Ғалия Сәрсенбаева жексенбілік мектепте қазақтарға қазақ тілін үйретеді.

«Ана тілін білмеген өзін қалай қазақ деген халықтың өкіліміз деп айта алады? Жастардың туған халқына, елге, туған жеріне деген патриоттық сезімі тек  ана тілі арқылы ғана қалыптасады. Сондықтан жаңадан құрылып отырған «Айқап» қазақ ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігі ең алдымен диспора өкілдері арасында, жастарға қазақ тілін үйретуді берік қолға алатын болады» дейді  Ғалия Сәрсенбаева.

Тұсаукесерге Троицк қаласындағы жергілікті атқарушы билік және   Достық үйі өкілдері қатысып, құттықтады, алдағы уақытта бірлесіп жұмыстар жүргізуге мәмілелесті.  «Айқап» қоғамдық ұйымы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Қостанай облыстық филиалымен және Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»