• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Мамыр, 2018

Қостанайлық фермерлер субсидияға өтініш бере алмай отыр

234 рет
көрсетілді

Оның себебі minagro.kz порталының дұрыс жұмыс істемеуінде жатса керек.  Бұл жөнінде жақында Қостанай  облысы кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.

«Субсидияға электронды өтініш беру кроссворд ойыны сияқты. Кім кездейсоқ шешсе сол субсидияға қол жеткізеді, кім шеше   алмаса түксіз қалады» деді кеңес отырысында келген Федоров ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі  Юрий Малышко. Ол әңгіме  кәсіпкердің сервиспен жұмыс істей алмайтындығында емес, minagro.kz порталының  дұрыс жұмыс істемейтіндігінде екендігін айтты.

 «Кәсіпкерлердің мәліметінше, жер телімі 300 гектар болса, ол  жер кадастры мәліметтері базасында 0,2 гектар деп көрсетіледі. Бұл базада жер телімінің бір бөлегі көрсетілмей қалады. Сондай-ақ 2003 жылға дейін мемлекеттік жер актысын географиялық координатын бекітпей, шекарасын белгілемей берген» деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының эксперті Теңіз Қабақов. Сондықтан аудандық әкімдіктер кәсіпкерлерге жер телімі туралы жаңа үлгідегі акт алуды ұсынады. Жер кадастры департаменті талап етіп отырған жерге орналастыру жобасы кәсіпкерлерге 80000 теңгеге түседі.

«Аудан әкімдері шаруа қожалықтарын біріктіріп, шаруашылықтарды ірілендіруде көп жұмыс істеді. Федоров ауданында 300 шаруашылықтан қазір   қазір 70-і қалды. Қазір сол 70 шаруашылықтың барлығы да  кереғар қиыншылықпен бетбе-бет келіп отыр. Олардың барлығы   да БИН бойынша  арызын өткізе алмай жүр» деді Малышко.

 Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі облыстық кеңестің төрағасы Владимир Шакун жергілікті жерде қалыптасып отырған жағдайды Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және өзге де мүдделі құрылымдарға  жеткізуді ұсынды. Сонымен қатар жер актісін өзгерту ісін саралау үшін  оны Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық департаментіне жіберуді ұйғарды.

«Бұл жағдайды кәсіпкерлердің проблемалық мәселелері тізіміне енгізетін боламыз» деп кеңесті тұжырымдады Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай