• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Мамыр, 2018

Дәурен Нұралинов «Қазақстан Барысына» қатысады

546 рет
көрсетілді

Алатау бөктеріндегі әсем шаһарда орналасқан Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Алматы Барысы» турнирі өтті. Осы жарыс барысында әр ауданның үздіктері өзара күш сынасып, жазда жалауы желбірейтін жылдың басты додасына қатысуға мүмкіндік беретін қос жолдаманы сарапқа салды.

Ұлттық өнерімізді ұлықтайтын шараны тамашалау үшін әр жылдары халықаралық аренада ел спортының абыройын асқақтатып, мемлекетіміздің мақтанышына айналған азаматтар көптеп келді. Ал боз кілемдегі бәсекелерге келетін болсақ, ақтық сында күш сынасу құрметіне бөленген қос балуанның өзгелерден шоқтығы биік тұрғаны бірден аңғарылды. Барлық қарсыластарын қапы қалдырған Руслан Әбдіразақов пен Дәурен Нұралинов бас жүлде үшін таласты.

Жанкүйерлер де, мамандар да бұл бәсекенің фавориті ретінде Медеу ауданы өкілінің есімін атады. Әрине оған таңдануға болмас. Себебі Әбдіразақов қазақ күресінен өткен талай дүбірлі додаларда дара шыққан. «Әлем Барысы», «Еуразия Барысы» турнирлерінде асқан шеберлік танытып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Қазақстан Барысы» бәсекесінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әлем чемпионы деген атағы тағы бар. Оның үстіне, былтырғы осы жарыстың финалында Руслан Дәуренді ұтқан болатын. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды. Түркісіб ауданының атынан шыққан Дәурен Нұралинов айтулы жарысқа керемет даярлықпен келген екен. Шешуші тұста өзінен бойы да ұзын, салмағы да бақандай 10 килоға ауыр сақа спортшыны сан соқтырып кетті (Әбдіразақовтың салмағы – 132 кило, Нұралиновтің салмағы – 122 кило – ред.).

Осылайша, Дәурен Нұралинов «Алматы Барысы» атанып, бас жүлдеге тігілген «Лада Приора» көлігін тізгіндеді. Күміс жүлдегер Руслан Әбдіразақовқа 300 мың теңге бұйырды. Ал қола медальді иеленген Алатау ауданының өкілі Елдар Нәсиев 100 мың теңгені қалтаға басты.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ